altynsarin
amangeldy
auliekol
denisov
jangeldin
jitiqara
qamysty
qarabalyq1
qarasu
mailin
mendiqara
miras
naurzum
sarykol
tobyl
uzynkol
fedorov
arqalyq
lisakov
rudny
Bizdiń MindetimizOrtalyq tỳralyQostanaı oblysynyń Halyqtyq (Úlgili) ujymdaryQostanai oblysynyń MÚ saittarySuhbatFoto men beine galereiasy«Shabyt qanatynda» jýrnalyQostanaı obl.metsenattar klýbynyń laýreattaryBiz BAQ-taSuraq-jaýap
QOSTANAI OBLYSYNYŃMÁDENIET ÚILERINIŃAQPARATTYQ PORTALY
Qostanaı oblysy ákimdiginiń mádenıet basqarmasynyń
№1 Qazaqstanda
DK nusqasy
«Мұрындығын түйенің алар ма деп қорқамын…» ақын Сейітжан Бекшентайұлының туғанына 145 жыл
06.12.2020
1281
0
Қыдырбек Қиысханұлы
 
 
 

1995 жылдың күзінде Қамысты ауданының Орқаш жерінде Алаштан жыр оздырған ақын, діни көсем, ұстаз, саяси күрескер Сейітжан Бекшентайұлының 120 жылдық тойы дүркіреп өтті. Үш жүзге сауын айтылған сол жиылыста ауыл шетіне киіз үйлер сап түзеп, ақындар айтысы, ғылыми конференция ұйымдастырылып, ел өткен ғасырда шерменде күн кешіп, шейіт болған тұлғаны есіне алып еді. Бала болсақ та, алыс-жақындағы ауыл-аймақтардың арасында марқұм Жәзит Құдайқұл басшылық ететін Қарабатыр елінен қатысып, қуанышқа зиярат еттік. Науқанды мойнымен көтерген Орқаш елін басқарған марқұм Қазбай Табажановтың еңбегін айрықша атап өткеніміз абзал.
 


Мерейтой қарсаңында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, сол кездегі халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы Ақылбек Шаяхметтің құрастыруымен «Қамыңды, қазақ, ойлай бер» атты боздақтың жеке жинағы жарық көрді. Ал «Қостанай таңы» газетіне ақын, журналист Ғайнижамал Бердалинованың «Халқымен қайта қауышты» атты топтама мақаласы жарық көрді. Үш жылдан кейін Қамысты ауданының орталығында жаңа мешіт бой көтеріп, оған Сейітжан Бекшентайұлы есімі берілді. Талай әулие, батыр, ақын қоныс қылған қасиетті өңірдегі сол басқосудан кейін ширек ғасыр Сейітжан шайырға арналып айтарлықтай шара өткен емес.
 
Енді шайырдың өмірі мен шығармашылығынан аз-кем тарқатар болсақ. Еліміздің күнгей бетінде дүниеге келсе де, Қостанай топырағын мекендеп, осы елде дүниеден озғаны мұрағатта қаттаулы. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қостанай облыстық басқармасының (қазіргі департамент – Қ.Қ.) № 02754 архив материалдарында сақталған ісінде Сейітжан ақынның араб таңбасымен өзі қол қойған өмірбаяндық деректері және берген жауабы тігулі. Онда ақын 1874 жылы (туған-туыстарының айтуына қарағанда, 1875 жылы туған) Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Қызылорда) облысының Қармақшы ауданының үшінші ауылында туғаны, партияда болмағаны, орта шаруадан шыққаны атап көрсетілген.
 
