culture_altynsarin
culture_amangeldy
culture_auliekol
culture_denisov
culture_jangeldin
culture_jitiqara
culture_qamysty
culture_qarabalyq1
culture_qarasu
culture_mailin
culture_mendiqara
culture_miras
culture_naurzum
culture_sarykol
culture_tobyl
culture_uzynkol
culture_fedorov
culture_arqalyq
culture_lisakov
culture_rudny
Bizdiń MindetimizOrtalyq tỳralyQostanaı oblysynyń Halyqtyq (Úlgili) ujymdaryQostanai oblysynyń MÚ saittarySuhbatFoto men beine galereiasy«Shabyt qanatynda» jýrnalyQostanaı obl.metsenattar klýbynyń laýreattaryBiz BAQ-taSuraq-jaýap
QOSTANAI OBLYSYNYŃMÁDENIET ÚILERINIŃAQPARATTYQ PORTALY
Qostanaı oblysy ákimdiginiń mádenıet basqarmasynyń
№1 Qazaqstanda
ЖАЗБА АЙТЫС: Әсет пен Злиха
29.11.2020
1360
0
Теги: Айтыс
Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай өткен "Мен бір жұмбақ адаммын..." республикалық жазба айтысының келесі жұбының өнерін тамашалауға шақырамыз. Бұл жолы Қостанай облысының қос ақыны жыр додасына түседі. Жангелдин ауданының ақыны Злиха Кенжеғозина мен Қамысты ауданының үкілі үміті Әсет Ақылжанның айтысы ереше тартысты өткен сыңайлы. Тәжірибелі Злиха мен 11-сынып оқушысы Әсеттің жекпе-жегіне сіздер қандай баға берер едіңіздер?
 
 

Әсет:
Бісміллә, қызыл тілге бал тұндырсақ,
Қара қазақ, қолдашы, халқым, бір сәт.
Тартысқа қамшы түйіп, жүйрік мініп,
Айтыстың серкесіне талпындым сақ.
Аламанға сұранып келгеннен соң,
Артыңа қарайламай, қарқындым, шап!
Талабымнан бір ағат кетіп жатса,
Қабағыңнан жаумасын салқын бұршақ.
Ахаң мен Дулаттардан қалып кеткен,
Шабытты жөн болмайды алқындырсақ.
Ыбырай туған жерден шығып тұрмыз,
Дәл мұндай бұйырмайды әркімге ынсап.
Амангелді, Кейкілер қорғап кеткен,
Жерде туған мен үшін жарқын бұл шақ.
Біз деген тек биікті ап жатырмыз,
Қор болмай қара жерге әртүрлі ін сап.
Қырандай тұғырына көтерілген,
Торғай елі аман ба алтын құрсақ?

Намысын таптатпаған сары байға,
Бабамның тектілігі, қаны бойда.
Абайдың 175 жылдығында,
Азулы ақындардың жолын ойма.
Шайырдың шығармасы шабыт берді-ау,
Сенімі күш бергендей Ағыбайға.
Қаламының ұшында ән ойнаған,
Ұқсайтын кемдігі жоқ толық айға.
Тентекті қаншалықты жек көргенмен,
Жегідей жеп көрмеген жанын айла.
Ат шаптырып, аламан бәйге қылса,
Қолдан келсе, жүйрікті, қані, байла.
Тәуекел, бой жазайын жазба айтыста,
Жазғаны Жаратқанның дарымай ма?!
Ақындардың сапасы мықты боп тұр,
Жазба айтыстың болғанмен саны майда.
Мұнда бәрі бір-бірін түстеп білер,
Ал Әсетті көбісі танымайды, ә?!
"Атақсызбын" деп бірақ налымаймын,
Керек-ақ өзін түзер бәріне айна.
Дегенмен көкбөрінің сарқыты едім,
Даусы жеткен созбастан қолын айға.
Тұманын да елемей түнегінде,
"Жүрегімде, жастықтың жалыны, ойна"
Абайменен тағдырлас өмір кешкен,
"Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла." 

