#REPOST @qostanai_tany Қостанай қаласына арнайы сапармен ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Күйшілер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асқар Кенжеғалиев келді
Сапар мақсаты – облыс көлемінде ұйымдастырылып отырған "Күмбірле, қоңыр домбыра" атты күй байқауына төрелік ету, сонымен қатар Қостанай облыстық күйшілер одағының жұмысын бағалап, болашақ бағыт-бағдарын айқындау.
Күй байқауының алғашқы кезеңі Сарыкөл ауданында басталды. Салтанатты ашылу жиынында аудан әкімі Марат Шымырбек:
– Бұл топырақтан баһадүр бабалармен бірге шешендер мен өнерпаздар да шыққан. Күйдің үнімен рухты көтерген жұрттың өнері ешқашан өшпейді, – деп қатысушыларға сәттілік тіледі.
Облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Дәмер Қалқаев өз сөзінде:
– Бұл байқаудың Сарыкөлден басталуы тегін емес. Өткен жылғы сайыста осы ауданның өнерпаздары ерекше көзге түсіп, көпшіліктің ықыласына бөленген еді, – деп атап өтті.
Айта кетейік, байқау аясында күйшілер ұлттық өнердің мәртебесін көтеріп, әр аймақтың күйшілік мектебін таныстырады. Ал Асқар Кенжеғалиевтің бұл сапары – өңірдегі күй өнеріне серпін беріп, жас буынға бағыт көрсететін маңызды қадам болмақ.
Сарыкөл ауданы

