altynsarin
amangeldy
auliekol
denisov
jangeldin
jitiqara
qamysty
qarabalyq1
qarasu
mailin
mendiqara
miras
naurzum
sarykol
tobyl
uzunkol
fedorov
arqalyq
lisakov
rudny
Портал туралыОрталық туралыМҰ сайттарыХалықтық ұжымдарСұхбатГалереяШабыт қанатындаБіз БАҚ-таСұрақ-жауап
ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢМӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРІНІҢАҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ
Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының
Русский
🌐 culture_qostanai 🇰🇿
ДК нұсқасы
ЖАЗБА АЙТЫС: Байбатыр мен Дана
23.10.2020
2324
0
Теги: Айтыс
"Мен бір жұмбақ адаммын..." республикалық жазба айтысының екінші жұбы – қостанайлық ақын Байбатыр Ахметбеков пен алматылық жас өнерпаз Дина Бөкебай. Жобамызға екінші рет қатысып отырған Байбатыр Ниязбекұлы мен оңтүстік астананың намысын қорғайтын студент қыздың жыр тартысын назарларыңызға ұсынамыз. Аға мен қарындастың айтысына куә болып, оқырман ретіндегі бағаларыңызды бере отырыңыздар!
 

Байбатыр Ахметбеков – Қостанай облысы, Жангелдин ауданы Сужарған ауылының тумасы. Көптеген республикалық, облыстық, аймақтық айтыстардың жүлдегері. Қазіргі таңда аудандық "Біздің Торғай" газетінің бас редакторының міндетін атқарушы болып қызмет етеді.
Дина Бөкебай Алматы облысының Бостандық ауданында туған. Облыстық бірнеше мүшайралардың жеңімпазы. Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология факультетінің 3-курсында оқиды.
Қос ақынға сәттілік тілейміз!
 

Байбатыр: 
Мен бүгін жыр додаңда көсілемін,
Мерейін жақсылардың өсіремін.
Ағытып қыран жырдың томағасын,
Шермен болған күрмеуден шешілемін.
Жазба айтыста жаңылмас жағым, сірә,
Өйткені ақындардың көшіненмін.
“Қостанай таңы” тағы айтыс жасап,
Абайдай құрмет қылды есіл ерін.

Кең жазып бауырымды енді көрем,
Бұрынғыдан өзгерек ендігі өлең.
Арқамды кеңге салып жырлағанда,
Өнер сүйер қашанда елді көрем.
Ассалаумағалейкум, оқырмандар,
Жаратқан айырмасын елдігіңнен.

Топқа түстім Торғайдың тарланы боп,
Ағайын, бұл балаңның арманы жоқ.
“Іздегенге сұраған” дейді емес пе,
Келеді кейбір сәтте талғамым дөп.
Алматының кездесіп ару қызы,
Бойдағы буырқанды қандарым көп.
Домбырасыз салайын сайранымды,
Демессіздер сөзінің салмағы жоқ.

Бір сәлем алматылық жұптасыма,
Қонсын деп мен тілеймін құт басыңа.
Ақындық қабілетіңе шүбәміз жоқ,
Кім кепіл ұтар және ұтпасыңа.
Айтыстың майданында шыңдалғанмын,
Армандап шықпасам да бұлт басына.
Дегенмен осалдықты байқатпаспын,
Айналған соң отбасымның тұтқасына.
Студент қызға менің есем кетсе,
Қай бетіммен қараймын отбасыма?
 
"Динамен жұп болдың" деп хабар келді,
Бұған дейін ағаңыз алаң еді.
Әлеуметтік желіден іздеп едім,
Құдай-ау, ол да неткен сараң еді.
Атыңды он қайтара жазсам дағы,
“Табылмады” деген тұр жаман белгі.
Болмағасын “ватсаптан” іздеп таптым,
Көңілімді бұрайын саған енді.
Бір қызық айтыс жасап көрейікші,
Таң-тамаша қалдырып тәмам елді.

