altynsarin
amangeldy
auliekol
denisov
jangeldin
jitiqara
qamysty
qarabalyq1
qarasu
mailin
mendiqara
miras
naurzum
sarykol
tobyl
uzunkol
fedorov
arqalyq
lisakov
rudny
Bizdiń MindetimizOrtalyq tỳralyQostanaı oblysynyń Halyqtyq (Úlgili) ujymdaryQostanai oblysynyń MÚ saittarySuhbatFoto men beine galereiasy«Shabyt qanatynda» jýrnalyQostanaı obl.metsenattar klýbynyń laýreattaryBiz BAQ-taSuraq-jaýap
QOSTANAI OBLYSYNYŃMÁDENIET ÚILERINIŃAQPARATTYQ PORTALY
Qostanaı oblysy ákimdiginiń mádenıet basqarmasynyń
№1 Qazaqstanda
DK nusqasy
Мүнира БӨГІСОВА: ҚОНЫСБАЙДАЙ АЗАМАТПЕН ЖОЛЫҚТЫРҒАН ТАҒДЫРЫМА РИЗАМЫН
21.05.2024
877
0
Қазақстанның Халық ақыны, белгілі айтыскер Қонысбай Әбіл тірі болса, алдағы 21 мамырда 70 жасқа толар еді. Амал не, танымал сөз зергері 2022 жылы 3 желтоқсанда 69 жасқа қараған шағында ауыр науқастан дүниеден өтті. Мерейтой қарсаңында ақынның жары Мүнира Бөгісовамен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

 
БІЗ ҰЛЫҚБЕКТІҢ ТУҒАН КҮНІНДЕ ТАНЫСТЫҚ
 
 – Мүнира апай, қалың оқырман біле отырсын, әуелі өзіңіздің туған жеріңіз бен өскен ортаңыз туралы айта кетсеңіз?
 – Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданындағы Ақмектеп деген кішкентай ғана ауылда туып-өстім. Әйгілі Біржан сал мен Сараның айтысында Сараның: «Бұтабай, Байжігітте, Құт Шаямбай, Сасан би, шапты Кенже жауға аянбай...», – деп айтатыны бар ғой. Біз сол Құт Шаянбайдан тараймыз.
Шаянбай атамыз құт қонып, дәулет дарып, Құт Шаянбай атанған кісі. Оның жылқысы Тарбағатай тауының басындағы көлге түскенде, суы ортайып қалады екен. Шаянбай көлі атанғаны сондықтан дейді.
Шаянбайдан 8 ұл: Сырымбай, Бектаза, Бөгіс, Төгіс, Күдері, Шідері, Жексенбі, Дүйіс. Сегізі 8 ауыл болған.
Бөгіс, Төгіс аталарымыз заманында қажыға барған кісілер.
Төгіс – елімізге танымал әскери қайраткер, халқына қалтқысыз қызмет етіп, абырой биігінен көріне білген азамат, Қазақстан Қорғаныс министрінің орыбасары болған генерал-майор Әмірбек Төгісовтің арғы атасы.
Мен – Бөгістің шөпшегімін. Бөгістен – Нұреке, Нұрекеден – Нұрысбек, Нұрысбектен – менің әкем Мәуітхан мен Балшекер апам туады.
Нұрысбек атам өмірден тоқығаны көп, кемел ойлы кісі еді. Мені
8 сыныпты бітірген жылы «Ауылда қалмай, қалаға барып оқуың керек», – деп Алматының іргесіндегі бұрынғы Чапай, қазіргі Қарағайлы ауылында тұратын Балшекер апамның қолына әкеп тапсырды. Сөйтіп, 9-10 сыныпты сол жердегі № 87 мектептен оқып бітірдім. Мектепті бітірген соң Алматыдағы Совет сауда техникумына оқуға түстім.
 
