Республика күніне орай Ұзынкөл ауданында Қостанай композиторларының әндерін орындаушылар арасындағы «Тобыл сазы» облыстық вокалдық байқауы өтуде

Дәстүрлі өнер додасы биыл Қостанай облысының 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр.
Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының қолдауымен Облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығы және Қостанай облыстық Композиторлар одағы бірлесіп ұйымдастырған байқауға өңірдің аудан-қалаларынан тоғыз вокалдық топ қатысуда.
Өнер додасының ашылу салтанатында Ұзынкөл ауданы әкімінің орынбасары Қазыбек Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өңірдің мәдени өміріндегі мұндай шаралардың маңыздылығына тоқталып, ұлттық музыкалық мұраны насихаттау мен жергілікті композиторлардың шығармашылығын дәріптеудің мәнін атап өтті.
Байқауға қатысушылардың өнерін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Гүлбану Абдулина, әнші-термеші Манарбек Байтасов және оқытушы Ботагөз Биғабылова бағалайды. Қазылар алқасы орындаушылардың вокалдық шеберлігіне, әнді нақышына келтіріп орындауына, сахналық мәдениеті мен шығарманың көркемдік мазмұнын жеткізуіне назар аударады.
Байқау ережесіне сәйкес, әр қатысушы Қостанай композиторларының бір әнін және өз таңдауы бойынша қазақ композиторларының патриоттық тақырыптағы тағы бір әнін орындауы тиіс. Өнерпаздар трио, квартет және өзге де вокалдық құрамдарда өнер көрсетіп, екі шығарманы да жанды дауыста шырқап жатыр.
Байқаудың шымылдығын қазылар алқасының мүшесі, Ұзынкөл ауданының тумасы Манарбек Байтасов әнмен ашты. Оның орындауындағы ән өнер мерекесіне ерекше сән беріп, қатысушылар мен көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
«Тобыл сазы» байқауы – өңір композиторларының шығармаларын кеңінен насихаттап, вокалдық топтардың орындаушылық шеберлігін шыңдауға бағытталған маңызды мәдени шара. Сонымен қатар, ол жергілікті авторлардың ән мұрасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, туған жерге деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді өнер арқылы дәріптеуге мүмкіндік береді.







