altynsarin
amangeldy
auliekol
denisov
jangeldin
jitiqara
qamysty
qarabalyq1
qarasu
mailin
mendiqara
miras
naurzum
sarykol
tobyl
uzunkol
fedorov
arqalyq
lisakov
rudny
Портал туралыОрталық туралыХалықтық ұжымдарМҰ сайттарыСұхбатГалереяШабыт қанатындаБіз БАҚ-таСұрақ-жауап
ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢМӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРІНІҢАҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ
Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының
Русский
№1 Қазақстанда
ДК нұсқасы
QOSTANAI TAŃY: Төл өнер төрге озған күн: Әсия Әйіпқызы мерейтойына арналған айтысқа шолу
01.12.2025
212
0
Қадірлі Халық ақыны Әсия Беркенованың 75 жас мерейтойына арналып «Айдын жырдың аққуы» атты республикалық айтыс өткенін бұған дейін де жаздық. Бүгін осы бір дүлдүлдер додасына кеңірек тоқталғымыз келіп отыр. Айтыстың барысы, ақындардың шабысы, көркем жыр, кестелі өлеңдеріне мүмкіндігімізше шолу жасап көрейік.  
 
Аламанда Айбек Қалиев (Қостанай), Нұрлан Есенқұлов (Түркістан), Мұхтар Ниязов, Мейірбек Сұлтанхан, Бексұлтан Орынбасаров (Қызылорда), Әсем Ереже (Абай), Жансая Мусина (БҚО), Жұлдыз Қожабекова, Нұрбол Жауынбаев (Ақтөбе), Мұхтар Қонарбаев (Жамбыл), Өміржан Көпбосынов (Ұлытау), Тілеген Әділов (Қарағанды) сөз сайыстырды.
 
Сахнаға бірінші болып қызылордалық жас тұлпар Бексұлтан Орынбасаров пен ақтөбелік ақын Нұрбол Жауынбаев жұбы шықты. Екеуі де ел назарына енді ілігіп, дарынымен өнерсүйер жұртты тамсандырып жүрген жүйріктер. Сөз саптау, ой баптауы мығым, өлеңдері шымыр екен. Айтысты бастаған Бексұлтан Сырдың жыраулық мақамымен ел құлағын елең еткізді. Сазы мен сөзі үйлесім тапқан ақынның ерек ізденісі аңғарылды.
 
«…Туған жер тойын жасап беріп жатса,
 
Ендеше артық сауал қойып нетем?
 
«Айтысты барлық жерге тықпалайды»
 
деген сөз пиар ма екен, хайп па екен?
 
Мен солай айтқандарды түсінбеймін,
 
Жақсының атын жаман жойып па екен?
 
Жетпістің бесеуіне кеп тұрғанда
 
Әйіпқызын құрметтеу айып па екен?» – деп өлең бастады ол. Қарсыласы да мерейтой иесі мен мерейлі жұрттың көңіліне жағатын мәнді, дәмді сөз айтты. Өңір халқына иіліп сәлем бере келе:
 
«Қазақтың екі бірдей Халық ақыны
 
Мына сенде өмірге келіп еді.
 
Соның бірі – Әсия Беркенова,
 
Той жасаған Қостанай төңірегі.
 
Екіншісі өмірден ерте кеткен
 
Кешегі Қонысбайдай серің еді.
 
…Әсия мен Қонысбай деген маған
 
Тобыл мен Торғай сынды көрінеді», – деп ой түйді Нұрбол. «Әулиекөлдің ел-жұрты әулие екен, Сұлукөлден шығарған сұлу ақын» немесе «Барлық ақын баласы бір ананың, сол анамыз Әсия шығар бәлкім» деген жолдарын да халық тәнтілікпен қабылдады. Одан ары замандастар бір-бірін әзіл-қалжыңға тарта отырып, әлеуметтің көкейіндегі әртүрлі түйткілді қозғады. Мәселен, «құдалық-той жағалап не істеп жүрсің?» деп сұраған қарсыласына Нұрбол аз жалақының орнын толтыруға мәжбүр екенін айта келіп, қоғамдағы жұмыссыздық жайын, табыс іздеп шекара асып жатқан жастар мәселесін жақсылап жеткізді.
 