– Қонысбай аға екеуіңіз қалай таныстыңыздар?
– Ой, ол өзі бір қызық оқиға. Бәрі күні кешегідей көз алдымда,
1973 жылдың көктемі. 29 сәуір, күн жексенбі болатын. Қасымдағы қыздар қалаға шығып кеткен. Жатақхана бөлмесінде жалғыз отыр едім. Бір кезде есік қағылды. Вахтер екен. «Сендерге екі-үш жігіт келіп тұр. Осында жерлестері тұратын көрінеді», – деді.
Бірінші қабатқа түссем, бейтаныс 4 жігіт тұр. Олар: Қонысбай, Ұлықбек Есдәулетов, Нұртілеу Иманғалиұлы, Бақберген Табылдиев екен.
«Сіздер кімге келдіңіздер?», – деп сұрадым. «Қарлығаш деген жерлесім осында оқитын еді. Соны іздеп келдім», – деп арықша келген, шашы иығына түскен, бойы аласасы жауап берді. Қарлығаштың Чапайдағы апасының үйіне кеткенін айттым.
«Олай болса, танысайық. Сіз қай жақтан боласыз?», – деп сұрады. Мен Шығыс Қазақстан облысынан екенімді айттым. «Е, біздің Ұлықбектің жерлесі болдыңыз ғой», – деді жаңағы бойы аласасы. Бұл Қонысбай екен.
«Бүгін күн ашық. Таза ауға серуендеп қайтсақ, қалай қарайсыз» деді. Өзім қорқып та тұрмын. Бір жағынан тәп-тәуір жігіттер. Әрі біреуі «Қарлығаштың жерлесімін» дейді. Содан көшеге шықтық. Көбіне Қонысбай сөйлеп келеді. Қолында кішкентай бәкісі бар. Әрі-бері айналдырып қояды. «Қарындас, менің бір қолым бір қолымнан қысқа, әрі бір аяғымды сылтып басамын», – дегенін естігенде тіпті, үрейім ұшты. Ішімнен «Мынау қандай адам өзі?», – деп қоямын.
Біраз серуендеген соң жігіттер жатақханаға әкеліп салды. Көп ұзамай қыздар да келді. Қарлығаш орысқолды қыз еді. Қонысбайдың іздеп келгенін естігенде: «Да, ты че, он же великий человек. Оның «Бала махаббаты» деген әні бар», – деп есі шығып кетті. «Әй, қойшы, өзі бір аяғын сылтып басады, бір қолы бір қолынан қысқа, қолында бәкісі бар. Қандай великий человек?», – деп күлдім.
29 сәуір Ұлықбектің туған күні екен. Сол күні қасымдағы қыздар болмай қалған соң бізді келесі күні қонаққа шақырды. Журфактың жатақханасына бардық. Естен кетпес отырыс болды. Кілең өнерпаз жігіттер жиналыпты. «Ләйлім шырақ» деген ансамблі бар. Өлең оқылып, ән шырқалып жатыр. Қоныстың Марат Нұрқалиев деген жерлесі болды. 33 жасында қайтыс болып кетті. Талантты сатирик, тамаша суретші. Өте өнерлі жігіт. Әнді де жақсы айтады екен. Бақберген дауылпазда ойнады. Қоныс бас-гитарада ғой деймін... Нұртілеу – соло-гитарада. Біз, қыздар аузымызды ашып, таң қалып отырмыз. Әлгі жігіттерге бәріміз ғашық болып қалғандай күй кештік. Біз солай, Ұлықбектің туған күнінде танысқанбыз.
 
 
ҚОНЫСПЕН 48 ЖЫЛ ОТАСҚАНЫМДА
ТӨРКІНІМЕ БІР-АҚ РЕТ БАРЫППЫН...
 

 
 – Екеуіңіз қай жылы шаңырақ көтердіңіздер?
 – 1974 жылы маусым айының аяғына таман оқуымды бітіріп, диплом алдым. Енді жолдамамен елге кетуім керек болды. Мұны естіген Қоныс: «Қой, сен еліңе кетсең, енді жолығуымыз екіталай. Одан да екеуіміздің шаңырақ көтергеніміз дұрыс болар» деген ұсыныс жасады. Сөйтіп, 18 жасымда Торғай облысы Жангелдин ауданы Қызыләскер кеңшарының Көлбике деген бөлімшесіне келін болып түстім.
Мен үйде әжемнің қызы боп ерке өстім. Ештеңеге алаңдаған емеспін. Әжем марқұм «Қыз – қонақ» деп, үй шаруасына көп араластыра бермейтін. Торғайға келген соң бәрін үйрендім ғой. Келін боп, орамал да тарттым, сәлем де салдым, сиыр да саудым. Тіпті, үйітілген қойдың басының жағын айырған кездерім де болды.
Аталардың атын тергеп айтуды білдім. Қайын атам жарықтық өте байсалды, қарапайым кісі. «Хасанғалиев» деуші едім. Бөлімшенің бухгалтері болып жұмыс істеді. Қоныстың анасы 39 жасында баладан қайтқан екен. Үйде екінші енеміз болды. Екі кішкентай қайным бар. Серік – 14, Бақытжан – 10 жаста.
Қоныстың оқуы бар, күзге салым Алматыға кеттік. Пәтерден пәтерге көшіп жүргенде тұңғышымыз Еңлік туды.
 
