X Factor Kazakhstan жобасының оныншы маусымында көрермендердің көп дауысын жинап, жеңімпаз атанған жерлесіміз Ұлпан Жұмабек бүгін туған жерге аман-есен жетті
Аэропорттан жеңімпазды облыстық халық шығармашылығы орталығының ұжымы гүл шоқтарымен, күмбірлі күйдің үнімен, сырнайлатып қарсы алып, қошемет көрсетті. Бұл жерге туған туыстары, достары да келіпті.
Ұлпан Әулиекөл ауданындағы Қазанбасы стансасының тумасы. Жобада Ұлпанның тәлімгері Ділназ Ахмадиева болып, шәкіртін жетеледі.
Ұлпан шешуші концертте «Құсни Қорланды» жеке дауыста, қазақ батыры жайлы әнді Нұргүл Нұғымановамен шырқады. Нәтижесінде дауыс берушілердің 35,34 пайызы Ұлпан Жұмабектің өнерін үздік деп бағалады.
Әр шешуші сәтте әнші қыздарын жерлестері де қолдап, дауыстарын аямады. Ұлпан осы сенімді ақтай білді.