 1937 жылдың 20 желтоқсанында толтырылған анкетада оның әйелінің есімі Айжан, тігінші болып жұмыс істейтіні, ал қызы Зибаның тоғыз жаста екені айтылған. Ақынның тұтқынға алынар алдындағы тұрған жері Жітіқара қаласы (құжатта Жітіқара приискісі деп көрсетілген), №5 учаске, 8 март көшесі, 353-ші үй деп жазылған. Сол тұста «жаптым жала, жақтым күйеге» ұшыраған көп асылдың бірі болып абақтыға қамалған ақын жендеттерге берген жауаптарында да тілін тартпай, өзіне таққан айыпты мойнына алмайды. «Кеңес үкіметіне қастандық ойлаған емеспін, бұрынғы патша заманын жамандап өлең шығарғаным рас», – деп қаймықпай жауап береді, – дейді шайырдың өмірі мен шығармашылығын зерттеуші Ақылбек Шаяхмет.  
 
 Әкесі Бекшентай жастай қаза болған соң Сейітжан бала күнінен ағасы Рахмет, інісі Сәлім ағайынды үшеуі анасы Қазынамен (Қазынатай) бірге нағашы жұртының қонысы – қазіргі Қамысты ауданының Орқаш елді мекеніне қарасты жерлерді мекендеген Кіші жүз Жетірудың Телеу тайпасында тәрбиеленген. 13 жасында аруақ дарып, діни өлеңдер шығара бастаған ол Троицк мешітінің ғұлама имамы Зейнолла ишан басқарған медреседе дәріс алып, Құран-Кәрім негізімен Ислам тарихын суырып-салмалығымен уағыздаған танымал тұлғаға айналады. Орқаш төңірегінде жастарды Ислам діні бағытына оқытқан әрі ақындыққа баулыған.
 
Арманым көп мынау фәни жалғаннан,
Пенде болсаң, құтылмайсың салғаннан,
Дүнияға келіп-кету мақсат па?!
Ердің ісі өнер іздеп, қамданған.
Он үшіңде топқа түсіп сайрадың,
Күркіредің тасқынындай дарияның
Сырың мәшһүр атырапқа, Сейітжан,
Тұнық сөзді толқындатып жайғаның, –
деуі пайымы зор, танымы жоғары, өрісі кең ақынға тән өлең.
 
1928 жылы Кеңес өкіметінің дінге қарсы саясатынан қуғын-сүргін басталатынын сезген Сейітжан Орқаш жерінен қоныс аударып, Сыр бойындағы Қызылорда, Түркістан, өзбек жерлерін мекендеуге мәжбүр болады. Сол сапарында қазақ халқының тәуелсіздігін армандаған саяси білімді азаматтармен кездесіп, «Алаш» партиясының бағдарламасынан хабардар болады. Өзінің өткір ғазал өлеңдерімен қазақ халқын Ислам дінін қолдайтын тәуелсіздікке шақырады.
 
1929 жылы «Қарақұм» көтерілісіне қатысқан. Көтеріліс жеңіліс тауып, көптеген аяулы азаматтарымыз Кеңес өкіметінің қуғынына түсіп, қаза болғаны Сейітжанды қынжылтады. Кеңес өкіметінің аяусыз саясатымен қазақ халқы 1930-1932 жылдары аштықпен қырылғанын өз көзімен көріп, намысы кернеп, жанашырлық өсиетпен сезім білдіреді. Қиялшыл діни Сейітжан өзінің қуғынға алынғанын сезіп, «Қамыңды қазақ  ойлай бер!» деген ұлағатты үндеуімен  мекен-жайын өзгертуге мәжбүр болыпты. «Айналдырған жау алмай қоймайды» – деп Орқаш даласын аңсаған Айжан жұбайын еліне жеткізу мақсатымен 1936 жылы Жітіқара қаласына оралып қоныстанады.
 
Қайраткер жайында құжаттарды жинастырған Садуақас Оспанов 1937 жылы Әмір, Кәкім есімді туыстары бастаған халық ақынға арнап Жітіқара қаласында үй салып бергенін жазады. Бірақ көп ұзамай елдің сүйіктісіне айналған шайыр «халық жауы» деген желеумен ұсталып кете барды. НКВД «үштігінің» айыптау қорытындысында: «Сейітжан ақын бай баласы, Қарақұмда әрекет еткен бандылар қимылына белсене қатысушы, тұтқындалғанға дейін еш жерде жұмыс істемеген, діни ғұрыптарды орындау арқылы күнкөріс жасаған, капиталистік құрылысты дәріптеп, діни насихат жүргізген, Кеңес үкіметіне қарсы өлеңдер шығарып, оны домбыраға қосып, ел ішінде орындаған», – деп айыпталған.
 