– Қоныс ағаның студенттік шағы қалай өтті?
– Біздің Алматыдағы отбасылық өміріміз кісінің босағасында, пәтерде өтті ғой. Бұл таңқаларлық нәрсе емес. Қарагөздердің бәрінің басындағы жағдай солай болды. Ешкім баламен пәтерге алмайды. Бір жағынан Қоныстың достары да көп. Бәрі шұбырып біздікіне келеді. Келгесін улап-шулап, өлең айтады. Ол үй иелеріне ұнай қоймайды. Тіпті, жер үйде, біреудің времянкасында тұрып, от жаққан күндеріміз де бар.
Қоныстың оқуы жақсы болды. «Ләйлім шырақ» ансамбілінің құрамында өнер көрсетуге де, шығармашылықпен айналысуға да уақыт тапты. Темірдей тәртіпті талап ететін декан Темірбек Қожакеев те бұл жігіттердің бетінен қаққан жоқ.
Белгілі ақын Кеңшілік Мырзабеков екеуі ағалы-інілі болып жақсы сыйласты. Өзіміз пәтер жағалап көшіп-қонып жүрсек те, ағай үйімізге жиі келіп тұратын.
Ұзақ жылдар Қазақ радиосында жұмыс істеген белгілі журналист Тұрғынбек Шопанов ағамыз Еңлік туғанда арнайы келіп, үйіне қонаққа шақырды. Дастархан басында Төлен Әбдік, Қойшығара Салғарин бастаған торғайлық ағалар отырды. Сол кісілерге тік тұрып қызмет көрсеттік. Біз мұны ағамыздың бізге деген құрметі деп қабылдасақ, бір жағынан жас отау үшін таптырмас тәрбие де еді. Сол арқылы үлкендердің алдында қалай жүріп-тұруды, қонақ күтуді үйрендік.
Қонысқа қосылған соң мен Алматыда көп тұра қойғаным жоқ. 1975 жылы елден «Атамыз науқас» деген хабар келді. Ол кезде екінші қызым Жадыраға аяғым ауыр. Еңлікті көтеріп, Торғайға тарттық.
Атамды ақ жуып арулап, жер қойнына тапсырдық. 49 жасында дүниеден өтті. Маған қайныларымның қасында қалуға тура келді. Оның үстіне баламен пәтер жағалап, әркімге бір кіріптар болғым жоқ. Қоныс екеуіміз бір-бірімізді қимай тұрсақ та, «Мен қалайын» дедім.
Екі қайным жас. Екінші енем жұмыссыз. Отбасын асырау керек. Ол кезде Көкалат ауылында үлкен Универмаг бар еді. Сонда екі сатушының бірі болып жұмысқа тұрдым. Солай бір жалақымен екі жыл жұмыс істеп, бір отбасын асырауға тура келді.
 