«Адамдар жұмыс таппай көше берсе,
 
Жұмысқа қаламыз-ау адам таппай», – дегені есте қалды. Мұның баласына Міржақып деп ат қоюы да көп әңгімеге ұласып, қазақы есімдердің азайып бара жатқаны да әжептәуір жыр болды. Бексұлтан марғасқа жырауларша төкпелетсе, Нұрбол айтыстың басты мәні әуеннен гөрі сөзде екенін дәлелдеп, өрнекті өлең құрады. Бізге Нұрбол бір бас жоғарыдай көрінген еді. Бірақ бір ұпай айырмасымен жеңіс қызылордалыққа берілді.
 
Екінші жұпты да халық ерекше қошеметпен қарсы алды. Әсіресе елдің Жансая Мусинаға деген сүйіспеншілігі айырықша екенін байқадық. Аты аталғанда зал іші шулап кетті. Тіпті қасымызға келіп жайғасқан бір бауырымыз айтысты Мусина үшін ғана көруге келгенін жасырмай айтты. Ақын үшін бұдан асқан мәртебе бар ма? Жайықтың Жансаясының қарсыласы – шымкенттік Нұрлан Есенқұлов. Ол да Тобыл-Торғай жұртына жақсы таныс. Анау жылдары Амангелді тойында темір тұлпар тақымдап кеткені бар. «Ең қызық айтыс осы болар» деп елеңдестік. Ел болып күткен үмітіміз ақталды.
 
«Оңтүстік жұртшылығы сәлем айтты
 
«Жар болсын жаратушы иеміз» деп.
 
«Аяулы Әселханды қалай сүйсек,
 
Әсияны дәл солай сүйеміз» деп, – Есенқұлов осылай деп есендесіп алып, қарсыласына бірден сықағын бағыттады:
 
«…Тобылдың жағасына келген кезде
 
Жайықтың Жансаясы жолықты ғой.
 
Ең сұлуы менікі болмаса да,
 
Ең бұзығы менікі болыпты ғой».
 
Ол осында төрт жыл бұрын өткен айтысты ел есіне салды. Ыбырай мерейтойына арналған дода еді. Сонда Жансая құрдасы «көп нәрсеге көңілі толмай, бабын таппаған қызметшілерді бір шыбықпен айдап, дау-шар жасап кеткен» екен. Осы тектес пікірін әлеужеліде Жансаяның өзі де жазғаны жадымызда. Нұрлан соны бетке басып:
 
«Бұл жолы ынтымақ пен ырысты айтшы,
 
Туған ел мен тілеулес туысты айтшы.
 
Астықтың астанасы Қостанайда
 
Бірлік пен бітіп жатқан жұмысты айтшы.
 
Әсия апамыздай алтынды айтшы,
 
Кешегі Қонысбайдай күмісті айтшы.
 
Ақылың бар қызсың ғой, айналайын,
 
Бөкейдің ордасына дұрыс қайтшы.
 
Атамыздың тойында шулатып ең,
 
Апамыздың тойынан дұрыс қайтшы», – деп елді күлкіге қарық қылды. Шорабектің әйгілі мақамына түсіп, Жансая да әп дегеннен қарымтасын берді:
 
«Жындылау, бұзық дей ме дара қызға,
 
Әй, Нұрлан, қарап сөйле шамаңызға.
 
Шулатып кеттің деген Қостанайды,
 
Әр сөздің келіп отыр бәрі аңызға.
 
«Айтысты дұрыс жаса» дегенім рас
 
Биікте жүретін бір ағамызға.
 
