altynsarin
amangeldy
auliekol
denisov
jangeldin
jitiqara
qamysty
qarabalyq1
qarasu
mailin
mendiqara
miras
naurzum
sarykol
tobyl
uzunkol
fedorov
arqalyq
lisakov
rudny
Bizdiń MindetimizOrtalyq tỳralyQostanaı oblysynyń Halyqtyq (Úlgili) ujymdaryQostanai oblysynyń MÚ saittarySuhbatFoto men beine galereiasy«Shabyt qanatynda» jýrnalyQostanaı obl.metsenattar klýbynyń laýreattaryBiz BAQ-taSuraq-jaýap
QOSTANAI OBLYSYNYŃMÁDENIET ÚILERINIŃAQPARATTYQ PORTALY
Qostanaı oblysy ákimdiginiń mádenıet basqarmasynyń
№1 Qazaqstanda
DK nusqasy
ЖАЗБА АЙТЫС: Батырлан мен Нұрдәулет
11.12.2020
1452
0
Теги: Айтыс
Қостанай облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы мен облыстық "Қостанай таңы" газеті Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырған "Мен бір жұмбақ адаммын..." республикалық жазба айтысының алғашқы айналымы аяқталуға таяу қалды. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының дарынды ақыны Нұрдәулет Ғалымжанұлы мен Арқалықтың азулысы Батырлан Сағынтаев жыр-жарысқа түседі. Екеуі де респуликалық, облыстық сайыстардың сахнасынан сан мәрте қанжыға майлап қайтқан өнерпаздар. Жолдары жазба айтыста түйіскен ақындар тартымды өлең өріп, татымды ой айта алған секілді. Қанекей, зер салып көрейік!

 


 
Нұрдәулет:
Оқырман, жалынды жыр оқуға кел,
Оқығанды көңілге тоқуға кел.
Жазба өнер мен айтыстың басын қосты,
«Қостанай таңы» жасап көпірді әуел.
Бусанған жүйріктерің бабында тұр,
Бусаңдар жазба айтысты оқуға бел.
Тоқпақ жалды торы айғыр тоқтау білмес,
Тілімде ұшқын, жүректе отым дәлел.
Ассалаумағалейкум, сәлем бердім,
Талғамы таудан биік оқырман ел.
Сөздің майын тамызған шайырларға,
Көздің майын тауысып отырған ел.

Асыл сөзге қашанда ері жаршы,
Жаршысына бола алмас елі қарсы.
Әуелі Алла, содан соң халық қана,
Ақынды қылып қоймас тек ұраншы.
Оқырманның қарасы көбейсе екен,
Серінің де болғандай серігі әнші.
Желідегі жұрт қолдап отырғанда,
Асығым түседі әлі менің алшы.
Жүйрік атқа жел қамшы болса егерде,
Жүйрік сөзге болсыншы желі қамшы.

Ерлері сақтай білсе ел бірлігін,
Елі де биіктетер ердің құнын.
Армысың, Батырландай ақын ағам,
Келісті сөз айтам деп келдің бүгін.
Үлкен деп құрметтейін өзіңізді,
Көңілдің қаламаймын мен кірбіңін.
Керілген сайын бірақ кері кетпей,
Керімдей асыл сөздің тергін гүлін.
Тұлдыр сөздің тұтқыны болып қалмай,
Тұлпардың таныт бүгін ең дүлдүлін.
Өз ұлым деп үмітін артып саған,
Қостанайың беріп тұр төрдің бірін.
Шам жарығы түбіне түспейді деп,
Шаң жұтқанның жасама сен қырғынын.
Арқалықтың арқалы ақынысың,
Арқалап шығып тұрған елдің жүгін.

Жасыңнан татсаң өнер, білім сөлін,
Қанбайды қартайғанша ғұмыр шөлің.
Жыл сайын өтіп жүрген осы айтыстың,
Тағы да үрлеп жатырмыз бүгін шоғын.
Екі айтыс жасалыпты екі жылда,
Қопарсақ тамыры мен түбін соның.
Бауырым, сен бәріне қатысқанмен,
Бәйгенің көре алмапсың дүбір соңын.
Екіленіп шыққанда әрқайсынан,
Екінші орын болыпты мұңың, сорың.
Қырық жылғы тақырға шөп шықпайды,
Жалғаған сахараның құмын, шөлін.
Ақ жүрек, адал ағам, сен аман бол,
Әлі күн аша алмаған сырын соның.
Екі тізгін, бір шылбыр ұстап шығып,
Екінші орын алудан бірінші орын.