 – Содан бастап Сіздер елде тұрып қалдыңыздар ғой?
 – Иә. 1977 жылы Қоныс оқуын бітіріп келді. Ауылда құдайы жасап, қариялардың батасын алдық. Ертесіне ағаңның: «Заттарды жина, Алматыға кетеміз» демесі бар ма? Мен бірден қарсылық білдірдім. «Онда барып, тағы да кісі есігін сағалап, пәтер жалдап жүреміз бе? Екі бала кішкентай. Оның үстіне екі қайнымның да қанаты қатайып, қабырғасы бекіген жоқ. Екінші енеміз бар. Оларды кімге тастаймыз?», – дедім.
«Мені Фариза апай «Пионер» журналына жұмысқа алды. Сен менің болашағыма балта шаппа, ойлан. Кешікпей пәтер де алып қаламыз» дейді. Әйтсе де ақылға келіп, елде қалатын болып шештік.
Сөйтіп, аудан орталығы Торғайға көшіп келіп, бір кездері өзі еңбек жолын бастаған «Жаңа өмір» газетіне бөлім меңгерушісі болып орналасты. Басында біраз коңырайып жүрді. Екі жыл өткесін республикалық «Лениншіл жас» газетінің Торғай, Целиноград облыстарындағы меншікті тілшісі болып тағайындалды.
Жалпы, Қоныстың қызмет жолы өсуден тұрды. Оған жайдары мінезінің, кісімен сыйласа білетін қасиетінің әсері болған шығар деп ойлаймын. Көпшіл еді ғой. Кісіге қиянат жасамақ түгілі, тіл зәбірін де көрсеткен жан емес.
1985 жылы «Торғай таңы» газеті редакторының орынбасары қызметіне бекітіліп, жемісті еңбек етті. Облыс алғаш жабылғанда қалалық «Арқалық таңы» газетін ашып, басшылық жасады. Торғай облысы қайта ашылғанда телевидениені басқарды. Бұл қызметті бес жыл атқарыпты. Осы жылдар ішінде Қонысбай облыс мәдениетін көтеруге барынша күш салды. Айтыс өнерінің жандануына сүбелі үлес қосты. Торғай айтыс ақындары мектебіне жетекшілік жасады.
Кейінгі өмірі елдің көз алдында, Астанада өтті ғой. Елордада мемлекеттік тілді дамыту ісінің негізін қалағанын ел біледі. Тілдерді дамыту басқармасына басшылық жасады. Сол кездегі Астана қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Мұхамеджановтың басшылығымен басқарма жанынан «Руханият» мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығын ашты. Қазақтың салт-дәстүрін, мәдениеті мен өнерін насихаттауда көптеген жетістіктерге қол жеткізді.
Бас қалада 10 рет республикалық деңгейдегі ақындар айтысын өткізіпті. «Тазша бала» конкурсын ұйымдастырып, ел ішіндегі көптеген таланттардың танылуына жол ашты. Наурыз мейрамын халықтық мереке ретінде тойлау, Тіл фестивалін өткізу, Абай ескерткіші жанында «Поэзия сағатын» ұйымдастыру, елорда қаламгерлерімен жүздесу дәстүрге айналды.
Соңғы уақытта Парламент Мәжілісінің редакциялау және аударма бөлімінде сектор меңгерушісі болып істеді. Мұның бәрін айтып отырғаным, бір шаңырақ астында өткен елу жылға жуық өмірімізде Қоныс ұдайы ат үстінде жүрді. Елге, руханиятқа қызмет істеді. Өнерге, өлеңге адал болды.
Біз мағыналы ғұмыр кештік. Арманымыз да, жоспарымыз да көп еді. «Зейнетке шықсам, жазатын дүнием жетеді. Халықтың ортасында болам» дейтін. Осы күні «Қонысты жұмыс жеп қойды ма?», – деп те ойлаймын. Денсаулығына көп қарай алмады. Әсіресе, екі бауыры Бақытжан мен Серіктің қазасы жанына қатты батты. Содан түсіп кетті.
Зейнетке шыққан соң жиі сырқаттанатын болды. Екеуіміздің ағайынның ортасында қыдырып, жүріп-тұрамыз деген жоспарымыз орындалмас арманға айналды. Мүмкіндік болса, шипажайға дем алуға жіберем, не ауруханаға ем алуға жатқызам. Дені сау кезінде қызметтен босай алмаса, зейнетке шыққасын дертінің кесірінен қайын жұртының бірнеше рет шақыртуына да бара алмады.
Уақыт қас-қағым деген осы екен. Қоныспен отасқан 48 жыл ғұмырымда екеуіміз төркініме әкем қайтқанда топырақ салуға ғана барыппыз. Қоныс жібермегеннен бара алмай қалғаным жоқ. Ер азамат болғасын, оның ішінде ақын елдің адамы. Азаматымның киіміне қыртыс түспесін, уақтылы ас-суын ішсін деп, әр уақытта қасынан табылуға тырыстым.
 
 
ҮЙІМІЗДЕ КӨКЕН АТА СЫЙЛАҒАН КҮМІС
БЕЛДІК САҚТАУЛЫ
 


 
– Қоныс аға айтыс сахнасына алғаш рет қашан шықты?
 – Негізі, Қонысбай – жазба ақын. Әйтсе де, аты айтыс ақыны болып шықты ғой. Құрметке де, атаққа да сол арқылы ие болды. Айтыс оның өмірінде үлкен орын алды. Әселхан, Әсия, Қатимолла, Ерік, Серік, Құдайберлі, Қуаныш тағы басқа айтыскер қыз-жігіттер алдарындағы қос ағасы Көкен Шәкеев пен Манап Көкеновтерден үлгі алды. Қазіргі қазақ айтысын қайтадан жандандырып, оны өз биігінен түсірмеуге барынша күш салды.
Қоныс алғаш айтыс сахнасына 1980 жылы шықты. Ол кезде «Жаңа өмір» газетінде жұмыс істейді. Жангелдин ауданындағы идеологияға жауапты Қайырбек Алматов деген ағамыз шақырып алып, облыста өтетін айтысқа қатысу туралы тапсырма беріпті. Басында «Бұл қалай болар екен?» – деп қипақтағанымен, амал жоқ, баруға тура келді.
Қоныс сол айтыстан жеңімпаз болып оралды. Өте жақсы айтыс өтіпті. Қай кезде де халықтың өнерге, ақынға деген ықыласы күшті ғой. Залда отырған көрерменнің арасынан бір ақсақал ризашылығын білдіріп, Қонысқа қарата алма лақтырған екен. Қоныс алманы жерге түсірмей қағып алып:
Шын жүйрік қай кезде де алда болар,
Жақсының жанкүйері мол да болар.
Әзірге дәл мен үшін үлкен бәйге,
Ағатай, өзің берген алма болар, – деп табан астында бір шумақты айтып жібереді. Көргендерден «Сол сәтте көрермен кең даланы жаңғыртып қол шапалақтап, шулап кетті» дегенді естідім.
 