Аламан бәйге емес пе ат қамшылар?!
Бұл айтыс ақындарға көкпар шығар.
Злиха, амансыз ба, ақын ару?
Шаппа-шапқа табылған жоқтан сыңар.
Күреңі өлеңіңнің бір кісінеп,
Сүбелі айтқан сөзің жатталсын әр.
Сіз жайлы аздап зерттеу жүргізген ем,
Жұбыңыз керек дерек тапқан шығар.
Сахнада қарсылас шақ келтірмей,
Шаяндай тіліменен шаққан шығар.
Торғайға келін болған жеңгем едің,
Злиха қайнысынан сақтансын ал.
Он жыл бойы айтыстан қол үзіп қап,
Ағамыздың қабағын баққан шығар.
Бүгін де "от басында отыр-ау" деп,
Ойлап ем, бірақ бұл қыз топтан шығар.
Бірде Тоба ақынмен айтысып ең,
Байсалды сөздеріңіз батпан шығар.
"Жарымды жаныма алып жүремін" деп,
Айтқаның ел-жұртыңа жаққан шығар.
Күйеуінсіз ешқайда бармайтұғын,
Ақ жеңгем, дода-алаңға аттаншы дәл.
Жазба айтысқа келгенге қарағанда,
Жанарың мен жырыңда от бар шығар.
Теледидар түгілі, қасыңызда,
Телефоннан сығалап отқан шығар.

Ақынның іш дүниесі толы дастан,
Көмейін өлеңі мен әні басқан.
Жеңге, сізді құрметпен аялайын,
Ауылдағы ағамның бағын ашқан.
Жазба айтысың емес қой шықпай жүрген,
Міне, бүгін қадамын тағы басқан.
"Жолы болар жігіттің жеңгесі алдан
Шығып қалып", бақытпен сан ұласқан.
Кім біледі, асармын асуларды,
Домалап өлеңімнің соры бастан.
Кезегін қайныңыздың қабылдаңыз,
Сырыңыздың қыр-сырын танып ашқан.
Сәттілік еріп келсін, серік болсын,
Биіктерге жетіңіз налымастан.
Жолыңыз ашық болсын, аққу жеңгем,
Торғайлық жігіттердің жолын ашқан.

Злиха:
Көңілдің көкке самғап қарлығашы,
Сөз тыңдап, қазағымның кәрілі-жасы.
Абайдай ғұламаның озық ойы,
Биылғы тақырыптың болды басы.
Бай-манапқа ашынып, халықты ойлап,
Соғылған тау мен тасқа сорлы басы.
Әлі де талай ғасыр азық болар,
Ұрпаққа тастап кеткен мол мұрасы.
Батыр мен ақындардың ұрпағымыз,
Қолдан түспес қылыш пен домбырасы.
"Алланың өзі де рас, сөзі де рас", -
Деп, Абай діннің болған мәңгі досы.
Көрермені тақымын қысқан кезде,
Қызының майланушы ед қанжығасы.
Армысың, Жаратқанға бас иген ел, 
Мешітте өтетұғын әр Жұмасы.

Күрмелмей, қызыл тілім, шешіле бер,
Шабытым, шабандоздай көсіле бер.
Құт қонған топырақта туған жандар,
Туып-өскен жерінің төсін емер.
Абайдай дара туған дана ақынның,
Есімін шығарған жоқ есінен ел.
"Қостанай таңы" газеті, айтыс жасап,
Осылай ел мерейін өсіре бер.
Атқамінер ағалар жан салып жүр,
Кенжелеп қалмасын деп есіл өнер.
"Ұлтым" дейтін ұл-қызың өсе берсін,
Кешегі бабалардың көшіне ерер.

Қазылар жұптап қойды-ау жас баламен,
Мен мұндай тосын сыйды тоспаған ем.
Армысың, Әсет дейтін ақын бала,
Сөзімді амандаспай бастамап ем.
Он бірінші сыныптың оқушысы,
Жырына ақындардың қосқан өлең.
ҰБТ-ға дайындалар дер шағыңда,
Айтысқа дайындықты бастаған ең.
Оқуға оңай жолмен түсетіндей,
Ертеңіңе елеңдеп, саспаған ең.
"Оқушы" деп, мен сені аямаймын,
Тоқ бала ойнамайды аш баламен.

Елеріп, өлеңіңді төкпелейсің,
Баптамай жүйрігіңді жекпегейсің.
"Он жыл бойы айтысқа шықпадың" деп,
Мен үшін уайым-қайғы шекпегейсің.
Үйде отырсам, өмірге бала әкелдім,
Сол үшін мені сонша сөкпегейсің.
Күйеуімді тіліңе тиек етіп,
Мат қойдым деп масайрап, кеппегейсің.
"Атақты емеспін" деп, арыз айтып,
Несіне өзгелерге өкпелейсің?
"Пайда ойлама, ар ойла" деген Абай,
Бас пайдаң үшін еңбек етпегейсің.
Алыстан орағытпай айтарыңды,
Айтыстың алаңына беттегейсің.
"Қара жерге әр түрлі ін салам" деп,
Қара тышқан атанып кетпегейсің.

