Ресейде қазақ өнерін паш еткен фестиваль өтті. Оған Қостанай облысынан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Саят Жүсіпов бастаған бір топ делегация мүшелері барып, қатысты.
Челябі облыстық қазақ қоғамдық ұйымының қолдауымен Троицк қаласының мәдениет басқармасы ұйымдастырған «Алтын мұра. Золотое наследие земли Троицкой" іс-шарасы жоғары деңгейде өтті.
Фестиваль ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, қазақ халқының бай мәдениетін насихаттап, достық пен татулықты арқау етті.
Делегация мүшелері Ыбырай Алтынсарин жүріп өткен ізбен жүріп, ағартушы салдырған ғимаратты көріп, мұсылмандар зиратына, мешітке де барып, аруақтарға құран бағыштап, қаланың көрнекті жерлерін аралады. Кешкілік ұйымдастырылған гала-концертте әннен шашу шашылып, Федоров ауданының «Жаркөл» этно-ансамблі бірнеше ән арнап, көрерменнің жүрегіне жол тапты. Троицкіліктер де қазақ өнеріне сусап, қошемет көрсетіп, өнерпаздардың өнеріне тәнті болып, риза болысып жатты. Осындай фестивальді ұйымдастырып, ауқымды өтуіне барын салып жүрген жетекшісі Гүлнәр Нажимова ханымға айтар алғысымыз көп.