Әңгімеге тартайын байыппенен,
Өз алдына рухани “кайф” деген.
Сыйластық танытайын ару қызға,
Жазылмай тұған кезде айыпты өлең.
Көлден шортан, көлтабан алушы едім,
Жәйлап жылжып отырып қайықпенен.
Фотоңды көріп ватсап желісінен,
Жаңыла жаздадым ғой желісімнен.
Бұл сөзімді теріске айналдырма,
Қашанда қыз баланың өрісі кең.
Дәл өзіңдей қазақтың арулары,
Бүлікті шығарып жүр ел ішінен.
Шетелдің шенділерін күйеу қылып,
Қалды ғой төркінімен көрісуден.
Қысықкөз қытайлармен жарасып жүр,
Отау тігіп алғандай тон ішінен.
Осы жайлы, Динажан, сен не дейсің,
Көрейін нәтижені оң ісіңнен.
 
Дина: 
Желі боп Қостанайдың жырмен ескен,
Бұлты боп қазағымен бірге көшкен,
Айтыстың кезегі де бізге кепті,
Оқырман, ақыныңмен бірге емес пе ең!
Жырсүйер ата-әжелер, сәлем бердім,
Қызыңмын Сырда туып, қырда өскен.
"Қостанай таңын" бірге атырардай
Бұл айтыс енді жылдан жылға көшкен.
Қазағым, құрышыңды қандырайық,
Ұлт едің әннен шығып, жырдан өскен. 
Алты қырдың астынан шыққан даусы
Алты айлық жерлерге де тыңда дескен. 
Біржан мен Саралардан қалған өлең
Қалар ма біз айтысар жыр белестен?
Алатау, сенен ұят жеңілгенім, 
Биігің қол бұлғайды "сынба!" дескен.
Оқырман, талғамына таласым аз,
Қошемет өз алдына, сынға бес пе ең?!
Бағала, жал-жаядай алдарыңа
Өнерді ұсынайық үндеместен.
 
Әрі бай, әрі батыр қарсыласым,
Шабытын Құлагердей қамшыласын.
Торғайдың даласынан қуат алған
Өлеңің жаңбыр болып тамшыласын.
"Дәл өзіңдей арулар бүлік бастап
Жүр" дейсің... бұған қалай жан шыдасын?!
Ал Динаң қазағымның қыздарының
Өлшемін өлеңменен аршып алсын.
Кей қыздар ғашық болар жылтыраққа,
"Іші өлген, сырты сау"  тәмсіл осы.
Бірақ бұлай топырақ шашқаныңыз –
Түскі асқа ішкендейсің таңсық асын.
Осы жайтқа кінәлі қыз ғана ма?!
Қазақтың жігітіне бар шығар сын,
"Адал бол, бай тап,
Адам мол, мал тап"
Еңбексіз ердің ері қаңсымасын.
 
Бойында тұрған елдік ғұрыптарым
Қазақта ару қыз көп, шын ұққаным.
Өзім де тектілікті қолдаймын ғой,
Ару аға, бұл жайдың ұғып мәнін.
Жеті атаға дейін қыз алыспаған
Жетесі биік қазақ біліп бәрін.
Ұлжандай ізгі ананың тектілігі 
Білейік, Абайдай бір ұлық барын.
Шоқанның бойдан биік ойлы өресі
Айғанымнан қалған із тұнып тағы.
Арын биік қоятын қазақ қызы,
Таңдаулы тағдырыңа құныққаным.
Намысын да биік қып қазақ қызы,
Ләззаттар ұлты үшін құрықталды.
Қазір де Әйгерімдер жоқ емес қой
Тәрбиесі ерекше, тұнық жаны.
Бәрі бірдей деп ойлап қазақ қызын,
Кетпесін, қазақ жігіт, суып қаның.
Қазақтың тектілігі таусылмайтын
Тек қазақ аруында ұмытпағын!

 Тербеліп қара сөзбен сан ойларға,
Таңданып қараймын да талайларға.
Бір сәтке тоқтап қалам, қазақ үшін
Тағдырын арнаған-ды талай дана.
"Қалаулымда" қыз іздеп жүрген сынды
Қазақ үшін туған ер, қап-ай, қара!
Семсері сертке берік серілерді
Жоғалттық қай ғасырда, қалай ғана?!
Құнанбайлар көбейсе бұл күндері
Абайды туар ғасыр солай ғана.
Айтыңызшы,бүгіннің Зересі кім,
Мыңмен жалғыз алысар Абай бар ма?
 