Осындай үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын жалған айыпқа сүйенген, бірде-бір куәнің жауабы негізге алынбаған істі қараған «үштік» 1937 жылы 29 желтоқсанда Сейітжан Бекшентайұлын (құжатта Бекчинтаев деп жазылған) халық жауы есебінде он жылға соттайды. Алайда, арада жарты ай да өтпей жатып арсыздар сол құрамда аталған істі қайта қарап, 1938 жылғы 13 ақпандағы шешім бойынша 63 жасар ақынды ату жазасына кеседі. Үкім 1938 жылдың 16 ақпанында орындалған. Шайырдың жерленген жері туралы мәлімет жоқ.
 

Бір ғана мысал, Сейітжан жыраудың:
«Мұхамбеттің үмбетін,
Қинай ма деп қорқамын.
Біз қой болсақ, ол қасқыр,
Шайнай ма деп қорқамын.
Жаңа өспірім жас бала
Патрон, мылтық мойнына,
Сары жез қылыш беліне
Байлай ма деп қорқамын.
Мұрындығын түйенің,
Алар ма деп қорқамын.
Мұсылмандық қазақтан
Қалар ма деп қорқамын.
Бірте-бірте кірмелер,
Жазира жазық жеріме,
Толар ма деп қорқамын,
Ардақты ана тіліміз,
Басқа тіл мен шатысып,
Тозар ма деп қорқамын», –

деп болашаққа болжам жасаған әулиелігі өзіне қарсы қару болғаны анық.
 
Қостанай облыстық прокуратурасының 1990 жылғы 22 тамыздағы шешімі бойынша НКВД «үштігінің» 1937 жылдың желтоқсандағы шешімі заңсыз деп танылып, Сейітжан ақынға ойдан шығарылған негіздер бойынша жала жабылған деген қорытынды жасалып, КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының 1989 жылғы 16 қаңтардағы «30-40 жылдардағы және 50-ші жылдардың басындағы кезеңде орын алған репрессия құрбандары турасындағы әділдікті қалпына келтіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» жарлығының 1-ші  бабына сәйкес ол толық ақталды.
 
Ақын шығармашылығын зерттеу жұмысы 1944 жылдан бастау алып, оған Н.Керейітбаев, Ә.Қоңыратбаев, Қ.Байғұлыұлы, Ә.Наурызбаев, К.Есжанов, М.Сәлменбаев, А.Нұркенов, тағы басқа зерттеушілер атсалысты. Сейітжанның ғазалдарын біздің күнге жеткізген торғайлық Жүсіпбек Салықов, бестөбелік Нағашыбай Мұңбаев, ақынның шәкірті болған жітіқаралық 92 жасында қайтыс болған Бақтылы Қоғабайқызы, ырғыздық Әбдіқапар Омаров, орқаштық Тасмағамбет Сартаев, қармақшылық Шәни Кәрімовтер зеректік қасиетімен жарты ғасырдан артық уақыт естерінде сақтап келіпті.
 
Кезінде Сыр бойынан бастап Ақтөбе, Торғай, Ресейдің бір шеті Троицк қаласынан бастап қазақтың астанасы болған Орынборға дейін ақын жырлары жатқа айтылды, термешілер мен жыршылар домбыраға қосып орындаған. Қарасу (Орқаш), Бестау, Жайылма, Қарабатыр ауылдарының біраз адамы Сейітжанның арқасында хат танығаны да рас. Орқаштың сыртындағы Кіндікті көлінің бойында Қаратөбе деген жерде ақын 1916-1917 жылдары бала оқытқан екен. Тіпті, жеті-сегіз қыз шәкірттері де болған екен. Солардың ішінде Бақтылы Қоғабайқызы аласапыран Ақпан-Қазан төңкерістерінің алдында Сейітжан Бекшентайұлынан діни дәріс алғандардың бірі. «Кеңес өкіметі орнап, оқуымызды жалғастыруға мүмкіндік болмады. Басқа оқу жолына түсуге тура келді» деп жазғаны бар. Бақтылы әжеміз заманында сөз додасына түсіп, әжептәуір суырып-салмалығымен көзге түскен жан.
 