 – Қоныс ағаның айтыс ақыны ретіндегі өмірі осылай басталды ғой.
 – Әрине, сол алғашқы айтыстан соң облыс көлеміндегі сөз сайыстарына жиі қатысып жүрді. Соның бәрі үлкен додаларға дайындық болған сияқты.
1984 жылы Кенен атаның 100 жылдығына арналған республикалық айтысқа алғаш рет қатысып, 2-орынмен оралды. Содан кейін-ақ айтыстың додасына бел шешіп, кіріп кетті.
Айтыс дегенде бәріміз шаруамызды жиып қоятын едік қой. Небір ғажап айтыстар өтті. Сол айтыстарда Қоныс әдептен аспайтын. Қарсыласын сыйлап, мәдениетті айтысты. Бұл да бір қанында бар мәрттіктің белгісі болар.
Ерік екеуінің 1990 жылғы халықты орнынан отырғызып-тұрғызған айтыста Қонаев ақсақал туралы көп шындық айтылды. Екеуі де ешкімнен тайсалған жоқ. Қазақ деген ұлттың көкейіне тығылған мұңды жеткізді. Сол айтысқа риза болған Димаш атамыз екі інісін шақырып алып, алғыс айтпақ ниеті барын білдірген екен. Әйтсе де, Қоныс пен Ерікке ол кісімен кездесуге мүмкіндік берілген жоқ.
 
 – Өнердегі ұстаздары кім еді?
 – Көкен Шәкеев пен Сейіт Кенжеахметовті ұстаз тұтты. «Көкен ағамен айтыспасам, мен мұндай биікке шықпас едім» – деп, ол кісіні құрметтеп өтті.
1985 жылы өткен айтыста Көкен Шәкеевпен сөз қағыстырып,
Болғанда мен бір Нұрхан, Сіз бір Иса,
Мақтаудың аздық етер бәрін жиса.
Ініңіз өз жөнінен жығылған жоқ,
Ағасы өзі білсін, жолын қиса, – деп ағасынан бата сұрағаны бар.
«Айтыс арқылы халыққа танымал болуыма үлкен үлес қосқан кісілер», – деп Мырзатай Жолдасбеков пен Жүрсін Ерманды да қатты құрметтеді.
Осындайда еске түседі, Көкен атамыз айтысқа барған жерінде жеке бөлмеге бір өзі жайғасатын еді. Ақынның бәрі сонда жиналады. Іргеде тұрған үлкен чемоданын таяғымен нұсқап, «Ананы ашыңдар, балалар» дейді. Апай арнайы сақтаған сүрлерін беріп жібереді екен. Келін боп, әдемілеп шайларын жасап берген кездерім де болды. Шіркін, сөздің құдіретіне не жетсін?! Әңгімелері таңға созылатын. Ерік бар, Құдайберлі бар, Аманжол да шет жағасы көріп қалды, сағынысып кездесетін. Осы күні сол бір сәулелі сәттерді сағынып кеткенде, менің де бүйрегім бүлк ете қалады.
1994 жылы Арқалықтан Көкшетауға Көкен атаның 70 жылдығына бардық. Қай кезде де жақсының жақсылығын айтқан абзал, Торғай облысының әкімі марқұм Жақан Қосабаевтың арнайы бөлген көлігімен Көкшеге артынып-тартынып жеткен күндер бұл күнде естелік болып қалды. Сол тойда Көкен атамыз Қонысқа атасынан қалған алтын жалатқан күміс белдігін тарту етті. Сол жәдігер үйімізде сақтаулы тұр. Биыл Көкен атаның да туғанына 100 жыл толады екен.
 

