Қайран қара нардай тұлға!.. Қазақстан Республикасына Еңбек сіңірген қайраткер, белгілі дәулескер күйші, дарынды дирижер, дара болмысты азамат Назымбек Молдахметов егер жарық жалғанда жарқырап жүргенде бүгін, яғни 1 сәуірде 51 жасқа толар еді. Ыстық ықыласты халқымен туған күнін атап өтіп, қуанышын көпшілікпен бөлісіп, арқа-жарқа болып отырар ма еді. Алайда мұндай ғанибет марғасқа азаматтың маңдайына жазылмапты. Соңында сайрап, өшпес ізі қалған аяулы өнерпаздың жаны жәннат төрінде дамылдасын, Жаратушы қайғысы ортақ қалың жұртының, ағайын-туысының дұға-тілегін қабылдасын дегіміз келеді. Бүгін облыс орталығындағы Жастар сарайында сағат 18.00-де осынау көрнекті қайраткерді еске алуға арналған «Домбырамның назы» атты кеш өтеді.