
Торғайдың Топжарғаны атанған Абай атындағы республикалық сыйлықтың лауреаты, ақиық ақын Нұрхан 1936 - 38 жылдары ауданаралық колхоз - совхоз театрында қызмет етіп, өнер қарлығаштарының қанатын қатайтуға, көркемөнерпаздықты дамытуға елеулі еңбек сіңіргендігі баршаға мәлім.
Халық театры құрылғанда алғашқы әртістерінің бірі ақын, жырау, күйші, шежіреші Ахметқан Әбіқаев болды. Шалғайда жатқан елді - мекендер мен қыстақтарда асқақтата ән салып, күмбірлете күй төгетін, шағын сахналық көріністерімен ашық аспан, кең даланы театр сахнасына айналдырып жіберетін өнерпаздарды жұртшылық асыға күткен.
Халық театр репертуарында Б.Майлиннің «Шұға», М.Әуезовтың «Еңлік - Кебек», Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», О.Бодықовтың «Қанжар мен домбыра», Д.Исабековтың «Әпке» т.б. спектакльдері сахналанды.
Театр 1972 жылы М.Әуезотың «Қаракөз» спектаклімен шымылдырығын ашып, халық театры атағын жеңіп алды. Театр коллективіне қазақтың мемлекеттік драма театрының режиссеры Қадір Жетпісбаев жетекшілік жасап Бейімбет Майлиннің « Шұға » спектаклін сахнаға шығарды.
1972 жылы Алматы да өткен халық театрлары байқауында әуесқой әртіс Рысты Ерденова лауреат атанды. 1972 - 1982 жылдар аралығанда халық театрын кәсіби режиссер мамандығының иесі Жақсылық Қожахметов басқарып көптеген спектакльдер жоғары дәрежеде сахналанды.