Байбатыр: 
 Сырдың қызы ерекше серпіліпті,
Аз ғана танытқандай ер қылықты.
“Алатау, сеннен ұят жеңілсем” деп,
Бағыттап маған кетті зор шыбықты.
“Сырда туып, қырда өскен” ақын қызға,
Байқатсам сын болады олқылықты.
Қызылорда аймағың туған жерің,
Ақ күрішпен келтірген молшылықты.
Атасы ақ күріштің Ыбырайдай,
Біртуар, дара тұлға дүр шығыпты.
Қобызбенен үндескен бар өмірі,
Атақты Қорқыттайын зор шығыпты.
Сыр елі ерте кезден дәріптеген,
Қазаққа тәнті болған жыршылықты.
Өнерге тұнып тұрған аймағыңда,
Білесің бар екенін кемшілікті.
Орыстар иемденген Байқоңырға,
Тек Алладан тілерсің құлшылықты.
Атасынан қалған жердей атой салып,
Гептелмен улап жатыр тіршілікті.
Жұпар иіс, таза ауа қайран болып,
Өсімдіксіз жұмыр жер тұншығыпты.
Шынболаттай шыңғыртып айтсаң бәрін,
Жеңерсің сонда ғана күншілдікті.
Сол елдің болашағы сен емес пе?
Жаныңа серік қылар шыншылдықты.

 Құлагерім қамшыны салдырмайды,
Қарсыласың сөзінен жаңылмайды.
Көмбені шаңға көміп кетсе дағы,
Байекең, сені жолда қалдырмайды.
Аруларға сын айтып, мін тағып ем,
Алыстан орағытып алдың жәйды.
Жылтыраққа арулар ғашық емес,
Айтсаң, бәлкім, сенемін байлық жайлы.
Мына біздей қарапайым жігіттерің,
Оларды елеңдетіп таңқылмайды.
Көксегені ақша мен байлық қана,
Ертеңді ойлап еш уақыт қам қылмайды.
“Өлшемін өлеңменен өрбітем” деп,
Сабағымен жұлып алма таңқурайды.
Іші өлгеннің сырты да бүлінеді,
Тамырсыз өсімдікте нәр болмайды.
“Адал бол, бай табыңды түсінбедім,
Басыңа төнді сенің қандай қайғы.
Жігіттерге тағатын кінәң бар ма?
Осы жерде айтыңыз ондайларды.
“Еңбексіз ердің ері қаңсымасын”,-
Дегенің қолданатын айлаң ба әйгі.
Бұныңыз түсініксіз мақал екен,
Астары қысқа жіптей байланбайды.

 Бойдағы ғұрыпты айтып төкпеледің,
Мен Алладан сұраймын көп тілегін.
Өзіңдей қайсар қызға ризамын,
Тарихпен байланысты көп дерегің.
Тектілігің бойыңда бар екен ғой,
 Ептілігің түгендер көп керегін.
“Жеті атадан аспаған қыз алмайды”,-
Дедің-ау, келіспеймін, жоқ дер едім.
Рулас ағайынға айтылған сөз,
Ойым жоқ қарсы шығар көпке менің.
Сондықтан айтар сөзді зерделерсің,
Нысанаға тиердей дөп дерегің.

Тамшыны салыстырма теңізбенен,
Деректерді сен айттың мен іздеген.
Дара туған қазақта дана Абайды,
Ұлжан ана дәретсіз емізбеген.
Құрдымға кеткен Арал теңізіндей,
Арулар кетіп жатыр кері ізбенен.
Айғанымдай ананың тектілігін,
Жалғаған қыз көрдің бе көзіңменен.
Осы жайлы ойланып оңашада,
Кеңесіп көрмейсің бе өзіңменен.
Ләзаттай ерлік бар ма аруларда,
Қазақ үшін азаптан көз ілмеген.
Әйгерімдер бар болса, қайда, кәне,
Осыны дәлелдесей сөзіңменен.

Қалаулымда қызда жүр "байым кім?" деп,
Көрмесе де ұнатар айым күн деп,
Махаббат пен сезімді пұлға сатып,
Қалталылар кездессе, байимын деп.
Дәл осындай түйсікпен барады олар,
Атқарып жатыр дейсіз қайбір міндет.
Тағдырларын талқылап таразыда,
Кетеді бірін-бірі жәйбір күндеп.

