Серікбай Оспанұлы
Күй - ғұмыр
(Назымбек Молдахметовті жоқтау)
Бүгін дала,
Қала да неге мұңды,
Сағынды ма, сенің «Ақ желеңіңді?!»
Жарқыл қағып жасындай жүруші едің.
Ән-күйіңмен әлдилеп күллі еліңді.
Не деп кетті ел?!
Бұл әлде түсім бе еді?!
Ізеттісі ең інілерім ішіндегі.
Жаның жалын күй болып ұшты ма екен,
Бағың, жаным, саусағың ұшында еді?!
Көз мұнартып,
Қалды ғой тіл байланып,
Күнім күңгірт тартты ғой–
Түнге айналып.
Жаратылған жан едің саздан, наздан,
Кеттің бе әлде күмбірлі күйге айналып?!
Сен–жақсы іні,
Мен қамқор болдым аға,
Шықтың төрге,
Өр өнер қор қыла ма?!
Әлдилеген жасыңнан әнмен,күймен,
Кеттің бе әлде айналып домбыраға?
Домбыра ғой мейірім,
Алдаспан да!
Шықпайтындай көрінді енді асқарға...
Көктен сонау берілген үн иесі ең,
Сол үн алып кетті ме әлде аспанға?!
Күй мен әні қазақтың шырағы да,
Қыраны да,
Ұраны,
Пырағы да!
Ғарышқа ма?–
Ғайып боп сен кеткелі
Азалы бір күй кеп жүр құлағыма.
Мұңға толған шанағы қарс айрылып,
Үйде қалған домбыраң жылады ма?!
Ағаш қой бұл домбыра– жаның сенің,
Айналдың ба туған жер шынарына?!
Сен өлді деп ешкім де айта алмайды,
Күй алдында қайғы да қайқаңдайды!
Сағынары кәміл ғой халқың аңсап,
Шаңырағың ел барда шайқалмайды.
Жаңаны да,
Жаңғырттың көнені де,
Үміт,
Сенім сыйладың сен еліңе.
Жазғаны ма тағдырдың кетті-ау алып
Кең көсілер келгенде кемеліңе?!
Күй еді ғой күн қонған көңілің де,
Сені іздейді сахна төрі күнде!
«Ақ желеңің» асылын ақтарғанда
Домбыраның жүресің сен үнінде!
Мінәжат қып Аллаға,
Деймін бүгін:
«Иманды етсін халыққа сыйлы құлын».
Домбыраның үні боп
Інім, енді
Жалғасады мәңгіге күй-ғұмырың!