Сейітжан ең алдымен философ, оның үстіне Құранды да, дін мен шариғат туралы қасиетті кітаптарды да үңіліп оқып, имандылық туралы қалам тербеген діндар ақын. Алған бағытынан қайтпаған, құдайсыздардан қорқып, жаздым-жаңылдым деп, өтірік айтпаған. Алла бір, пайғамбар хақ екендігін айтып, көпшілікті Құдайдан ұялуға, харам іске бармауға, кісі ақысын жемеуге, жаманшылық қылмауға үндейді.

«Біреуден біреу өнеді,
Уыстап тұқым шашқандай,
Рақымын көрсең Алланың,
Кілтсіз жұмақ ашқандай.
Қаһарын көрсең Алланың,
Тауларды тауға қосқандай,
Не жандар өтті дүниядан,
Жолбарыс жүрек арыстандай», –

деп тебіреніп, ала қарға-сауысқанға ұқсап шоқақтап ғұмыр сүрмей, баянсыз өмірді мағыналы өткізуге шақырады.
 
Ақынның көп өлеңі «бисімілла-рахман-рахимнан» басталуының да өзіндік мәні бар. Бісімілласыз іс қылмайтын ақын кәлиманың мағынасын да, шариғаттың шарттарын да, имандылық иірімдерін де жыр арқылы түсіндіріп, насихаттайды. Сейітжан ақынның ел ауызында қалған, тауып айтқан, қиыннан қиыстырған суырыпсалма  шумақтары да аз емес.        Шайырдың артында «Халыққа істе қызмет», «Сыр берме, қызыл тілім!», «Көз жұмып бұл дүниеден өткендер көп», «Не қызық, ах, дариға, өтті бастан», «Тарылды заман, тарылды», «Онымда асық ойнадым», «Терме» (Ғұмырың өтті, Сейітжан), «Жігіттік», «Насихат», «Қорық Құдайдан!», «Сайра, сайра, қызыл тіл!», «Қасиет-нама», «Кел, ғазезім, көңілім», «Түсейік жолға адамдық», «Қорқыт», «Марал ишан» (дастаннан үзінді) және бізге жетпеген көптеген өлең-толғау, ғазалдары қалды.
 
Өткен күзде өңірімізге сапарлап келген белгілі жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, фольклортанушы-ғалым Алмасбек Алматовпен әңгіме барысында Сейітжан ақынға қатысты біраз мағлұматқа қанық болдық. Сыр елінде дүниеге келіп, Қостанай жері, соның ішінде Қамысты-Жітіқара атырабында көп жыл ғұмыры өткен тұлға Қызылорда жақта шыққан тегіне қарай «Алтын Сейітжан» атанып кетіпті. Яғни, бұл Кіші жүздің он екі ата Байұлының Алтын руының Айдар тармағынан өрбитіндігімен байланысты. Алмас ағамыз даңғайыр жыраудың өмірінен, жырларынан бізге беймәлім біраз дүниесімен бөлісті сол жолы.
 
«Алтын Сейітжанның шешесі асқан сұлу адам болады. Әкесі ерте өліп кетеді де, шешесі бір баламен қалады. Жас, ажарлы әйел баланы жетілдіру үшін ноғайдың көпесіне тиеді екен. Орынборда тұрады. Кейін Қазаннан ноғайдың тегін жалғап, яғни, ноғайдың ақыны ретінде Сейітжанның атынан кітап шығарып жібереді. Енді біздің іздеп жатқанымыз сол кітап. Сейітжанның ғазалдары көп сонда. Ал қолжазбаларының бәрі біздің қолымызда», – деді Алмас аға.
 