 
– Қоныс ағаның айтыста жүргенде көрген әділетсіздігі есіңізде ме?
 – Ағаңның өзі: «На мой век хватит» деп әзілдеп отырушы еді. Өнерде жүргесін ондай кедергілердің болып тұруы заңдылық шығар. Әсіресе, қазылар тарапынан кеткен бұрмалаушылықтар көңілін құлазытқан кезі көп. Тауаны бір қайтып қалған адам көзіне қамшы тиген аттай жалтақ болып қалады ғой. Айтыстан ертерек кетіп қалуына соның да салдары тиген болар. Екінші жағынан өзін шығарып салып, қарсы алатын облысы жоқ. Жетім баланың күйін кешіп, жарым көңілденіп жүруге де төзе алмаған сияқты.
1995 жылы Абайдың 150 жылдығына орай Семейде өткен айтысқа қатты дайындалды. Үлкен үмітпен барды. Қазылар бұрмалап, бірінші айналымда шығып қалды. Сол жанына қатты батты. Арқалыққа келген соң төргі бөлмеге жерге төсек салып жатып қалды. Ешкіммен тілдеспейді. Ешкімді көргісі келмеді. Қоныстың бұл жағдайы бүкіл Торғай жұртына танымал аяулы ұстаз Күләнда Бөкешова апамыздың құлағына жетіпті. Бір кеште үйге келе қалсын. «Әй, Қоныс, бұл не жатыс? Құсадан өлейін деп пе едің? Әлде, ылғи сен бірінші бола беруің керек пе? Көтер басыңды!», – батыра айтты.
Үлкен кісі келген соң қазан көтердім. Нұрханға аяғым ауыр еді. Сөз арасында апама соны құлаққағыс қылдым. Жарықтық Күләнда апай: «Е, міне, бір жағынан бермесе, екінші жағынан береді. Әне, үйіңде үлкен қуаныш болғалы тұр», – деп Қонысты жігерлендіріп жіберді.
Бұған дейін төрт қыз туған соң ба, Нұрханға аяғым ауыр екенін ешкімге айтпай, қорқасоқтап жүрген кезім. Оның үстіне айтыста да Қоныстан атұстар жайлы сұрап жатады.
Ой, несін айтасың, бұлар айтыстың шаңырағын көтеріп, уығын қадаған талантты буын ғой. Қай-қайсы да айтыс деген бекзат өнерге адал қызмет етті. Сыйластықта ғұмыр кешті. Әселхан, Әсия апаларымен бірге халық ақыны атағын алғанда Қоныс 36 жаста екен. Кім білсін, тірлігінде қолын жайып батасын ала алмаса да, өле-өлгенше пір тұтып өткен Нұрхан атамыздың аруағы жебеген шығар.
«Нұрханды сағыну» дейтін толғауында «Абайдай ұлы болуды армандап әркім өтеді, ал өзіме Нұрхандай ақын болсам жетеді» деп жырлады. Алланың аузына салғаны шығар, Нұрхан Ахметбеков халық ақыны атағын алғаннан
27 жыл өткесін бұл атақ Қонысқа бұйырды.
 
– Айтысқа Қонысбай аға әкелген жаңа есім кім?
 – Жас күнінен баулыған алғашқы шәкірті – Жадыра Құтжанова. «Айтысқа жөргегінен тәрбиеледім» деп отырушы еді. Алматыда тұңғыш рет өткен халықаралық ақындар айтысында ақ боз ат мінді. Жадырадан кейін Гүлнар Қалқаева деген ақын қызды тәрбиеледі. Өте талантты бала еді. Амал не, жастай дүниеден өтіп кетті.
Гүлнәрді 1990 жылы Ташкентте Балқы Базардың 150 жылдығына орай өткен Орта Азия мен Қазақстанның ақындары қатысқан халықаралық айтысқа алып барды. Сол айтыстан бас бәйгені Қоныс, бірінші орынды Гүлнәр иеленіп келді.
Ташкент сапарының алдында «Өмірінде бір рет республикалық айтысқа қатыспаған қызды халықаралық айтысқа қалай апарасың?», – деп қарсылық білдіргендер болыпты. Бірақ, Қоныс қоярда-қоймай жүріп, бар жауапкершілікті өз мойнына алды. Гүлнәр сол сенімді ақтап, үлкен додада топ жарды.
Кейінгі шәкірті Айбек Қалиевті елдің бәрі біледі ғой. Жалпы, шәкірт дегеннен шығады, Қоныстың өзі «Оны міндетті түрде қолынан жетелеп жүру шарт емес» дейтін. Талдықорғанда Жандарбек Бегімбетов деген талантты ақын болды. Ол да ағасын ұстаз деп, құрмет тұтатын еді. Алыстан ұстаз санаған жастың ешқайсысын жатырқаған емес. Талай жас дарынды тәрбиелеп топқа қосты.

 

АНАСЫНА «БАЛА МАХАББАТЫМЕН»,
МАҒАН «БАҚЫТ ТУРАЛЫ БАЛЛАДАСЫМЕН»
ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫП КЕТТІ
 
 – Қоныс ағаның ел біле бермейтін қандай ерекше қасиеттері бар?
 – Бойындағы құдай берген қабілеті болар, өзінің талабы да болған шығар, бала күнінен бірнеше музыка аспабында ойнайды екен. Оқуға түсетін жылы Темірбек Қожакеев: «Жазу-сызудан бөлек кімнің қандай өнері бар?» – деп сұрағанда, Ұлықбек бокспен айналысатынын айтыпты. Тағы бір қыз «билеймін» деп жауап берген. Қоныс: «Мен любой аспапта ойнаймын» деген екен. Соны курстастары күліп айтып отыратын еді. Иә, Қоныс домбыра өз алдына баян, гитара тартатын. Шертерде, мандолинада ойнай білетін.
Бірақ баянды солақай тартты. 5-6 сыныпта оқып жүргенде болар, атам ауылдың дүкенінен баян сатып алып беріпті. Ол кезде баянның тілін білетін адам жоқ. Өзі тартып үйренген. Бірақ, теріс ұстап үйреніп кетіпті. Қалаға концертке барса, бәрі оң ойнап отырғанын көреді. Олардың бәрі Қонысқа теріс болып көрінеді. Келесі концертте де сол көрініс. Сөйтсе, өзі теріс тартады екен ғой. Ақыры солақай ойнап кеткен.
 