Семсерсіз серілер де болған бұрын,
Былайша дәлелдейін болғандығын.
Атақты Естай ақын тарихта бар,
Ал бірақ та болмай тұр Қорлан бүгін.
Зерделеп Зерелерді таппай жүрмін,
Соғатын алқа емес қолдан бүгін.
Абайдай дана болу арман ғана,
Осы жайлы өмірде толғанды кім?

Сен студент, арусың инабатты,
Қоғам жайлы айтам деп мида қатты.
Кемелді болашағың алда сенің,
Ардай таза жаныңа жина бақты.
Аруларға танытам ізгілікті,
Демесең болды маған кінә тақты.
Алдағы арман, мақсат қандай сізде,
Бір талқылап тастайық осы жақты.
 
Дина: 
 Байқоңыр деп шыққанда батылдау үн,
Сөзіңе саясаттың жақындауын.
Шәһизадам шер басып жырға қосты
Шәрінің өзгелік боп сатылмағын.
Тоқтар ағам сөйлейді жанұшырып
"Ресейге бағынышты отыр қауым".
Кемшілік деп қарайсыз бұл жағдайды,
Қалайша күйіп кетпей отырғаның?
Қазақтың әрбір жері Отаның ғой,
Жеріңді біл қорғауға хақың барын.
" Атаң емес, адамның баласы боп"
Жөн болар жеріңе су татырғаның,
Ойыңда жүрген елдің ізгілерін
Осы бір мәселеге шақырғаның.
Кішкене артық кетсем, ренжіме,
Бойымда буырқанып жатыр қаным.
Байқоңыр жайлы айтылмай жүрген де жоқ, 
Тыңдайтын құлақ болса ақындарың. 
Ел болып, еміреніп шеше алмасақ
Несіне бір ұлт деген атың барын?! 
Ақсақалдар керек-ау бұл далаға,
Атқа мінсек, қысатын тақымдарын.

Кеткім жоқ бұл өнерден желең келіп,
Құдай мен халқым ғана сенер дедік.
Жылтыр демей байлықты не дей алам, 
Сөз мәнісін ұғынсаң кемел болып. 
Байға адал бол, адамға мал тап деген
Абайға да құлақ сал, елеңденіп. 
Жеті атадан аспаған қыз алмайды!
Сырдың елін байқасаң егер келіп. 
Қанды бұзған ол емес,  құмалақтар
"Қалаулымда" жүретін әлем болып. 
Ән бұзылса, шырқайсың қайта бастап, 
Қан бұзылса, қайту жоқ, төгер ме едік?! 
Тағдырды талқылайтын Тәңір ғана,
"Толық адам" бола алсақ тек өрленіп.
Абай "Абай болам" деп болды ма екен,
Қазаққа қосқан тағдыр шебер теліп.
Айғанымдар көзіңе көрінер ме,
Ерінен тұрса саты төменденіп.
Әр қыздың ішінде бір Ләззат отыр,
Намысын жани қалсаң,сенем берік.
Бүгіннің Әйгерімі жүрген шығар
Ақындар жазып жүрген өлең болып!

 Еркін елде алаңсыз салам шеру,
Жамандардың ісі ғой жаман көру.
Мүмкін, бізге бұйырған бақыт шығар
Алдымызда сіздердей ағам болу.
Сәбиіңіз ертегі тыңдады ма
Тербетіліп, бесікке саларда бір?
Болашаққа мақсатың қояр қандай?
Көп шығар парасаты ағамда бұл.
Киіз үйде өскесін, ата-әжеммен
Айтқан әрбір сөздері санамда жүр.
Мақсатым - " тіл ұстартып,өнер шашпақ",
Өмір мен өнерге де адал болу.
Ал ең үлкен арманым- Ұлжандардай
Адамды тәрбиелеп, адам болу!
 
Байбатыр: 
Сендегі шермен қайғы менде де бар,
Сендегі улы ауа елде де бар.
Сеннен ұшқан зымыран қалдықтары,
Құлайтын біздің елде жерлер де бар.
Құдайдың зары қылып айтып жүрген,
Ел қамын ойлайтұғын ерлер де бар.
Бірақ оған құлақ асар Үкімет жоқ,
Жағдайыңды біліп те келмейді олар.
Екеуміз қанша айтсақ та тыңдамайды,
Көздеріне іліп те көрмейді олар.