Қазіргі әлемді алаңдатқан аты жаман індеттің беті қайтып, ел есін жиып, жағдай орнына келген кезде зұлмат жылдардың құрбаны болған Сейітжан ақынымыздың 145 жылдық мерейтойы өз деңгейінде аталып өтілсе деген тілегіміз бар. Есімі елімен қауышқан бірегей қайраткердің мол мұрасын дәріптеліп, ғылыми-танымдық басқосулар, ақындар айтысы, жыршылар сайысы ұйымдастырып жатса нұр үстіне нұр болар еді.      
 

 
****************************************************************
 

 Сейітжан ақынның Алмас Алматовтан
жеткен өлең-жырлары.
 
 

Ақын 40 жасында Сейіткәрім деген ұл көреді. Бір жылдан соң Сейіткәрім шетінеп кетеді ғой. Сейітжан сол бойы еркек тұқымсыз өтеді. Сондағы Сейіткәрімді жоқтау деген одасы (жыр жүзден астам шумақтан тұрады, қысқартылып берілген):
 

Торынан ақ сұңқарды ұшырдың,
Шіркейлінің қалыңына түсірдің.
Қалыңынан қанша іздеп таба алмай,
Жылауменен өкпе-бауырым шірідің.
Тал бесікке анаң қалды-ау асылып,
Төр алдында сақаң қалды ау шашылып.
Мен отырмын басыңа келіп аһ ұрып,
Мехрибаным Сейткәрімім әлбадақ (араб тілінен «жалғызым» мағынасында).
Азғана күн қылышымды қайрадым,
Оттай болып отбасымда жайнадың.
Ит-құс та жоқ төгіліп қалды-ау айраным,
Мехрибаным Сейіткәрімім әлбадақ...

 
*****
 
Қостанай төңірегінде Достың Смайылы деген датқа өткен. Бірде ол той жасап, Сейітжанды алдырады ғой. Сәлем бере келген ақынға датқаның ілтипаты дұрыстау болмай қалса керек, сондағы Сейітжанның құтты болсын орнына айтқаны:

Бай болсаң сенбе байлыққа,
Байлығың бір күн жоқ болар.
Батырлыққа һәм сенбе,
Ажалың жалғыз оқ болар.
Байлығынан Қарынбай
Қара жер берген қазасын.
Қара жерге тарттырып,
Мал-мүлкі алған мазасын.
Батырлығы кімнен кем еді,
Шері құда Әлінің.
Құлынан болған қазасы,
Айтамын сөздің саласын.
Сұлулығы кімнен кем еді,
Жақыптың ұлы ол Жүсіп.
Төрт қара құлға сатылған,
Қараңыз баға шамасын.
Мен көппін деп қомпима,
Бір минутта жоқ қылды
Дәуіттің отыз баласын.
Дәуіттің ұлы Сүлеймен
Бір күн тасып той қылды,
Тойғызамын деп шақырып
Жер менен көктің арасын.
Жайғызып қазан толтыртқан
Мұхиттың теңіз даласын.
Мұхиттан шығып бір балық,
Неше миллион болғанмен,
Қазанның жұтқан һәммасын.
Сүлейменге қарады:
«Қарным ашып барады.
Бар ма деп сенің тағы асың.
Үш күннен бері қарным аш
Құдіретім тағам бермеді,
Сүлейменнің тойы бар,
Барсаң деп соған тоярсың.
Бір ұртым да толмай тұр.
Бұрынғыдай болмай тұр.
Бүйте берме Сүлеймен,
Бүйте берсең Сүлеймен,
Падишалықты жоярсың».
Райынан қайтып сол жерде,
Дәуіттің ұлы Сүлеймен
Сәждеге қойған ол басын.
Мысалға алған Сейітжан
Орнатып сөздің пормасын.
Неге айтпаймын сөзімді,
Көңілімде қиял болғансын.
Тасқындап, жүрек тасып тұр,
Датқаның көріп ордасын.
Себеппен сізбен жүздестім,
Талапты құдай оңғарсын.
 