– Ақынның жары болу қиын емес пе?
– Оның рас, ақынның жары болу оңай емес. Сен сол ақынды жаныңмен сүйіп, жаныңмен түсіне білуің қажет. Бір жағы жары болсаң, бір жағы анасындайсың. Қоныстың өзі де маған арнаған «Бақыт туралы баллада» деген әнмен айтылатын өлеңінде:
Бөлістік мына өмірдің бар қызығын,
Сен барда қажеті не хан қызының?
Анамдай шуағыңмен аймалайсың,
Тілеуін тілеп өтер жалғызының, – деп айтып кеткен екен.
Қоныстай ақынмен өмір сүру көп нәрсеге көзімді ашты. Ол көп кісілермен араласты. Қызметтес болды. Соның бәрінде қасында болдым. Қуанышын да, күйзелісін де бірге көтере білдім. Бастысы, жарымның рухани сұранысына лайық болған сияқтымын. Қонысбайдай азаматпен жолықтырған тағдырыма ризамын. Анасына «Бала махаббатымен», маған «Бақыт туралы балладасымен» ескерткіш қойып кетті.
Қоныс отбасында өте қарапайым. Балаларға да, маған да жекіп көрген жан емес. Нұрхантайын өсірді, оқытты. Қатарынан қалдырған жоқ.
Балалардың ішінде Ақмарал өнерге жақын болып өсті. Папасының «Бала махаббатын» жақсы орындайтын. Өлең жазатын қабілеті де бар. Әкесі: «Өнердің жолы – ауыр. Оның ішінде ақындықты алып жүру оңай емес. Топты жарып шығып, өзіңді дәлелдей алмасаң, араласпай-ақ қой» деген ақылын берді. Кейін қызымыз тұрмысқа шығып, отбасылы болды. Кім білсін, Қоныстың бұл қасиеті немересіне ме, әлде шөбересіне ме, даритын болар? Қалай дегенмен, ақындық басқа қонған бақ қой.
Дүние жимасақ та, көштен қалғанымыз жоқ. «Маған осы қоңыр тірлігім ұнайды» деп үнемі айтып отыратын. Қай ортада болсын Қонысжан болып жүре алды.
Қолымда бай мұрасы қалды. Енді соның бәріне өзім ие болып жатырмын. Қоныстың жары болғасын, сөйлеуге де тура келеді екен. Ақпан айында туған жері Торғайдың Сужарған ауылы Қонысқа арнап, «Өмірді жырмен өрнектеген» атты әдеби-сазды еске алу кешін өткізді. Біраз кітаптарын беріп жібердім. Онлайн-сұхбат бердім.
«SHALQAR» радиосындағы «Жақсының жары» хабары сұхбат алды. Онда да біраз естеліктер айттым. Жазу-сызуға жоқ едім. Қазір қолыма қалам алып, Қоныспен бірге өткізген өмірімді қағазға түсіріп, естелік жазып жатқан жайым бар.
 
 – Алдағы уақытта Қоныс ағаның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында қандай іс-шаралар мен жоба-жоспарлар бар?
 – Астана қалалық Тілдері дамыту басқармасы 70 жылдығына арналған еске алу кешін мамыр айында өткізуді жоспарлаған еді. Елдегі төтенше жағдайға байланысты күзге қалдырылды. Одан бөлек ұйымдастырушылардың алдағы маусым айының басында Қостанайда республикалық айтыс өткізу жоспары бар. Оның да уақыты қосымша хабарланады-ау.
Нотаға түспеген біраз әндері бар екен. Мені солардың тағдыры алаңдатады. Болашақта мұражай ашсам деген де арманым бар.
 
 – Әңгімеңізге рахмет.
 