Батырлан:
Қағазға хаттап жазып жыр тарауын,
Қозғасақ ғасырлардың қымтағанын,
Құйылып ақиқаттың сиясымен,
Қолымда жорғалаған тұр қаламым.
Қалың ел, қаймана жұрт, аманбысың,
Қолдаған ақындардың дүр талабын.
Тағылым болып қалсын жазылған сөз,
Таралып елге жаршы үн парағың.
Қалайсың, Нұрдәулеттей ақын інім,
Қайырлы болсын жырға бұл қадамың.
Қарымын қаламыңның бір танытып,
Қадірін қара өлеңнің біл, қарағым.
Қазақтың жоғын жырмен түгенделік,
Қалаушы ек екеуміз де жұрт аманын.
Жырменен қайта жазып шығалық біз,
Жыртылған жылнама-күн бір парағын.

Айтпасаң ақиқатты өледі іште,
Аңламай салдың бірақ неге күшке.
Айналған дәстүріне басылымның,
Айтыста түстік талай ерегіске.
Алғашқы жолы алдым екінші орын,
Ағамен таласуым кемел іс пе?!
Екінші жылы тағы екіні алсам,
Төмендеп түспегенім демек үшке.
Орынсыз осы жайлы сөз қылғаның,
Орынға бос таласу керек іс пе?
Алланың бұйыртқанын көреді әркім,
Айналған уақыт деген тегеріште.
Қиыннан қиыстырып сөз сарасын,
Қара өлең шығарса егер кең өріске,
Басқалардан биіктеп кетпесем де,
Бастамаса болғаны жол еңіске.

Шемен боп көкіректе қалса мұңым,
Өтіп ед Абайды оқып қанша күнім.
Туған ел себепкері ең алдымен,
Тағлымды Абай жайлы алсақ ілім.
Ахмет «қазақтың бас ақыны» деп,
Көрсеткен қадірінің қаншалығын.
Міржақып зерттеп жазып хакім жайлы,
Бағзының баян еткен бар сарынын.
Нәзипа алғаш рет кеш өткізген,
Абайдың жүрген елге аңсап үнін.
Жазбаған Абайды оқып қайтып өлең,
Жаттадым Әбіқайдың қанша жырын.
Қарайлап биігіне осылардың,
Кеудемде үміт гүлі жарса бүрін,
Санама сәулелі ойдың нұры түсіп,
Жырменен емдеп жаздым жан шалығын...

Шешен боп шымыр сөзді шебер өрсең,
Жырыңның жайқалмас па желегі өркен.
Қостанай маған үміт артар депсің,
Қостаған ел біздерді демеген тең.
Берірек түзу жолға шық қамалмай,
Ел сені болмас, сірә, елеген кем.
Оты бар көкірегінде ойлы ер болсаң,
Саған да төрдің бірін береді өлкем.
Керіспей келісті айтыс ал жасайық,
Кемел ой айтсаң ғана керегең кең.
Әншейін ермек қылып күн өткізбей,
Әрлі өлең жазбаймыз біз неге көркем.
Жел сөздің желігімен болмайды, інім,
Соңына жеңіл әзіл ере берсең.
Ұлт үшін үлгі болар сөзіңді жаз,
Ұялмай елге қарау керек ертең.

Нұрдәулет:
Бауырым, кеңдік қылсам, кемдік қылма,
Ал енді кемдік қылсам, кеңдік қылма.
Орынға таластың деп орға жығып,
Кесір сөздің кеселін сен жұқтырма.
Төрінен орын алсақ басылымның,
Орғытып бір шабуға келдік мұнда.
Шегіншектей бермеші, бауырым-ау,
Шеңберіңнен шыға алмай шер жұттың ба?
Ер намысы – қашанда ел намысы,
Аманат қылып қойған ерлікті ұлға.
«Болмасаң да ұқсап бақ» деген Абай,
Танытып кеткен жоқ па кеңдік тұлға.
«Бес асыл істің» бірі – «талап» еді,
Талаптанбай басыңды сен бұқтың ба?
Жігерсіздік жүк болып жігіттіктің,
Белінен аспай жатып бел бүктің ба?
Бар айтарым – қырандай тұғырға қон,
Әңгімемнің төркінін енді ұқтың ба?
Абай айтқан «талапты» орындайық,
Талабы сол болып тұр ел-жұрттың да.