Төгіліп төбемізден көктем нұры,
Белгілі жазғытұры жеткендігі.
Жол тапсын жүрегіне жамағаттың,
Жүректен ақындардың төккен жыры.
Наурызда барлық өкпе ұмыт болар,
Ешкімге сақтамағын өкпеңді ірі.
Сегізінші наурыз қарсаңында,
Құлпырады елімнің еккен гүлі.
Қазағымның қыздары қызыл гүл ғой,
Теңеу қылып алғам жоқ көктен мұны.
Мерекеммен құттықтаудың орынына,
Артық болды-ау ұлыңның сөккен жыры.
"Қарқындым, шап" дегенің ұйқаспайды-ау,
Жөн білмес бала екенің беп-белгілі.

Түсініп сөздерімнің мән-астарын,
Жөн болар ақылыммен санасқаның.
Бала деп аяған соң, арыңды ойлап,
Сенің кейбір сөзіңе жақ ашпадым.
Бірақ та басқа шығам деп ойлама,
Ассаң да ұлы өнердің сан асқарын.
Қамын ойлап тек қана Қамыстының, 
Торғайлық тәтеңменен таласпағын.
Абайдай бар қазақтың баласы бол,
Өлгенше ойлап өткен алаш қамын.

Әсет:
Аяғын тұсаулаған озар ұлдың,
Ақ жеңгем, осы ма елге жазар үлгің?
Білеміз бір қолыңа домбыра ұстап,
Ал енді біреуіне қазан ілдің.
Көктемде қара тас та жібуші еді,
Жылуын сезінбедім ажарыңның.
Иә, рас, Абай елдің қамын жеген,
Істерін әшкерелеп тажалыңның.
Жұмаққа елді үгіттеп, қам жасатқан,
Өртінен аман сақтап тозағыңның.
Шығыстан күн боп шыққан хәкім Абай,
Өрнегін өрнектеген ғазал үннің.
"Болмасам да, отырмын ұқсаймын" деп,
Ол кісі қазақ үшін ғажап үлгім.
Аттың басын айтысқа бұрып едім,
Келместен ел сенімін қаза қылғым.
Қамыстының байланбай қазығына,
Намысын қорғайын деп қазағымның.

Сіз айтқандай болмап ед кем ісімде,
Ағаттық көрінеді желісіңде.
Қайтесіз жіпсіз байлап қайныңызды,
Қолымыз қалып кетпес жең ішінде.
"Оқушы", "бала ғой" деп менсінбейді,
Көктем шығып, келгенде көрісуге.
"Аямайм" деп, біресе "аяймын" деп,
Кереғар пікірің бар өрісіңде.
Табиғаттай құбылған сағат сайын,
Керек кезде тігетін теріс ірге.
"Оқуға оңай жолмен түсетіндей, -
деп сұрайсыз, - тіреп тұр не күшінде?"
"Мен үшін уайым-қайғы шекпе" дейсіз,
Ау, жеңге, алаңдама мен үшін де.
Төл өнердің шеңберін шетке ысырмай,
Келейік енді біз де келісімге.
Абайды тағы тілге тиек етем,
Ден қойған қара өлеңмен, тегіс үнге.
Бас боларлық болмысын байқатқан соң,
Жасынан дараланған көп ішінде.
Кіреуке кимесе де, қылыш ұстап,
Күрмеуін шешкен талай ел ісінде.
Оңай жолын көздемей дау-дамайдың,
Оңтайлы жолын тапқан он үшінде.

Туады тулап толқын-жыр тағы да,
Ақынды жетелейтін шың, тауына.
"Қарқындым" дегенімді ерсі көріп,
Қақалған сөздерімнің қылқанына.
Тұяқты тұлпарыма намыс қылдым,
Шабыстың кіріссін деп бір қамына.
Ежелден жылқымен ел тіл табысқан,
Ат мінгізіп ел қорғар сұлтанына.
"Ер қанаты – ат" деген әлімсақтан,
Қазақтың қастерлеген жұрты ағыла.
Сондықтан оң сөзімді теріс қылып,
Бөгет қойма қайныңның шырқауына.
"Разы емен мінбесем бота тірсек,
Кең сауырлы" шабыттың тұлпарына.