…«Мінезді ақындарды сүйемін» деп,
 
Сүйсініп бетке айтатын бағамызды,
 
Шақырған Әсия апам өзі емес пе
 
«Сән қосып қайтшы, — деп, — бұл шарамызға». Бұл да жұп болып түскен құрдасын жақтырмаған кейіпте «Есептеп отыратын әр адымды, шымкентский саудагерге салыпты ғой» деп, Нұрланға нарау қарап қойды. «Ұлы «Алтын домбыра» алып келіп, қызы «Барыс» орденімен ардақталған» алқа-қотан ағайынға тәтті лебізін тақпақтап беруді де ұмытпады. Жалпы, айтыстың өне-бойы қалжың-қағытпадан құралды деуге әбден болады. Жансая «сақалы мен шапаны жоқ Шорабек» атанса, Нұрлан «бір жағына қисайып тұратын сары банан» болып шыға келді. Бірінің уәжі бірінікінен асып түсіп, әзілдесуден бір-біріне дес бермеді. Тұсында әр сөзі алтыннан қадірлі болған, айтыста аузынан шыққан сын-өлеңі жерге түспей орындалған, сонысымен ел алғысына кенелген Әсия апаның ақындық қайраткерлігін дерек қосып тұрып жырлады ақындар. «Әсия апамыздың бір сөзі үшін станция атауын ауыстырған» деп толғады олар. Не керек, көрерменнің көңілін көтерген сөз сайысы осы болды. «Жансаямен өткізген жарты сағат – жаманның өтіп кеткен өміріндей» деп сөз түйіндеген Нұрлан ақыннан оралдық құрдасы басым түсті.
 
Бұдан соң Мейірбек Сұлтанхан мен Тілеген Әділов кезегін алды. Аламан атаулыда арқырап шауып, жарқырап көзге түсетін Мейірбектен көп дүние күттік. «Күркіреп сөйлейтұғын сәт келгенде күмілжіп отырудан сақта, құдай» деп шешіле кеткен өлең шебері жыр-жарысты екпінді бастады. Айтыстың арқауы болып отырған Әсия апасын әспеттеуге әсем сөздер құрапты:
 
«Бір үйдің жалғыз қызы айналды енді
 
бір елдің жалғыз Халық ақынына»;
 
«75 – құжаттағы цифр ғана,
 
Апатай, құтты болсын 25-ің»…
 
Одан соң әрі ақын, әрі саятшы, мерген аңшы Тілеген жездесінің «қос ауыз мылтығына Қостанайда қарсы келіп тұрғанын» айтып, келістіре мақтап, ілтипатпен кезегін ұсынды.
 
«Ассалаумағалейкум, Қостанайым,
 
Өзіңнен талай ақын сый көп көрген.
 
Шапалақпен тілімнің түйінін шеш,
 
Таңдайдан сөз төгілсін түйдектелген», – деп, дүйім көптің делебесін қоздырды Тілеген ақын. Ол да мерейтой иесін лебізге шомылдырып, «өлеңінің гүл-шоқтарын шашу қылып шашты». Балдызына ықылас танытып, «Алтын домбыра» айтысында Айбек ағасына иіліп жолын берген ақжолтайлығын ағайынға паш етті. «Апамның тойына аңшы-мерген қандай сыйлық алып келді екен?» деген Мейірбектің сұрағына: «Жүрегімнің түбінде құндыздан құны қымбат өлеңім бар», — деп жауап берген. Ол жауап балдызды қанағаттандыра қоймады:
 
«Сыралғы сұрап едік сізден бүгін,
 
«Сыйлығым жырым, — дедің, — мәрмәр, көркем».
 
Өлең алып келдік қой барлығымыз,
 
Ондай жауап халықты алдаумен тең.
 
Негізі, сыйлық берген дұрыс болар,
 
Апамыздың кешіне барғанда ертең.
 
Өлеңге таңғала ма Тобыл-Торғай,
 
Талантының биігі таулармен тең.
 
Ақынның тойына өлең ап келдім деу –
 
Орманға отын алып барғанмен тең», – деп қатырды Мейірбек. «Айтыс шарты армансыз айқасу ғой» дей келіп, жездесін біраз қағытып көрді. «Айбекке жол берді деп, өзіңе де жол сұрап отырсың ба?» дегенді айтып, айтыс бітісімен елге аттанғалы отырған Тілегенге мысқыл айтты. Ол ерте кететіні жөнінде апамыздан рұқсат сұраса керек. Мейірбек осыны жымдастыра келіп: «Арқаңа аман-есен жетіп алшы, Бергенова апамыз берген жолмен», — деп қайырды. Жинақтай айтқанда, салыстырмалы түрде, қызылордалық ақынның бәсі мен десі басымдау болғаны рас. Қазылар да солай баға көтерді. Әйтсе де Мейірбек осы жолы толық қуатын көрсете алмаған сияқты сезілді.
 
