Ұзақ уақыт бойы құдалығы жалғасқан немесе көне құдаларды «Сары сүйек құдалар» дейді.
Айттыру және атастырудың айырмашылығы. Айттыру - отау көтерер жасқа жеткен жігіт қалыңдық іздеп, ұнатқан қызы мақұлдық бергеннен кейін, үлкендердің рұқсатымен айттырады. Ал, атастыру – дос-жар адамдар өз достықтарын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру үшін бірінің жұбайы қыз туса, екіншісінің жұбайы ұл туса атастыратын болған. Егер бала туылмай тұрып, серттесіп атастырылса «бел құда» деп, ал туылғаннан кейін атастырылса «бесік құда» деп атаған.
Қарсы құда болу. Бұл да түрлі жағдайларға байланысты. Қатар ауылда бой жетіп отырған қыздары, ер жетіп ұлдары болса үлкендердің келісімімен бірі қызын қарсы жаққа беріп, оның орнына бір қызды келін етіп алып «қарсы құда болдық» деп атаған. Бұл да үлкендер мен жастардың келісімі бойынша болған.
Ат тергеу. Халқымызда жаңа түскен келіншек күйеуінің туыстарын есімімен атамаған. Аталарына «бай атам», «ататай», әжелерге «ақ әже», «әжетай», «шебер шешей» қайын ағаларын «үлкен аға», «ағатайым», «сері аға», «би жігіт», т.б. деп, әпкелеріне ізет көрсетіп «әпкетай», «сырғалым», т.б. деп, сіңіліге «еркем», «кербезім», «сырласым», «шашбаулым» деп, інілеріне «мырза жігіт», «тентегім», «төрем» деп олардың бедел-дәрежесіне, мінез-құлқын, әдет- қылықтарын ескере отырып ат қоятын болған.
Ата- бабамыз ат қою дәстүрін жастардың отбасында әдептен озбай, бірін-бірі сыйлап, өзара туыстық қарым-қатынасты нығайту, тіпті келін баланы сүйкімділігіне, инабаттылығына қарай бауыр тартып, жатсындырмай, өзгеге сыйлату жолында ойластырылған баға жетпес ізгі дәстүр.