Кесірлі керегіне артық егес,
Одан да сөйлесеңші тартып өңеш.
Айтыс қуып келдің деп айыптама,
Көздегенім жүлде емес, алтын емес.
Айтысты тастай салып дайындалар,
ҰБТ деген дәстүр, салтым емес.
ҰБТ тапсырмай-ақ елбасымыз,
Беріп жүр жалпақ жұртқа жалпы кеңес.
Ел намысын қорғауға шығып тұрмын,
Жырымыз неге жұртқа тарту емес?
Өзіңіз айтып отқан сол ҰБТ,
Ұлы Абайдың тойынан артық емес!

Аюдай егесінен бал сұрардай,
Ақ жеңге, тірлігіңіз таңсық Алла-ай.
ҰБТ-ны айтқаны жақсы болды,
Аттанған түлек едім қарсы қалмай.
Төл өнерге бір уақыт көңіл бөлсем,
Білімнен емес еді жан шығардай.
Дегенмен дайындықсыз жүрген жоқпын,
Телефон, я шпордан балл сұрардай.
Кезінде білім алу ақылы еді,
Жатақтың балаларын тар сынардай.
Ал қазір грант алар мүмкіндік бар,
Күніге түспейді асық алшың ондай.
"Бұл білім – мал аяйтын жол емес" - деп,
Абай сөздің маржанын аршып алды-ай.
"Білім" дейтін су ішіп дариядан,
Көмегіміз ел-жұртқа тамшылардай.
Маңдай термен түсермін, бұйыртса Алла,
Маңыратып қорамнан мал шығармай.

Жазықсызға жазымыш жазбас Аллам,
Қанағатпен көбейер аз қашаннан.
Бүгінгі күн дүрбелең, дауға толы,
Сөзімнен кете қоймас қозғасам мән.
Білеміз батыстағы араб жігіт,
Ойланбаған қадамын тез басардан.
Қытайдың жігіттері бой көтерсе,
Мәселені батыр ел, созбас оғлан.
Дүнгендер шапанымды шешпек болды,
Бірақ артық болған жоқ көз, бас ардан.
Шаңыраққа қарамай шалқайса егер,
Бейбіт күнге адымын аз басар жан.
Әйтеуір қасіреттің алдын алдық,
Ретке келіп қалғандай өзге шаруам.
Дегенмен сауысқандай сақ болайық,
Келесіде ешкім де озбас алдан.
Кешегі аға сұлтандар үлгі болсын,
Жерінде еркін қадам баз баса алман.
Даурыққан ел ішінің дау-дамайдың
Салмағын бір-екі ауыз сөзге салған.
Ел тіреген Құнанбай аз боп тұр ғой,
Тентіреген тентекті тезге салған.

Ақынның сеп болады жырға нәрі,
Бойыңа тарайды өлең жылдам әрі.
"Біз тек қана биікті ап жатырмыз"
Деп едім, сөзімізді бұрмалады.
"Тышқан жылы" тышқанды әңгіме ғып,
Ер мен елдің намысын тырналады.
Көртышқандай өзге ұлттар ін қазып ед,
Қазір олар мінбеден сырғанады.
Өз елінде басынса қазақтарды,
Қабағында өшпестей мұң қалады.
Кешегі көк бөрінің ұрпағы едік,
Ешкім түсіре алмаған шыңнан әлі.
Сондықтан өзіңізді түсірмеңіз,
Бос сөзіңіз сүзбейді кіл дараны.
"Кешегі бабалардың көшіне ерер"
"Ұлтым" дер жан болыңыз шын бағалы.
Көкке қарап ұлыған көк бөріге,
Жер бауырлап кеткені мін болады.

Қатысып іркілместен іріктеуге,
Шайырлар ел көзіне іліккен бе?
Халықаралық әйелдер күнін айтып, 
Жеңгеміз түсті ме екен тұнық терге?!
Дәл уақытын білетін әрбір істің,
Сеніміңді серік қыл білікті ерге.
Қос қолын кеш сермеген Абай атаң,
Сен болсаң ерте сермеп күдіктенбе!
Сегінші наурыз сөз болып па,
Сегіз қырлы, бір сырлы жігіттерге.

Злиха:
Жырларын күте-күте жарқын ұлдың,
Шабытты тежей алмай сан құбылдым.
Сөз таба алмай ойландың күні бойы,
Кешегі ізі де жоқ қарқыныңның.
Қарағым, қырандай боп көкке самға,
Басына қона бермей әр тұғырдың.
Намысқа тырыссаң да, өлең құрап,
Алысқа шаппасыңды жалпы ұғындым.
"Жеңгеңді жеңемін" деп жүргеніңде,
Артында қалып қойма алты қырдың.