Ұлы Абай қазақ үшін ұлы адамдай,
Ұлы адамдар аз шығар бірақ ондай.
Зерделі Зере әженің зейінімен,
Ұлжанның ұлағатын ұға алардай.
Құлжадай Құнанбайдың қасиеті,
Ұлы Абайдың бойына құлағандай.
Шығыстан шынарланып шыққан күн ғой,
Шыңғыстаудың шыңына шығарардай.
Тірісінде жете алмай қадіріне,
Талай тасқа соғылды-ау сірә маңдай.
Тасбауыр тар заманның тақсіреті,
Тас қабірге жеткенше сыбап алды-ай.
Күндестікпен күн көрген күншілдердің,
Қарамаған кезі жоқ бір алармай.
Өлмейтін өлеңдерін жаттап қазір,
Мұражайда сақтаймыз мұралардай.
Түгел қазақ қадірін кеш түсініп,
Жұмыр сөзін жұбаныш қылады Алла-ай.
Жалғыз аты мерт болып байғұс кедей,
Ер-тұрманын құшақтап жылағандай.

Жалғыздың шығар-шықпас жаны құрсын,
Жар болмаса, мыңғырған малы құрсын.
Жиырма бестің жырлары әлі бітпей,
Басылмай жүр сайран мен сауығың шын.
Ер жігіт бас құрамай бас бола алмас,
Жарау қылсын, жарайды, жабы қылсын.
Жалғызға құс төсекте құт болмайды,
Шам түбінде жасалмай шабуыл сын.
Бұл бауырым отызға таяп қалса,
Шаңыраққа шаттықтың шамын ілсін.
Он бесінде-ақ үйленіп Абай атам,
Он бала таптырғанын бәрі ұғынсын.
Ал сен болсаң бойсұнып бойдақтыққа,
Бауыр басқан бауыр ет бауырымсың.
Отызыңда ордаңды бұзбақ түгіл,
Отауыңды құра алмай әлі жүрсің.

Батырлан:
Бәйгеден үміті боп дара келмек,
Нұрдәулет сөзбен зерлеп салады өрнек.
Біздерді жігерсіз деп бел бүгетін,
Өз ойы жеткен жермен баға бермек.
«Бес асыл істің бірі – талап еді,
Талапты орында» деп барады өрлеп.
Қалдырған Абай жазып қанша нақыл,
Қазақты жүрмесін деп надан ел боп.
Бес асыл іс, көнсеңіз: терең ой мен
Қанағат, рақым және талап, еңбек.
Ұмытып терең ойсыз қанағатты,
Жөн емес тек талапты ғана көрмек.
Өлшемі өрісіңнің кең болмады-ау,
Мен сені жүруші едім саналы ер деп.
Талабың тайталасу екен сенің,
Тереңге ойыңда жоқ сана бөлмек.
Бабамның «толық адам» талабы еді,
Жазбақ боп елге түскен жараны емдеп.
Бағамдап мұны дұрыс аңдамасаң,
Болмасын Абай сөзі саған ермек...

Пендеге көрмегесін пейілім азып,
Бола алман қалжыңменен ойныңа азық.
Жүргенім бойдақ болып жалған да емес,
Жастық жәрмеңкесінде бойды жазып.
Жаратқан маңдайыма жазған күні,
Жар болар жан жолығар ойлы, нәзік.
Нұрдәулет, мен бойдақ деп сен қиналып,
Неліктен болды саған қайғы қазық?
Қарағым, бар айтарың осы болса,
Қалады-ау көңіл кірлеп, ой құлазып.
Жеңгенің сөзін айтып бойдақсың деп,
Жеңілдік қылма арзан ойды жазып.

