Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған 34- «Өнеріміз саған, Қазақстан!» атты облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы фестивалі Науырзым мен Әулиекөл ауданында жалғасты. Жаңа таланттарға жол ашқан жарыс барысында екі өлке өнерпаздары да шығармашылықтан кенде емес екенін айқын аңғартты. Облыстық мәдениет басқармасы өкілдері мен өнер майталмандарынан құралған қазылар алқасын науырзымдықтар әуелі әнмен, содан соң дәммен қарсы алды. Қонақтарға арнайы тігілген киіз үйде «Ұмыт болған ұлттық тағамдар» атты көрме ұйымдастырылып, халқымыздың ежелгі ас мәзірі қайта жаңғырды. Дәстүрлі тағамдардан дәм татқан соң өнер сарапшылары сахна төріндегі көріністерге көңіл аударды. Елдегі эпид ахуалға байланысты 2 жылға жуық жергілікті жұрт шығармашылыққа сусап қалған еді, бұл жолғы байқау көптің көңілін бір серпілтіп тастады. Әсіресе, аға буын өкілдері ескі де, есті әндер тыңдап, құлақь құрышын қандырғандарын жасырмайды. Концерттік бағдарламаның соңы салтанатты рәсімге ұласты. Аудан әкімі бірқатар жергілікті өнерпазды мәдениет саласын дамытуға қосқан үлесі үшін арнайы грамотамен марапаттады. Концерт қорытындысын жариялаған соң қостанайлық делегация Әулиекөл ауданын бетке алды. Әулиекөлдіктер де әуелі көркемөнерпаздардың шығармашылығын бағалаушылар назарына көрме ұсынды. Бірақ, бұл жердегі жұмыстардың мазмұны бөлек. Бейнелеу өнері туындылары, кітаптар көрмесі және жас өнертапқыштар қазылардың көңілін роботтармен өзіне аудара білді. Қызықты көріністердің куәсі болған өнер сарапшылары көп бөгелмей, негізгі міндеттеріне кірісіп, аудан өнерпаздарының шығармашылығына тәнті болды. Сахна төріндегі көріністер сан түрлі бағытты қамтыды. Мұнда мың бұралған би де, күмбірлеген күй де, әуезді әсем ән де әрбір көрерменнің жүрегіне жол таба білді. Айта кету керек, көбіне ұлттық нақыштағы шығармалар орындалды. Жергілікті өнерпаздардың жылдық есеп беру байқауын қазылар алқасы да жоғары бағалады. Екі жылға жуық үзіліске қарамастан, әулиекөлдіктердің бұл фестивальге деген дайындықтары өте жақсы. Бұдан көрермен карантиннің мәдениет саласына кедергі емес екенін көкейге түйді.