Төртінші жұп – ұлытаулық Өміржан Көпбосынов пен ақтөбелік Жұлдыз Қожабекова. Екеуі қыз бен жігіт айтысын әдемі алып шықты деуге болады. Шама-шарықтарынша тақырыпты да көсіле жырлады. Өңір тарихын зерделеп, әжептәуір ізденгендерін де құраған өлеңдерінен анық аңғардық. Өміржан Тобыл-Торғайда туған ұлыларды қосақтап тізбектей келіп:
 
«Қостанай, ұлтымыздың тұлғаларын
 
Қос-қостан тудыратын сен ғанасың!» — деп мадақ жыр айтты. Жұлдызбен жұп болғанын ғанибетке балап, есімінен «әскери шен» құрастырып:
 
«Иығыма бір Жұлдыз сығырайып,
 
Бақытым бүгін енді баяу күлді…
 
Әскерде екі жылда сенжант боп ем,
 
Әсия апам бір күнде майор қылды», – деп бір қисынын келтірді. Жұлдыздың да қайырған жауаптары жүйелі әрі мығым. Сан жігітті сахнада сан соқтырып кетіп жүрген ақын қыз осы жолы да тамаша өнер өрнегін көрсете білді. Айтыс айналасында жүрген бұрымдылардың деңгейі өсе түскеніне, Әсия апаларымыздың ізін абыроймен жалғап жүрген дарынды арулардың қатары аз емес екеніне тағы да көзіміз жетті…
 
Көрермен тағатсыз күткен ақындардың бірі Мұхтар Ниязов десек, қателесе қоймаспыз. Биыл ғана Торғайда Жақаңа арналған айтыста бас жүлде алып, темір тұлпар тізгіндегенін ел ұмыта қойған жоқ. Тосқын білмес топан жырлы ақын бұл жолы да «қолтық сөгіте» шапты. Әрнеден қызықты өлең құрап шығатын Мұхтардың:
 
«Айдын жырдың аққуы» деп атапты,
 
Ал бұған кімнің қандай таласы бар?
 
Құстарды зерттейтін ғылымның бір
 
Орнитология деген саласы бар…
 
Аққулардың ең ұзақ жасайтыны
 
40 жастай ғана сүріп аласұрар.
 
Әлемде 75-ке келген аққу
 
Әзірге осы Әсия ғана шығар», — деген сияқты жолдары езуге еріксіз күлкі жидырады. Президент қолынан алған марапаты туралы:
 
«Алланың қалауымен өткен жолы
 
Үшінші дәрежелі «Барысты» алдың.
 
Осының бәрі – арқасы үйіңдегі
 
Бірінші дәрежелі арыстанның», — деуі немесе туған жері Әулиекөл, Сұлукөл туралы баяндай келіп:
 
«Қандай әулие екеніңді кім біледі,
 
Қандай сұлу екенің бізге мәлім», – деуі көрермен қошеметіне бөленіп жатты.
 
Бірақ оның қарсыласы Нұрбол Жауынбаев әлдеқайда тегеурінді жас екен. Айтар ойы анық, қисыны тастай, ұйқасы шымыр, жегізіп-жегізіп жеткізуі де ерекше. Тіс қаққан ағасына дес бере қойған жоқ, «ә» десе, «мә» деп, түйдек-түйдек жырларын бұрқыратып, көптің ықыласын жаулап алды. Әсия апасы туралы:
 
«…Жырынан қуат алып талай жандар,
 
Қайтадан тамырына жалғаныпты.
 
Қазақша сөйлей бастап қаракөздер,
 
Жарық айдай жаңғырып, жанданыпты.
 
«Екінші сортты ұлпыз» деп жүргендер
 
«Мен қазақпын!» деп қайта паңданыпты.
 