Жарқ етсе жанарыңда жасын боп нұр,
Жырменен түссем дейсің басым боп кіл.
«Бас болмас бас құрамай» дегенменен,
Басқаға жүргенім жоқ масыл боп құр.
Он бесте отау құрған Абайды айттың,
Ол өзі өткен еді асыл боп дүр.
(Мені де жеңіл сөйлеп кетті деме,
Жауапсыз қалу бірақ рас індет бұл)
Мысал ғып айтқан жастан сен де асқансың,
Жасытпа жастық деген асылды өткір.
Өзіңінің қисыныңа салар болсақ,
Сенің де отау құрар жасың кеп тұр...

Қаймана елге арнаған нәрлі жырын,
Абайдан ар жайында алдық ілім.
Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмастан,
Ғаділет жолда өткізген бар ғұмырын.
Қауымға жөн көрсетіп, жол сілтеген,
Қазақтың оймен байқап жан дірілін.
Ұлтымның шер-көкірек дертін жазып,
Қандауыр тілмен алған қанды іріңін.
Рухыңның сақшысы боп тұрған Абай,
Орынын ойып төрден алды бүгін...
...Алаштың баласына Ар билеген,
Абайдың үні болмақ мәңгілік үн...

...Келмеске кетер күндер зыр жүгіріп,
Дүние тұр бүгінде мың құбылып.
Заманға жаман күйлеп, заманы илеп,
Талайда бастан жыға тұр жығылып.
Алды – жөн, арты – соқпақ адасқан көп,
Құлқынға құдай сынды құлдық ұрып.
«Бас-басына би болған өңкей қиқым»
Ойыңа салар және түрлі күдік.
Ел бұзылса, табады шайтан өрнек,
Қазаққа ақылының бірлігі үміт.
Абайдан табылады ақылға азық,
Ал оған жүр бірақ та кім жүгініп...
Нұрдәулет, үміт күтер інім едің,
Көңілім сен дегенде тұрды жібіп.
Ал-дағы кезегіңді айт ойыңды,
Ағаңның жазғанынан сырды ұғынып...

Нұрдәулет:
Қайнап тасып кеткендей қаның кенет,
Бұрқырап шығып жатыр шаңың да ерек.
Аяғыңды көтеріп жата берсең,
Аяқ асты берер ме Тәңір көмек?
«Сенің де отау құрар жасың ғой» деп,
Қызықтау сөзіңді айттың, бағымды елеп.
Ағамның алдын кесіп өте алмаймын,
Дәстүрден алған ұлмын таным, дерек.
Оған қоса жұмыссыз студентпін,
Болып тұр дәл осындай халім бөгет.
Сен болсаң мұражайда қызметкерсің,
Қыз айттырар жағдайың мәлім демек.
Қалың малға қам жасау керек маған,
Тапсам да айдай сұлу ару бөлек.
«Есектің артын жуып мал тап» деген,
Абайдың сөзін осы шағымда елеп.
Екі жарты бір бүтін болу үшін,
Екі қолға бір күрек табу керек.
Той үстінде тәтті күн болсын десем,
Маңдайымнан ащы тер ағу керек.

Жансың ғой мол бақытқа кенелгіш-ақ,
Жазық жолға қайтесің кедергі сап.
«Отау құр» дегенімді «жеңіл сөз» деп,
Буынсыз жерге сұқтың дереу пышақ.
Керімнің де келісті күлкісі бар,
Кем дегенде қылатын кереңді шат.
Ашкөзденіп теңіңді таба алмайсың,
Ашпасаң бір сұлуға жедел құшақ.
Бөрі емес, бөденеге тигізерсің,
Мезгілінде атпаған берен құсап.
Сұр мерген боламын деп қалып жүрсің,
Сүр бойдақ болуға да сен енді шақ.
Бойдақтық бойыңдағы дақ секілді,
Билеп алар құрықпен дереу тұсап.
Жастық құшып өткізсең жастық шақты,
Әп-сәтте келіп жетер кемелді шақ.
Ол рас, біз секілді жастар өсіп,
Дер кезінде бақытқа бөленгіш-ақ.
Ертерек қамданбасаң інілерің,
Секілді «шап» дегенде жөнелгіш ат.
Өзім аштан өлейін деп жүргенде,
Балама да тіс шықты деген құсап.

