Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Өнеріміз саған, Қазақстан!» атты өнер фестивалі жалғасуда. Дәстүрлі доданың үздіктерін анықтау мақсатында ұйымдастырылған байқау Алтынсарин және Қарасу аудандарына да жетті.
06.11.2021
685
0
Aqparaty dostaryńyzben silteme arqyly bólisińiz:
Шығармашылық саласында еңбек етіп жүрген екі өлкенің тұрғындары да фестивальға жоғары деңгейде дайындалғандарын байқатты.
Алтынсарин ауданының мәдениет қызметкерлері өз өнерлерімен көпшіліктің жүрегіне жол таба білді. Оған дәлел- әр орындалған шығармадан кейінгі соғылған көрермен қошеметі. Ән мен жырдан шашу шашылған шарадан көрерменді былай қойғанда, өнерпаздардың өзі ләззат алғандарын айтады.
Аудан өнерпаздары концерттік бағдарлама аясында ән айтып, күй шертумен ғана шектелмеді. Жергілікті мәдениет саласы өкілдері театрландырылған қойылымды сахналады. Қазылар алқасы қатысушылардың бұл ерекшеліктерін де жоғары бағалады.
Қазылар алқасының айтуынша, сахнада өнер көрсеткендердің ішінен ең дарынды дегенді таңдап алу мүмкін емес. Өйткені, орындаушылардың барлығы жоғары марапатқа лайық. Бұл - өнерпаздардың тыңғылықты жүргізген дайындық жұмыстарының нәтижесі.
Кезек бұдан соң Қарасу ауданының көркемөнерпаздарына да жетті. Оркестрден төгілген әуен, түрлі аспаптардың үйлесімді сазды үні көрермендерді де қазылар алқасын да бей-жай қалдырмады. Мәдениет саласын одан әрі дамытуға арналған байқаудың тақырыбы ел егемендігінің 30 жылдығына арналғандықтан, сахна төрінде орындалған туындылардың дені туған жер, туған ел туралы болды.
Қазылар алқасы жергілікті өнерпаздар ұсынған концерттік бағдарламаға жоғары баға берді. Орындаушылар көптің қошеметіне ие болды. Іріктеуден өткен ұжымдар облыстық деңгейде ұйымдастырылатын қорытынды концертке жолдама алды.