1 қазан - құрмет пен қамқорлық мерекесі - халықаралық қарттар күні!
"Қарты бар ел - қазынасы бар ел" дейді дана халқымыз. Сондықтан, кейінгі буынға тағылым көрсетіп, бойларына тәлім-тәрбие сіңірген алдыңғы буын өкілдерін құрмет тұту - қастерлі парызымыз.
Ақ сақалды әкелеріміз бен ақ бұрымды аналарымыздың өмір жолындай өнеге жоқ деп ұғамыз.
Өйткені қарттарымыз қашанда ақыл-кеңестің сарқылмас кені, еңбекқорлықтың ерен үлгісі, елжандылықтың жарқын мысалы бола білді.
Олар өскелең буынға ұдайы бейбіт өмірдің, рухани құндылықтардың, адами ізгі қасиеттердің парқына жетуге үндеп отырады.
Әрқайсысы әулетінің мызғымас тірегі ғана емес, ел-жұртының батагөй, ақылшы, тілекшісі екені даусыз шындық.
Қадірменді қарияларымызды мерекелерімен құттықтай отырып, дендеріне саулық, талмас қажыр-қайрат, ұзақ ғұмыр тілейміз!
Ұрпақ алдында аласармас асқар таудай, саялы бәйтеректей болып, есен-аман жүре беріңіздер!
Жүздеріңіздегі уақыт өрнектеген әжімдер тек қана күлкі-қуаныштың ізін көрсетсін! Жаратушы ие әрқайсыңызға ғасыр жасауды нәсіп еткей!