Бүгін облыстық халық шығармашылығы орталығы ұжымы бас қосып, Астанада өткен «Рухани қазына — 2025» мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің республикалық фестивалінде «Үздік облыстық мәдени-демалыс кешені» номинациясы бойынша жеңімпаз атанғанын және XXXVII облыстық «Өнеріміз саған, Қазақстан!» гала-концертінің жоғары деңгейде өткенін бас қосумен атап өтті.
Мұның бәрі де ұжымның жеңісі. Еңбек бағаланды, жылдар бойғы тәжірибе мен ізденістің нәтижесі лайықты түрде өз бағасын алды. Бұл жетістіктер — тек биік марапат емес, әрбір қызметкердің кәсіби шеберлігі мен жанашырлығын көрсететін айқын дәлел.
Одан қалды, әріптесіміз Бибігүл Баженова Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Қостанай облыстық мәдениет басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл марапат оның мәдениет саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегінің, шығармашылық табандылығы мен адалдығының нақты көрсеткіші. Әріптесіміздің осындай құрметке ие болуы бүкіл ұжым үшін зор мақтаныш.
Мұндай жетістіктер ұжым мүшелерінің өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігінің нәтижесі. Алдағы уақытта да осы биіктен түспей, өнер мен мәдениетті дамыту жолында аянбай еңбек етіп, жаңа белестерді бағындыратынымызға сенім мол.
Бірлік бар жерде – тірлік бар. Ұжым болып қол жеткізген әрбір табыс – ортақ мерей. Осындай қуанышты сәттер ұжымның ұйымшылдығын арттырып, болашаққа деген сенімді нығайта түсетіні сөзсіз. Алдағы уақытта да шығармашылық қарқынымыз бәсеңдемей, ел мәдениетіне өз үлесімізді қоса берейік!