АРҚАЛЫҚТА ДӘСТҮРЛІ ӘН БОЙЫНША АЙМАҚТЫҚ ШЕБЕРЛІК САҒАТЫ ӨТТІ
21.12.2019
1906
0
Ақпаратты достарыңызбен сілтеме арқылы бөлісіңіз:
Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының "Облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығы" КМҚК ұйымдастыруымен 21 желтоқсан күні Арқалық қалалық мәдениет сарайында, Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 75 жылдығына және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған "Өнеріміз саған, Қазақстан!" атты облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы байқау-фестивалі қарсаңында дәстүрлі ән бойынша аймақтық шеберлік сағаты өтті.
Іс-шараға дәстүрлі әнге деген қызығушылығы бар өнерпаз жастар қатысты.
Рудный музыкалық колледжінің оқытушысы, облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі Талғат Молдағалиев "Халық әндерінің орындалу ерекшеліктері" тақырыбындағы шеберлік сағаты барысында ән айтқанда демді қалай алу керектігі жөнінде, әншінің домбыра қағысы, әнді мәнерлеп орындау техникасымен қатар, халық әндерін орындаудың өзіндік ерекшеліктерін көрсетіп түсіндірді.
Шеберлік сағатында әр өнерпазбен жеке жұмыс жасалып, әндері тыңдалып, репертуар таңдау мәселесі бойынша кеңестер берілді.
Мониторинг, талдау және әдістемелік жұмыс бөлімінің редакциялық жұмыс жөніндегі әдіскері Жармағанбетова Жаңагүл Рахымжанқызы Арқалық қалалық мәдениет сарайының көркемдік жетекшілері, әдіскерлерімен кездесіп, іс-қағаздарымен танысып, жылдық есепке қойылатын талаптар жөнінде кеңес берді.
Шеберлік сағаты соңында қатысушыларға сертификат табысталды.
Арқалық қалалық мәдениет сарайының директоры Жұмабаева Алмагүл Сейтжанқызына дәстүрлі ән бойынша аймақтық шеберлік сағатын өткізуге қолдау көрсеткені үшін алғыс айта отырып, ұжымға шығармашылық табыс тілейміз.