*****
 

Кел, Сейітжан, көңіліңді аш
 
Кел, Сейітжан, көңіліңді аш,
Дүнияға көңілің болсын паш.
Өнеріңді пайда етіп,
Текке жүру жарамас.
Күнде ертең, ертең деп,
Жер-көкке түспей келтеңдеп,
Уақытты өткіздің қу тірлік,
Қорқып қатты құдайдан,
Қайтарып келсе райдан.
Қап боларсың бір күні,
Алпыстан асып кетсе жас.
Қапылдықпенен өткіздім
Басымнан тұман арылмай.
Арқалап жүріп семірттім,
Әзәзіл шайтан залымдай.
Құрсақтан дәнем жан берген,
Жаратқан Аллам – жаббарсың.
Қиямет күні туғанда
Он екі мүшең жау болып,
Сөйлей қалса не дерсің.
А, қызыл тіл, қызыл тіл,
Сөйлер ме едің сол шақта
Ұстамалың ұстап қап,
Қалмасаң еді-ау қалшақтап.
Олай болса Сейітжан-ау,
Тірлікте қалшы алшақтап.
Ораза менен намаз жоқ,
Әкетер сендей сала жоқ,
Шет болып жүрген бір жансың,
Күлгендей жансың ыржақтап.
Тоқта, бәлем, асықпа,
Айналар күнің пасыққа.
Бір ілігерсің қармаққа,
Ақырет деген құр даурық,
Ыржақта, Сейітжан, ыржақта.
 


Қамысты ауданы.
 