Аз қазақтың ішінен шыққан қызың
 
Көп қазақтың ойына шам жағыпты», – деген сияқты шумақтарды үсті-үстіне төпелетті. Ал ағасына қаратып:
 
«Көк аспанға қол созған інің едім,
 
Тау ұлына қызықпас қыр баласы.
 
Өзіңдей өнер деген көшке ілестім,
 
Биікте мен үшін де жыр бағасы.
 
Соңыңнан Нұрбол інің көріне ме,
 
Айтыстың биігінен бір қарашы», – деп қомданды.
 
«Сөзінен түсінгенім, сонда маған
 
«Артыңа қарап жүрсей» деп отыр ма?»
 
және
 
«Алжитын жасқа келген жоқпын әлі
 
Көрінбейтін адамға сөйлейтіндей», — деп, әзілге бұрып әкетті Мұхтар. Қысқасы, бұл жұптың да айтысы әзіл-күлкіге, сәтті сөз, тәтті ой, тұшымды өлеңге толы болды. Қазылар екеуіне де толық ұпайдан берді.
 
Алғашқы айналымның соңғы жұбы болып ақтаңгер ақын Айбек Қалиев пен Абай елінің үкілі үміті Әсем Ережеқызы шықты. Лық толы зал жақында ғана «Алтын домбыра» иегері атанған ардақты ұлын қиқулап қарсы алып, ұзақ уақыт шапалақ соқты. «Қонысбай мен Әсияның сарқытын сорпалаған шәкірт» бірінші болып сөз алды. Ел-жұртпен есендесіп алған соң:
 
«Сөйлеуге тіл де дайын, жақ та дайын,
 
Назарды Әсем қызға сап қарайын.
 
Тобылға Тобықтының қызы келді,
 
Биязы, көңілі таза мақтадайын», – дей келіп, Айекең бір қызыққа халық назарын бұрдырды. Ол тұрмыс құрмаған Әсемді қостанайлық ақын, бойдақ інісі Абылай Маудановқа қосқысы келетінін жария етті.
 
«Күндіз ой, түнде түстен кетпей жүрген
 
Әсемге арманымды ақтарайын.
 
Сүрбойдақ, оқу өткен бір інім бар,
 
Демейтін «отау құрып, бақ табайын».
 
Айтпақшы, ол да өзіңдей кітап жазғыш,
 
Мінезіне азды-кем тоқталайын.
 
Өзі ақын, сатирик, драматург,
 
«Әмбебап әдебиетші» атқа дайын.
 
«Апыр-ай, Абылайды үйлендір» деп,
 
Сыйынып дұға қылдым Хаққа дәйім.
 
Бірақ оған «мәу» дейтін Мауданов жоқ,
 
Жағдайы жанға батты қатты, ағайын.
 
Әсем қызда кінә жоқ, Қостанайға
 
Осымен алтыншы рет кепті, ағайын.
 
Мың салса, бір баспайтын біздің ұл да
 
Демейді-ау «қызға бір сөз сап қалайын».
 
Әсия апамыздың тойын жалғап,
 
Жағайық екі жастың бақ-талайын…» – деп бірден «шаруаға» кірісті. Әсем де жұлып алғандай қолма-қол жауабын берді.
 
«…Үш жүздің Абылайлар басын қосып,
 
Жүрегін бар қазақтың жаулай білген.
 
Ал сіздің Абылайлар біртүрлі ғой,
 
Бір басын екеу қыла алмай жүрген.
 
Үш жүздің басын қосу былай тұрсын,
 
Бір қыздың тілін таба алмай жүрген.
 
Әйтеуір біздің жақта еш кінә жоқ,
 
Айтысқа келіп жүрмін қалмай мүлдем.
 
Жөн шығар бір жағынан алмағаны,
 
Біреудің үйінде ұйықтай алмаймын мен», – деп бір қайырып алып, мұндай қолқаны Амангелдідегі айтыста Тоба Өтепбаевтың салғанын, одан да Әбекеңнің «еш нәтиже шығармағанын» алға тартты.
 
«Былтыр Амангелдіге барған кезде,
 
Қай жақтан идеяны тапқан ондай,
 
Гүл беріп жіберіпті бір молдадан,
 
Жұмсайтын басқа ешкім таппағандай.
 
