Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында жерлесіміз, тақтақ ақын Нұржан Наушабайұлы атындағы «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен...» республикалық жыр-терме, дәстүрлі ән орындаушылар фестивалі өтті. Өнер кеші еліміздің әр өңірінің 5 мектебінен келген 8 өнерпаз, танымал таланттардың басын қосты.
Өңірімізде бұған дейін 3 рет байқау ретінде өтіп, 50-ден астам жыршылар қатысса, биыл ұйымдастыру комитеті мен тұрақты қазылар алқасының ортақ шешімімен фестиваль болып өз жалғасын тапты. Фестивальдің ашылуында облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали келіп, ақ тілегін білдіріп, құттықтады.
Жыршылар екі шығарма орындаса, оның 1-шісі Н.Наушабайұлының шығармасы, 2-шісі өз мектебінің бір әні болуы басты талап болатын. Осы талап сақталып, Нұржан Наушабайұлының «Заман қалпы өсиет», «Мұқидаш-ай», «Ұлағат», «Неше сафл, неше бап», «Төртінші Назым», «Көкен-ай» сынды жыр-термелері орындалды.
Жыл сайын өтіп жүрген бұл іс-шарамызға дәстүрлі түрде келіп қолдау білдіріп жүрген белгілі жырау, ҚР мәдениет қайраткері – Алмасбек Алматов ағамыз келіп, өзінің ыстық лебізін білдірді. Онымен қатар Жетісу мектебінің өкілі Ерболат Шалдыбеков, Ақтөбе қаласынан, батыс аймағының махамдарын насихаттаушы, «Ер Едіге» жыр мектебінің ұстазы Әділбек Сарин, 2019 жылы өткен байқауда жеңімпазы атанған Фархат Жәкіш және 2021 жылғы байқаудың жеңімпазы Мәлика Алдамжарова да арнайы келіп, жыр-термелерін әуелетті. Тобыл-Торғай өңірінен екі өнерпаз шыққан болатын. Оның бірі ардагер жыршы - Монтай Өтепбаев, 2-шісі республикалық термешілер байқауының жүлдегері - Абзал Алпыс.
Жалпы фестивальдің басты мақсаты - Нұржан бабамыздың кемел мазмұнды әндерін, жырларын жаңғырту, келер ұрпаққа аманат ету. Бабамыз нағыз дарын иесі, ұлтына ұран тастаған шайырдың шығармалары, туындылары, діни-ағартушылық бағыттағы өр рухты, терең мазмұнды өлең-жырлары, шын мәнінде, қазақ халқының сарқылмас қазынасы. Осы асыл қазынаны насихат етіп отыру – ұрпақтың айнымас борышы.
Дәстүрлі әнді дәріптеп, халық жаны халық әнін бағалап, бүгінгі рухани кештің сәні болған әр қатысушыны облыс әкімінің орынбасары Ринат Зәкиұлы мен мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Бүркітбайұлы дипломдармен, статуэткалармен және ақшалай сыйлықтармен марапаттады.