Pikirler (0)
Jiberỳ
MÁDENIET ÚILERINIŃ JAŃALYQTARY
bólimge ótý >>
08.05.2024
Қостанай қ. дом культуры
Құрметті Қостанай қаласының тұрғындары! Қала орталығынан Жеңіс күніне арналған мерекелік концерт «Мирас» мемлекеттік мәдениет үйіне көшірілді. Баршаңызды 9 мамыр 18:00-де мерекелік концертте күтеміз
07.05.2024
Қостанай қ. дом культуры
2024 жылғы 07 мамырда Қостанай қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің "Мирас" ҚМС-да Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік концерт өтті. 6697 әскери бөлімінің әскери оркестрінің орындауында қазіргі заманғы әндер мен соғыс жылдарындағы әндер орындалды
06.05.2024
Б. Майлин дом культуры
Отан қорғаушылар күнін Бейімбет Майлин ауданында мерекелік концертпен атап өтті.
04.05.2024
Амангелді дом культуры
СЫР - СҰХБАТ
03.05.2024
Қостанай қ. дом культуры
Бүгін, 2024 жылғы 3 мамырда «Мирас» жас би ансамблі, жетекшісі Екатерина Черкасовамен бірге «Қазақстан Қостанай» телеарнасының студиясына шақырылды
03.05.2024
Қостанай қ. дом культуры
2024 жылғы 02 мамырда Қостанай қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің "Мирас" ҚМС-да бас дирижер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қостанай қаласының Құрметті азаматы Александр Евсюковтың жетекшілігімен Халықаралық джаз күніне арналған "Big Band" эстрадалық-джаз оркестрінің концерттік бағдарламасы өтті
02.05.2024
Қостанай қ. дом культуры
«Мирас» Мәдениет сарайының өмірі
02.05.2024
Амангелді дом культуры
ЖАҢА ӘН ~ ТҰСАУКЕСЕР!
01.05.2024
Қостанай қ. дом культуры
2024 жылғы 01 мамырда Қостанай қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі "Мирас" ҚМС ұжымы Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған концерттік бағдарлама корсетті
01.05.2024
Қостанай қ. дом культуры
«Мирас» қалалық Мәдениет сарайының 1-ші филиалы Қазақстан халқының Бірлігі күніне арналған мерекелік концерт өткізді
01.05.2024
Амангелді дом культуры
1 Мамыр-Қазақстан Халқының Бірлігі күні мерекесіне орайластырылған "Татулықтың туын тік" атты сазды бағдарлама ұйымдастырылды
01.05.2024
Әулиекөл дом культуры
Қазақстан Халқының Бірлігі күніне орай мерекелік концерт болып өтті
30.04.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 30 сәуір күні аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған концерттік бағдарлама мен түрлі тілдегі әндерінің аудандық фестивалі өтті
30.04.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 02 мамыр күні Денисовка ауылының №8 Төтенше жағдайлар және өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері үшін Денисов Мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы отан қорғаушылар күнін мерекелеу аясында мерекелік бағдарлама өткізді!
30.04.2024
Қостанай қ. дом культуры
2024 жылдың 30 сәуірінде Қостанай қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің "Мирас" МДК ұжымы "Достық" әлеуметтік-мәдени орталығымен бірлесіп, Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған концерттік бағдарламамен Дружба ЖББМ-дегі Дружба тұрғын алабына барды. Концерттік бағдарламаға көрермендерге ұнайтын әртістер: Нұржан Жақсан, Дәулет Ақтанов, Еран Сапаров, домбырашы Мұрат Тілеуғабылов қатысты
30.04.2024
Қостанай қ. дом культуры
2024 жылғы 30 сәуірде "Мирас" мәдениет үйінің әртістері: Дәулет Ақтанов, Ерлан Сапаров "Қостанай облысы бойынша ҚАЖД ҚР ІІМ ҚАЖК № 38 мекемесі" РММ-де Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған концерттік бағдарламаға қатысты.
30.04.2024
Б. Майлин дом культуры
Халық бірлігінің шуақты күні.
30.04.2024
Амангелді дом культуры
«Тал егу – игі іс» экологиялық акциясы жалғасуда
30.04.2024
Қостанай қ. дом культуры
Қала орталығында өтетін концерттің тоқтатылуына байланысты, 2024 жылғы 01 мамырда сағат 18:00-де "Мирас" мәдениет үйінде Қазақстан халықтарының бірлігі күніне арналған мерекелік концерттік бағдарлама өтеді. Баршаңызды концертке күтеміз!
27.04.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 27 сәуір күні Аршалы ауылында аудандық мәдениет үйі Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған,  Қостанай облысының әкімімен бекітілген KPI бағдарламасын және Денисов ауданының шекаралас ауылдық округтері мен ауылдарында кешенді іс-шаралар жоспарын іске асыру шеңберінде  мерекелік бағдарламасын өткізді
ÓZGE JAŃALYQTAR
MÁDENIET ÚILERINIŃ JAŃALYQTARY
СЫР - СҰХБАТ
Автор: Амангелді дом культуры
04.05.2024
Ary qaraı
«Мирас» Мәдениет сарайының өмірі
Автор: Қостанай қ. дом культуры
02.05.2024
Ary qaraı
ЖАҢА ӘН ~ ТҰСАУКЕСЕР!
Автор: Амангелді дом культуры
02.05.2024
Ary qaraı
Халық бірлігінің шуақты күні.
Автор: Б. Майлин дом культуры
30.04.2024
Ary qaraı
Baılanys aqparattary:
Qostanaı oblysy ákimdigi mádenıet basqarmasynyń "Oblystyq qórkemónerpazdardyń halyq shyǵarmashylyǵy men kınobeıneqor ortalyǵy" KMQK
Zańdy mekenjaıy:
110000, Qazaqstan Respýblıkasy, Qostanaı q.,
Lermontov kόshesi, 15
Rekvızıtter:
BSN 990340002744
JSK KZ8594807KZT22031664
«Eỳraziialyq bank» AQ
BSK EURIKZKA
Telefony:
+7 (7142) 562-428
+
Сообщение сайта
+
Заказ обратного звонка
ОТПРАВИТЬ
+
Рұқсат
Kirý