Ол өзі гүл секілді гүл де емес,
 
Қуанып ештеңе жоқ шаттанардай.
 
Құтыға отырғызған кактус екен,
 
Басыма деп ойлап ем бақ қонардай.
 
Өзіне өз обалы Абылайдың
 
Отырған келген қызды ап қала алмай.
 
Шын жігіт болса, өзі сөз салмай ма,
 
Алдында мынау елдің ұятқа қалмай», – деген уәжін білдірді Әсем қыз. «Абылай кетәрі болмаса, жігітіңнен қашатын мен емес» деп те ашығын айтты. Осында келген сайын бірде Тобаның, бірде Айекеңнің Абылайға қосатынынан «мезі» болған Әсем «Қостанайдың айтысын қос ақының «Қосылайық» қылып бітті» дегенді де қоса кетті. Жалпы, айтыс жүйесі осы тақырып айналасында өрбіп, бас-аяғы бар «хикаяға» ұласқандай. «Абылай мәселесі» арқылы ажырасу, отбасы құндылығының төмендеуі секілді қоғамдағы өзекті проблемалар да жанама тілге тиек болды. «Соңғы қалай аяқталар екен?» деп анталаған ағайын «екі жастың» мәселесінің бір келеге келуін күткендей-ді. Әсем ақыр соңында «қалың малды бүгін берсеңіздер, қалуға дайынмын» дегенді айтты. Бұл, әрине, бас жүлдені меңзегені ғой. Айекең де семейлік қарындасқа құрметін сездіріп, «апамның тойы – біздің той, қызметінде жүрсек те жетеді» дей келіп, Әсемге жолын берді. Бас бәйгені иеленуіне тілектестігін білдірді. Есте қаларлықтай тамаша айтыс болды.
 
Сонымен, аламанның ақырғы айналымына Әсем, Жансая, Нұрбол және Мейірбек жолдама алды. Бірақ Мейірбек інілік ізетпен ұстазы Мұхтар Ниязовқа жолын ұсынды. Осыдан соң қазылар Жайықтың Жансаясын Мұхтармен, Әсемді Нұрболмен жұптады. Финалдық бәсекені шумақтап мысал етсек, ұзаңқырап кететін сыңайлымыз. Бастысы, іріктеліп шыққан үздіктер түйінге лайық өнер көрсетті. Шапқан сайын шабыты шарықтай түсетін шын жүйріктерше қарқындай түсті ақындар. Шартпа-шұртқа, суырыпсалмаға келгенде шеберліктерін танытты. Сілтідей тынып отырған қара орман елге көңілді шоу, рухани тоят сыйлады.
 
Ал енді қорытындысы туралы ақпаратты газетімізде бұған дейін де жаздық. Қайталай кеткеннің де айыбы жоқ, Бас жүлде семейлік Әсем Ережеқызына бұйырып, «қалың мал» құнымен қоржынын майлады. 1-орынға ақтөбелік жас жолбарыс Нұрбол Жауынбаев лайықты деп танылды. Мұхтар мен Жансая 2-орынды, Нұрлан Есенқұлов пен Мейірбек Сұлтанхан 3-орынды бөлісті. Қалған ақындар арнаулы жүлдені қанағат тұтты. Бұл аламанды айтысқа шөлдеп қалған ағайынның мейірін мелдектетіп, жан сарайын жарқыратқан керемет кеш, мерейлі мереке болды деп айта аламыз...
 
