Қостанайда күйші-композитор Айтбай Мұздаханұлының 85 жылдық мерейтойына арналған «ЕЛІМ – АЙ» атты шығармашылық кеш өтті

Ұлттық өнерді ұлықтаған тағылымды шараға зиялы қауым өкілдері, өнер қайраткерлері мен күйшінің өнер жолын құрметтейтін көрермендер қатысты.
Іс-шараға келген қонақтарды Ахмет Байтұрсынұлы атындағы университеттің музыка факультеті студенттері домбырамен күмбірлете күй тартып, салтанатты түрде қарсы алды. Сонымен қатар облыстық тарихи-өлкетану музейі күйші-композитордың өмірі мен шығармашылығына арналған, оның өнер жолы мен мол мұрасынан сыр шертетін көрме ұсынды.
Мерейтой иесін облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов құттықтап, өнер иесіне облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың мемлекеттік награда – «Құрмет» орденін табыстағанын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың құттықтау хатын оқып, ізгі тілегін жеткізді.
Күйші-композитордың шығармашылық қоржынында 50-ге жуық ән мен 60-тан астам күй бар. Оның туындылары туған жерге деген сүйіспеншілікті, ел тарихы мен халықтың тағдырын әуен тілімен жеткізетін құнды рухани мұра.
Мерейтой иесін ардагерлер ұйымы РҚБ орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, генерал-лейтенант Абай Тасболатов пен жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әбутәліп Әбдіқалықов құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Кештің шымылдығы композитордың «Елім менің» музыкалық дастанының «Қазақ елі» бөлімін орындаған Назымбек Молдахметов атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің өнерімен ашылды. Көрермен назарына «Нұраға», «37-ші жыл», «Балалы киік», «Көкейкесті», «Айтбайдың сарыны» сынды күйлері ұсынылды. Сонымен қатар бірнеше әндері орындалды.





