Ұлт үшін отқа күйсем, өкінбеймін,
Жанымды қорғашы деп өтінбеймін.
Тақым қысар ақсақал жоқтың қасы,
Енді қалай жыртықты бүтіндеймін?
Отбасы, ошақ қасы, бос әңгіме,
Барына мен солардың шүкір деймін.
Тек Алладан тілейік тыныштықты,
Киіп жүрген жоқпыз ғой күпі киім.
                            
Абайдың әр сөзінде тағылым бар,
Сондықтан өлең сөзге жаным құмар.
Хисса мен дастандарды жаттап өстім,
Бойымда ескілердің сарыны бар.
Торғай деген мектебі ақындардың,
Қанымда жыршылықтың тәлімі бар.
"Қалаулыммен" төзімді тауыспайық,
Жансың ғой жақсылардың жанын ұғар.
Жеті атасын білмейтін жетесізге,
Сөзіңді шығындама, сағың сынар.
Тарихқа көз жүгіртіп тағы бір сәт,
Айғаным анамыздың тәлімін ал.
Ләзаттың ерлігін үлгі тұтып,
Алқа қылып мойныңа тағынып ал.
Әйгерімдей әдемілікті бойға жисаң,
Мәңгілік басыңызда бағың тұрар.
                        
Балаларым ертегі тыңдамайды,
Айтып бер деп біздерге бұлдамайды.
Технология дамыған заман бүгін,
Төменнен жоғарыға сырғанайды.
Интернеттен іздейді ертегіні,
Отырған соң кеш және түн қарайды.
Сөзімнің шындығы осы менің,
Жалғандықты жанымыз қаламайды.
Болашаққа қоятын мақсат жалғыз,
Ерінбей оқыса екен ұлы Абайды.
Сенің де армандарың орындалсын,
Мақсатсыз деп сені ешкім сынамайды.
Ұлжандай ана бол деп тілек айтам,
Құрметтеп қадірлеген Құнанбайды.
Жыр тізгінін тартамын осы жерден,
Ұзаққа созылмасын құнан бәйгі.
 
Дина: 
Мінбеден сөйлегенде ұлы ағалар,
Қазағың, өз тіліңді сынап алар,
Жүректі ұстап, елімді сүйемін деп
Өз тіліңді білмеуің күнә болар.
Қазаққа керек адам-  қазақ қана,
Мән беріп жатпайды да бұған олар,
Тарихтың сарғыш бетін сыр ғып шертсең,
Үйдегі әжелерім жылап алар!
Тәуелсіздік тамырын жайып тұрса,
Жұртымыз сонда ғана қуана алар.
Сәбилерін лақтырар тас жүректен
Артық болып туса екен шын аналар.
Шытынамас намыс пен рух болса,
Қайтадан тарих өзі құрап алар.
Бір қазақтың баласы көптен озса,
Мың қазақ қолын соғып, тұра қалар.
Оралмайтын дүниеде уақыт қана, 
Ендеше, текті қазақ бір оралар! 
Ендеше, Абайлар да бір оралар...
 
Дулаттай жырдан алқа тағынғасын,
Жырың да, аға, сенің жалындасын.
Білемін, елі сүйген ер боларсыз
Санаған абырой - жан, арың - басың.
Алғашқы айтыстағы қарсыласым,
Жаныңнан жаманшылық табылмасын.
Аяқтап, тапсырайық жырымызды
Оқырман, тұнық жырды сағынғасын.
Әр қызда өзіңіздей аға болсын! 
Әр жігіт тапсын мендей қарындасын!
 