QOSTANAI TAŃY
Ж.Балғынбекұлы
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
ПІКІРЛЕР (0)
ЖІБЕРУ
МӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРІНІҢ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
Бөлімге өту >>
27.01.2026
Қостанай қ. дом культуры
🎶 «Сағыныш сазы» – еске алу кеші 🎶
23.01.2026
Қостанай қ. дом культуры
23 қаңтар күні сағат 18:30-да «Мирас» Қалалық мәдениет сарайында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Евсюков Александр Сергеевичтің жетекшілігімен муниципалдық «Big Band» оркестрінің есептік концерті өтті
23.01.2026
Мәдениет үйі дом культуры
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау нәтижелерін жария талқылауды жүргізу туралы
16.01.2026
Амангелді дом культуры
Амангелді ауданының 98 жылдығына орай өткен «Әнім саған, туған жер» атты концерттік бағдарлама
14.01.2026
Қостанай ауданы дом культуры
"Алтын микрофон-2025" халықаралық байқауы
14.01.2026
Қостанай ауданы дом культуры
Жаңа жылдық түнгі серуен – 2026
14.01.2026
Қостанай ауданы дом культуры
"Жаңа жылдық ғажайыптар палитрасы-2026" жаңа жылдық интерактивті қойылымы.
14.01.2026
Қостанай ауданы дом культуры
Қазақстан Республикасы күніне арналған «Асқақтай бер, жайнай бер – Қазақстан!» атты салтанатты іс-шара
14.01.2026
Қостанай ауданы дом культуры
«Ұрпаққа ұлы аманат» атты V аудандық ардагерлер шығармашылығы фестивалі
14.01.2026
Қостанай ауданы дом культуры
Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шара
14.01.2026
Қостанай ауданы дом культуры
субұрқағының салтанатты ашылуы
14.01.2026
Қостанай ауданы дом культуры
Мемлекеттік қызметшісі күніне арналған салтанатты іс-шара
14.01.2026
Қостанай ауданы дом культуры
14.01.2026
Қостанай ауданы дом культуры
Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты шара
14.01.2026
Қостанай ауданы дом культуры
«Тобыл-Торғай - тұңғыштардың мекені» атты облыстық оқушылар айтысы
14.01.2026
Қостанай ауданы дом культуры
22 наурызда «Алтын дән» аудандық мәдениет үйінің алаңында Наурыз мерекесіне арналған дүркіреген халықтық мейрам өтті!
14.01.2026
Қостанай қ. дом культуры
«Сағыныш сазы» атты Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ҚР композиторлар одағының мүшесі, ҚР халық ағарту ісінің озық қызметкері, Қостанай қаласының және Аманкелді ауданының құрметті азаматы, әнші-композитор  Қалибек Деріпсалдинді еске алу кеші
14.01.2026
Қостанай ауданы дом культуры
«Жаркөл сазы» облыстық жетігеншілер байқауы
14.01.2026
Қостанай ауданы дом культуры
«Надежда» халықтық би ұжымы Қостанай қаласында өткен Республикалық «Импульс» көпжанрлық байқауына қатысты
14.01.2026
Қостанай ауданы дом культуры
Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауғанстаннан шығарылғанына 36 жыл толуына орай салтанатты концерт
ӨЗГЕ ЖАҢАЛЫҚТАР
МӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРІНІҢ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
🎶 «Сағыныш сазы» – еске алу кеші 🎶
Автор: Қостанай қ. дом культуры
27.01.2026
"Алтын микрофон-2025" халықаралық байқауы
Автор: Қостанай ауданы дом культуры
14.01.2026
Жаңа жылдық түнгі серуен – 2026
Автор: Қостанай ауданы дом культуры
14.01.2026
субұрқағының салтанатты ашылуы
Автор: Қостанай ауданы дом культуры
14.01.2026
Мемлекеттік қызметшісі күніне арналған салтанатты іс-шара
Автор: Қостанай ауданы дом культуры
14.01.2026
Автор: Қостанай ауданы дом культуры
14.01.2026
Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты шара
Автор: Қостанай ауданы дом культуры
14.01.2026
«Жаркөл сазы» облыстық жетігеншілер байқауы
Автор: Қостанай ауданы дом культуры
14.01.2026
Байланыс ақпараттары:
Қостанай облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының «Облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығы» КМҚК
Заңды мекен-жайы:
110000, Қазақстан Республикасы, Қостанай қаласы,
Лермонтов көшесі, 15
Деректемелер:
БСН 990340002744
ЖСК KZ8594807KZT22031664
«Еуразиялық банк» АҚ
БСК EURIKZKA
Байланыс:
+7 (7142) 562-428
+
Сообщение сайта
+
Заказ обратного звонка
ОТПРАВИТЬ
+
Рұқсат
Кіру