Торғай даласы тума таланттарға бай өлке екені әмбеге аян. Әсіресе ақын-жырауларды көптеп тудырған мекен. Осындай өлең-жырдың қайнаған ортасында өмірге келгендердің бірі - Болат Хамзин. Алайда, ол дүйім жұртқа ақындығымен емес, әсем әндерімен, асқан күйшілігімен танылды. Осылай, Торғай даласы сазгерлерді де өмірге әкеле алатынын дәлелдегендей болды. Болат Хамзаұлы - 1938 жылы 18 мамырда Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, №13 ауылда дүниеге келген. Сазгер мектепте оқып жүргеннен-ақ шебер күйшілігімен танылған. Туған нағашысы Қапақ Амантайұлы сал-сері болған адам. Қапақ сал шертетін «Тәтен қыз», «Кекілік» күйлерін оқушы кезінен-ақ орындап бастаған. Қапақ сал ақ домбырасын жиені Болатқа ғана ұсынады екен. Болат ағамыз мектепте Сейіт Тымпиев жетекшілік еткен оркестрдің Көпжан, Жолдыбай, Төкендермен бірге құрысқан мүшесі болған. Жеке де көсілте күй тартқан. Қапақ салдың «Кекілігін» шебер орындаушылардың бірі болған. Консерваторияда оқып жүріп Құрманғазы оркестрі құрамында Мәскеуде 1957 жылы өткен 1-Бүкілдүниежүзілік жастар мен студенттердің фестиваліне қатысып, лауреат атанды. Жеңістің 40 жылдығына орай өткен Бүкілодақтық көркемөнерпаздар шығармашылығының да лауреаттығын иеленді. Оның дирижерлік қабілетінің жоғары екенін қазақ өнерін әлемге танытқан дара тұлғалардың бірегейі Ахмет Жұбанов сынақ тапсырғанда жоғары бағалап, үлкен үміт күткен көрінеді. Ахметтің алдында абыржымаған студент Болат қара домбыраны бабына келтіріп Темірбек Ахметовтың «Жетім бала» күйін орындағанда: «Мен білсем, мына баланың бойында асқақ шабыт бар, болашақта нағыз сазгерлік қонады екен» депті. Ахмет Жұбанов берген бұл баға көрегендік, тарихи шындыққа айналды. Өкінішке қарай сегіз қырлы-бір сырлы азаматтың өмірі ерте үзілді. Сазгер - ол кезде небәрі 52 жаста еді. Десе де, адамның ел есінде қалуы - оның жасында емес, артына қалдырған игі ісі мен мұрасында екені белгілі. Олай болса, Б.Хамзин бұл екеуінен де кемде емес жан. "Өлді деуге болама, айтыңдаршы? - Өлмейтұғын артында сөз қалдырған" деп Абай ақын айтқан адамдардың бірі - дәл осы Болат Хамзин еді...
Aqparaty dostaryńyzben silteme arqyly bólisińiz:
Aqparaty dostaryńyzben silteme arqyly bólisińiz: