Федоров ауданы «Жастар» мәдениет үйінде «Өнерім саған, туған ел!» атты республикалық, xалықаралық байқаулардың жеңімпазы Арғынбек Бейбітxанның шығармашылық концерті өтті.
Кеш «Ерулік» атауымен облыстық форум негізінде дарынды қандастарды қолдау мақсатында Қостанай облыстық халық шығармашылығы орталығы мен Федоров аудандық мәдениет бөлімінің бірлесе отырып ұйымдастыруымен өтті. Еліміз егемендік алғалы шет елге тарыдай шашылған қандастар легі ағылып келіп қана қоймай, саф алтындай сақталған өнер, мәдениетімізді қайта оралтты. Осындай жандардың бірі - Арғынбек Бейбітxан еді. Сол жылдары отбасымен Монғолиядан туған жерге оралып, ел игілігі үшін еңбек етуде.
Кеш барысында қазақ өнерінің ішіндегі шоқтығы биік дәстүрлі ән мен жыр тармағы төгілді. Кеш иесі халық әні «Ақбақай», «Тарбағатай», Үкілі Ыбырайдың әйгілі әні «Гәкку», Ахмет Байтұрсынұлының «Аққұм» әнін нақышына келтіріп орындап берді. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары кешті бір кісідей көтеріп, сәнін келтірді.
Кештің арнайы қонақтары – Арғынбек Бейбітханның ұстазы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Манапбек Кәдіров, дәстүрлі әнші Қыдырбек Қиысхан әннен шашу шашты.
Федоров ауданы әкімінің орынбасары Рамиль Валеев құттықтауын арнап, аудан әкімінің атынан Алғыс хат табыстады. Облыстық халық шығармашылығы орталығының басшысы Дәмер Қалқаев облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың атынан ұлттық өнердің дамуына зор үлес қосып, жеке шығармашылық кешті өткізгені үшін Алғыс хат беріп, иығына шапан жапты.