Абай, Абай, абадан, арыс бабам,
Қай дұшпаның қалды сен алыспаған.
Шоққа түскен шырпыдай шыр-пыр болып,
Қызық үшін қаламың қарыштаған.
Шынжыр балақ, шұбар төс бай-манапты,
Шықпыртып бір шыбықпен, сақ ұстаған.
Бір сенен айтылмаған сөз қалды ма,
Қазынаңдай қазаққа табыстаған.
Қара сөзің халыққа дара сөз ғой,
Алқынбай-ақ жететін алысқа адам.
Тектіліктің шыңына шығам деген,
Өзіңсіз аттай алмас қарыс қадам.
Кешегі мен бүгінгің былай тұрсын,
Келешектің өзі де қарыз саған.

Тұғырға шығам десең, өрге қара,
Тұныққа батам десең, көлге қара.
Ер шекіспей бекіспес, ал, бауырым,
Қалжың сөзді тапсырдым желге ғана.
Бір Алла бағыңды ашсын деп тілеймін,
Тәуекел жарың жолда, белде бала.
Армансыз көсілдік қой аламанда,
Жырымыз көбік-моншақ термен, аға.
Осымен хош аман бол, арда қазақ,
Қойнауы тұнып тұрған кенге ғана.
Азаттықты мәңгілік қастерлейік,
Азан даусы жаңғырып кең далада.
Тәуелсіздік тұғырлы болады екен,
Тәубеден жаңылмаған елде ғана.

Батырлан:
Қуантар дегенімде көп елімді,
Келісті сөз айтпадың кемел үнді.
Әуелі бастағанда-ақ қиыс кетіп,
Жазып ең айтыстағы сен орынды.
Одан соң «отау құрмай жүр» дегенсің,
Бойдақ боп өткіздің деп неге өмірді.
Қайталап айттың және сөзге тұрмай,
Жоқ-барды теріп жазып не көрінді?
Абайша тіл ұстартып, өнер шашсаң,
Айтыста елге беру керек үлгі.
Сен болсаң орын мен отауды айтып,
Жиыпсың мен жайында дерегіңді.
«Буынсыз жерге пышақ сұқты» дейсің,
Жеңіл сөз десем енді өлеңіңді.
Жайынан аса алмасаң жеке бастың,
Басқаша не демекпін мен оныңды...

Жақсылық көрсең, інім, сүйінерсің,
Жамандық, надандықтан күйінерсің.
Айтысты тамамдауға бет бұрғасын,
Ойыңды шашыратпай, иірерсің.
Тауаның қалт болмаған талабың бар,
Әзірге жас күніңде биік, өрсің.
Дегенмен қанша биік болғанменен,
Абайдың алдына кеп иілерсің.
Алашта асқан жан жоқ ұлы Абайдан,
Күншілдер, мейлі, осыдан күйіп өлсін.
Хакімнің сөзін үлгі қылып жүрген,
Сеніңде көңіліңнің күйі келсін.
Өзіңе айтылатын тілек ізгі,
Өлеңмен талайларды үйірерсің.
Нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек,
Тәңірдің саған берген сыйы болсын.

Әркімнен іздей берсең мін табарсың,
Мін тапсаң, суық тартып сын тағарсың.
«Өзге түгіл өзіңе пайдасы жоқ»,
Ақыры ғибраттан құр қаларсың.
Сабырға келмесеңіз «сап, көңілім» деп,
Ашумен ақ борандай бұрқанарсың.
Жас өркен, жаңа талап жақсы інімсің,
Қалайша тура сөзден бұлтарарсың.
Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,
Жаныңа жақсылықтан рух аларсың.
Ойланып осы жайлы еске алғанда,
Айналып Абайға кеп бір соғарсың.
Тамамдап сөз мұқтасар қылған шақта,
Татулық жолын қалай тұмшаларсың...
...Біріңді бірің, қазақ, дос көрмесең,
Түбінде кімге барып мұң шағарсың?..