 
Сұхбаттасқан,
Мұхарбек Жәкейұлы
 
 

Pikirler (0)
Jiberỳ
MÁDENIET ÚILERINIŃ JAŃALYQTARY
bólimge ótý >>
30.12.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 26 желтоқсан күні Денисовка ауылының орталық алаңында Денисов ауданының бас шыршасын жағу рәсімі өтті
28.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
28 желтоқсанда сағат 17:30-де жылы және мерекелік ортада аға буын өкілдеріне арналған «Жаңа жылдық жарқын кеш» атты би бағдарламасы өтті.
28.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
Бүгін, 28 желтоқсанда, "Мирас" МС әртістерінің ұйымдастыруымен номер №13, №8, №10 маршруттарында Жаңа жылдық маршрут атты қызықты бағдарлама өтті
26.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
Қонай тұрғын алабында шыршаны жағу
26.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
#REPOST @marat_zhundubaev ✅ Бүгін, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында, қоныстанушылар «Береке» шағын ауданындағы №38 үйдің пәтерлерінің кілттерін алды
26.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
Қостанай теміржол вокзалына 50 жыл толды
26.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
24 желтоқсан күні сағат 10:00-де УКА 1612 аумағында «Төрлет құтты жаңа жыл» атты мерекелік концерттік бағдарлама өтті
25.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
25 желтоқсан сағат 13:00 Амангелді тұрғын ауданындағы «Қостанай қаласы білім бөлімінің № 30 жалпы орта мектебі» ҚММ базасында «Жаңа жыл жаңа бақыт» атты концерттік бағдарлама өтті
25.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
Қостанай қаласында басты шыршаның шамы жағылды
24.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
24 желтоқсан күні, сағат 13:30-да «Қостанай қаласы білім бөлімінің №25 жалпы білім беретін мектебі» ҚММ қабырғасында «Сиқырлы сәттер» концерттік бағдарламасына өтті
24.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
QOSTANAI TV: Шырша шамдары жағылды
23.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
Шыршаны Жағу
23.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
23 желтоқсан күні сағат 18:00-де қала әкімі М.Жүндубаевтың қатысуымен облыс әкімдігінің алаңында бас шыршаны салтанатты түрде жағу рәсімі өтті
23.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
#REPOST @marat_zhundubaev ✅ Бүгін мен Қостанайдың бас шыршаның шамдарын жағу рәсіміне қатыстым
23.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
Video by @10element_reklama & @amangeldytelmanov
23.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
#REPOST @qostanai_tany Қостанайда жаңа жылдық шамдар жарқырап, қала мерекелік көңіл-күйге бөленді. Бүгін қаланың орталық алаңында басты шыршаның шамы жағылды. Бұл балаларға да, ересектер үшін де қуаныш сыйлады.
23.12.2024
Б. Майлин дом культуры
Мереке бізге келеді
22.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
Бүгін, 22 желтоқсанда, сағат 18.00-де, "Қостанай плаза" СО-да "Мирас" МС, ұжымдары, "Қуаныш Толқындары" қатысуымен шығармашылық ұжымдарының қатысуымен керемет концерттік бағдарлама өтті
22.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
22 желтоқсанда, сағат 12:00, «Март» СО «Қуаныш толқындары» ArtSport жобасының шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама өтті
21.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
Video by @amangeldytelmanov
ÓZGE JAŃALYQTAR
MÁDENIET ÚILERINIŃ JAŃALYQTARY
Қонай тұрғын алабында шыршаны жағу
Автор: Қостанай қ. дом культуры
26.12.2024
Ary qaraı
Қостанай теміржол вокзалына 50 жыл толды
Автор: Қостанай қ. дом культуры
26.12.2024
Ary qaraı
Қостанай қаласында басты шыршаның шамы жағылды
Автор: Қостанай қ. дом культуры
25.12.2024
Ary qaraı
QOSTANAI TV: Шырша шамдары жағылды
Автор: Қостанай қ. дом культуры
24.12.2024
Ary qaraı
Шыршаны Жағу
Автор: Қостанай қ. дом культуры
23.12.2024
Ary qaraı
Video by @10element_reklama & @amangeldytelmanov
Автор: Қостанай қ. дом культуры
23.12.2024
Ary qaraı
Мереке бізге келеді
Автор: Б. Майлин дом культуры
23.12.2024
Ary qaraı
Baılanys aqparattary:
Qostanaı oblysy ákimdigi mádenıet basqarmasynyń "Oblystyq qórkemónerpazdardyń halyq shyǵarmashylyǵy men kınobeıneqor ortalyǵy" KMQK
Zańdy mekenjaıy:
110000, Qazaqstan Respýblıkasy, Qostanaı q.,
Lermontov kόshesi, 15
Rekvızıtter:
BSN 990340002744
JSK KZ8594807KZT22031664
«Eỳraziialyq bank» AQ
BSK EURIKZKA
Telefony:
+7 (7142) 562-428
+
Сообщение сайта
+
Заказ обратного звонка
ОТПРАВИТЬ
+
Рұқсат
Kirý