ПІКІРЛЕР (0)
ЖІБЕРУ
МӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРІНІҢ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
Бөлімге өту >>
14.10.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
«Мирас» ансамблінің 35 жылдығына орай IV «ТОБЫЛ ТОЛҚЫНЫ» байқау-фестиваліне шақырамыз!
14.10.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
14 қазан күні Қостанай ауданының Тобыл қаласындағы «Затоболец» стадионында Қостанай облысы колледждерінің Спартакиадасының салтанатты ашылу рәсімі өтті
13.10.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
13 қазан күні сағат 15:00-де Жітіқара қаласында «Қостанай минералдары» АҚ-ның 61 жылдығына арналған концерттік бағдарлама өтті
09.10.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
9 қазан күні сағат 17:00-де «Мирас» мәдениет сарайының 1-қабатындағы фойеде ретро би кеші өтті
07.10.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
7 қазан күні Қостанай ауданының Тобыл қаласында спорт ардагері Бекбосынов Өтебек Мырзахметұлының жүлдесіне арналған жасөспірімдер мен қыздар арасындағы еркін күрестен Республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті
06.10.2026
Б. Майлин мәдениет үйі
Өшпес өнеге - ұстаздан
04.10.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
Мерейтойлық іс-шаралар аясында «Мирас» қазақ халық аспаптары этнографиялық ансамблінің 35 жылдығына арналған бірқатар концерттер өткізілуде
03.10.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
1 қазан күні «Караван» ВАА тобы Лисаковск қаласында Қарттар күніне орай зейнеткерлерді мерекемен құттықтады
02.10.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
2 қазанда сағат 17:00-де Арыстанбай Қожанұлы Өмірзақовтың жетекшілігімен «Ақ дариға» халық хорының 30 жылдығына арналған мерекелік концерт өтті
02.10.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
#REPOST @zhuldyz_studio - 🎶 «Ақ Дариға» халық хорының концертінде біздің оқушыларымыз хор ұжымымен бірге өнер көрсетті!
02.10.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
#REPOST @maslihat.kst - Бүгін Халықаралық қарттар күніне арналған іс-шара аясында «Мирас» мәдениет үйінде аға буын өкілдеріне арналған мерекелік концерт өтті
02.10.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
#REPOST @maslihat.kst - Халықаралық қарттар күні ерекше бір сапармен басталды
02.10.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
#REPOST @b.akkozhina - Бүгін Қарттар күніне орай ұйымдастырылған «Алтын жас» шығармашылық фестиваліне қатыстым
01.10.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
1 қазан күні сағат 16:30-да “Мирас” қалалық мәдениет сарайы ғимаратының 2-қабат фойесінде Қарттар күніне арналған «Күзгі вальс» атты ретро-би кеші өтті
01.10.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
1 қазанда сағат 15:00-де “Мирас” қалалық мәдениет сарайында Халықаралық қарттар күніне арналған «Алтын жас» көркемөнерпаздар фестивалі өтті
01.10.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
1 қазанда Мирас мәдениет сарайында Халықаралық қарттар күніне арналған «Алтын жас» атты сәндік, қолданбалы, бейнелеу және қолөнер көрмесі өтті
01.10.2026
Б. Майлин мәдениет үйі
ҮЛКЕНГЕ ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚҚА МІНДЕТ
30.09.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
30 қыркүйекте «Мирас» қалалық мәдениет сарайының директоры З. Иманова және оның қызметкерлері ардагерлерін Қарттар күнімен құттықтады. Бұл күні қонақтарға жылы лебіздер айтылып, зор денсаулық, бақ-береке, ұзақ ғұмыр және көңіл-күйдің көтеріңкі болуын тіледі!
29.09.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
Құрметті Қостанай қаласының тұрғындары! Сіздерді 2 қазан күні сағат 17:00-де «Мирас» мәдениет үйінде өтетін «Ақдариға» халық хорының концертіне шақырамыз! Кіру тегін!
28.09.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
28 қыркүйек күні сағат 11:00-де «Петрушка» балалар театры @petrushka_kst жетекшісі Хабибулина Н.Д.«Жанұя» @zhanyia.kst балалар үйіне барды
ӨЗГЕ ЖАҢАЛЫҚТАР
МӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРІНІҢ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
Өшпес өнеге - ұстаздан
Автор: Б. Майлин мәдениет үйі
06.10.2026
ҮЛКЕНГЕ ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚҚА МІНДЕТ
Автор: Б. Майлин мәдениет үйі
01.10.2026
Байланыс ақпараттары:
Қостанай облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының «Облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығы» КМҚК
Заңды мекен-жайы:
110000, Қазақстан Республикасы, Қостанай қаласы,
Лермонтов көшесі, 15
Деректемелер:
БСН 990340002744
ЖСК KZ8594807KZT22031664
«Еуразиялық банк» АҚ
БСК EURIKZKA
Байланыс:
+7 (7142) 562-428
+
Сообщение сайта
+
Заказ обратного звонка
ОТПРАВИТЬ
+
Рұқсат
Кіру