 

Pikirler (0)
Jiberỳ
MÁDENIET ÚILERINIŃ JAŃALYQTARY
bólimge ótý >>
21.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
Video by @amangeldytelmanov
21.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
21 желтоқсанда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Тілектерді орындау автобусы» атты жаңа жылдық қайырымдылық бағдарламасы өтті
20.12.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 20 желтоқсан күні Денисов аудандық мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы Свердлов жалпы білім беретін мектебінде «Мәдени мұра» концерттік бағдарламасымен өнер көрсетті
20.12.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 20 желтоқсан күні Денисов аудандық мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы Әйет жалпы білім беретін мектебінде «Мәдени мұра» концерттік бағдарламасымен өнер көрсетті
20.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
ALAU TV: Қостанай қаласында жылдың үздік спортшылары ұлықталды
19.12.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 19 желтоқсан күні Денисов аудандық мәдениет үйінде ақын Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толуына орай «Қазақ поэзиясының жаны» атты мәнерлеп оқу байқауы өтті
19.12.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 19 желтоқсан күні Заәйет ауылында тұрғындардың табиғи газға қол жеткізуін қамтамасыз ететін газ құбырының салтанатты ашылуы өтті. Жаңа инфрақұрылым нысаны үйлерді жайлы жылытуды және энергия шығындарын азайтуды қамтамасыз ете отырып, жергілікті халықтың өмір сүру сапасын едәуір жақсартады
18.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
#REPOST @marat_zhundubaev ✅ Бүгін біз 2024 жылы республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған Қостанай қаласының үздік спортшыларына құрмет көрсеттік
15.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
#туғанжер #Меніңелімментуым #Менің_елім_мен_туым
15.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік Күні құтты болсын! 
14.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
#REPOST @culture_qostanai Тобыл-Торғай төрінде тақ-тақ ақын Нұржан Наушабайұлы атындағы «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен» республикалық жыршы-термешілер, дәстүрлі ән фестивалі жоғары деңгейде өтті
13.12.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 13 желтоқсан күні Денисов аудандық мәдениет үйінде 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алу күніне орай «Тәуелсіздік таңы» атты тақырыптық бағдарлама өтті
13.12.2024
Б. Майлин дом культуры
Тәуелсіздік күніне орай
11.12.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 11 Желтоқсан күні «Таза Казахстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Денисов аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері аудандық мәдениет үйінің іргелес аумағын тазартты.
11.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
Қостанайда тақ-тақ ақын Нұржан Наушабайұлына арналған «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен» атты республикалық жыршы-термешілердің фестивалі өтеді
10.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
«JAS star.kst» қалалық шығармашылық конкурс өткізу туралы ЕРЕЖЕ
09.12.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 6 желтоқсан күні Денисов аудандық мәдениет үйінде «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы аясында "Мир в семье"атты дөңгелек үстелі өтті
08.12.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 8 желтоқсан күні Денисов аудандық Мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын іске асыру шеңберінде Окраинка ауылының тұрғындарына «Туған елім - туған жерім» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.
08.12.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 8 желтоқсан күні Денисов аудандық Мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын іске асыру шеңберінде Комаровка ауылының тұрғындарына «Туған елім - туған жерім» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.
08.12.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 8 желтоқсан күні Денисов аудандық Мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын іске асыру шеңберінде Приреченка ауылының тұрғындарына «Туған елім - туған жерім» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.
ÓZGE JAŃALYQTAR
MÁDENIET ÚILERINIŃ JAŃALYQTARY
Video by @amangeldytelmanov
Автор: Қостанай қ. дом культуры
21.12.2024
Ary qaraı
#туғанжер #Меніңелімментуым #Менің_елім_мен_туым
Автор: Қостанай қ. дом культуры
15.12.2024
Ary qaraı
Тәуелсіздік күніне орай
Автор: Б. Майлин дом культуры
13.12.2024
Ary qaraı
Baılanys aqparattary:
Qostanaı oblysy ákimdigi mádenıet basqarmasynyń "Oblystyq qórkemónerpazdardyń halyq shyǵarmashylyǵy men kınobeıneqor ortalyǵy" KMQK
Zańdy mekenjaıy:
110000, Qazaqstan Respýblıkasy, Qostanaı q.,
Lermontov kόshesi, 15
Rekvızıtter:
BSN 990340002744
JSK KZ8594807KZT22031664
«Eỳraziialyq bank» AQ
BSK EURIKZKA
Telefony:
+7 (7142) 562-428
+
Сообщение сайта
+
Заказ обратного звонка
ОТПРАВИТЬ
+
Рұқсат
Kirý