Адамды адам етер сана, білім,
Жолыңа бөгет болар жаман ырым.
Байқасам, сен мен жайлы көп зерттепсің,
Алдымды кетпекші боп орап, інім.
Одан да зерттесеңші бар әлемге
Әйгілі алашымның нар, алыбын.
Есіктен кіріп, ентелеп төрге шығып,
Осы жерде байқалды-ау шалалығың.
Ұл он беске келгенде баспын деуші ед,
Әлі де қалмапты ғой балалығың.
Қазақтай қабырғалы халықты ойлап,
Мен де Абай атамдай жаралымын.
Көр-жерді өлең қылып тергеніңше,
Жырласаңшы Абайдың даналығын.

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Бел буып, болашаққа сайлан, жұртым.
Еріккеннің айналмай ермегіне,
Ертеңіңді ертерек ойлан, жұртым.
Ақиқатты аямай айтатұғын,
"Ақын" деген өзіңнің айнаң, жұртым.
Тура жолға жетелеп айтқан сөзім,
Қуанамын тисе егер пайдам бір күн.
Алға бассаң, құлатып, кері тартар,
Мына өмірдің өзі де майдан, жұртым.

Жырлары жас буынның жәдігері,
Қара сөзі - тәрбие, тәлім еді.
Биылғы жыл "Абайдың жылы" болса,
Жас ұрпақ өз тарихын таныр еді.
Ерігіп "Еріктілер жылы" қылдық,
Бітпейді-ау биліктің де әбігері.
Абай – дана һәм хәкім, ұлы ұстаз,
Ұлтымның рухани дәрігері.
Қырық жаста-ақ қартайып, қайғы ойлаған,
Қор болып өтпесін деп қалың елі.
Қандай ақыл айтып жүр жастарыма,
Қазағымның қазіргі кәрілері?

Отырсың ойсыз, мәнсіз теріп өлең,
Құрама жүлде үшін жеңіл өлең.
Әр жыл сайын алашым еске алуда,
Ерлерін елін ойлап еңіреген.
Басы бар, аяғы жоқ жырларыңа,
Қалайша риза болып, тебіренем.
Әр сөзімді аңдисың дұшпанымдай,
Жөн болар ер жігітке кемімеген.
Он үшінде дау шешсе Абай атам,
Сен отырсың дауласып меніменен.

Бас иіп билігіне Тағаланың,
Ауласын Исламның жағаладым.
Ертегісін тыңдасаң әжелердің,
Интернетсіз ашылар саналарың.
Абайды Абай еткен бар ғаламға,
Зере мен Ұлжан сынды аналарым.
Рухани тәрбиенің арқасында,
Рухты болып өскен бабаларым.

Өлеңсіз бұл дүние далбаса еді,
Өнер-білім жастардың жолдасы еді.
Қалтаңда қыруар қаржың болғанменен,
Анасыз бақ-жұлдызың жанбас еді.
Ұлжандай ұлы ананың төсін ембей,
Абай атам данышпан болмас еді.
Анадан туылғансың, қайным, сен де,
Қамайын осылайша торға сені.
Қазақтың аналарын құттықтасаң,
Аузы-басың қисайып қалмас еді.

Әсет:
Өсірген ибалы қыз, тегі мықты ұл,
Өткеннің тәрбиесі төгіліп тұр.
Соның бірі - Абайдың тойы бүгін,
Тапқыр сөзін жеткізген керім ұтқыр.
Жанына серік еткен Құранынан,
Шайтанның лас істері шегініп тұр.
"Асығу – шайтан ісі" деп білетін,
Бойынан тектілігі көрініп тұр.
Жеңгем болса танытып "асығыстық",
"Күн бойы ойландың" - деп желігіп тұр.
Мен де өзіңдей күттім бір тәулік сені,
Дегендей "жігітсің ғой, серілік қыл".
Жылағанға өкірген кез болғандай,
Құлағанға жығылған жолығып тұр.

Жеңгемді құрметтейін Телқарадай,
Беті бірақ отыр ғой бері қарамай.
Жігітті кеудесінен итереді,
Қылықты көрсетпем ем мен баладай.
Топқа салған жігітті "торға" салып,
Торғайдағы сөйлейсің сен данадай.
Бір саты биіктігім болса дағы,
Алдыңда төмен екен ер бағам-ай.
Үнемі үлкендерге қарсы шықпас,
Жүрегі адам едім кең даладай.
Сөзден ұстап отырсам, бұл - айтыс қой,
Құнды өнердің бірі еді ең бағалы-ай.
"Дауласып отырсың, - деп, - меніменен",
Неліктен сөздеріңде сөнген арай?
Құнанбай көтерген соң мінбелерге,
Еліне насихатын берген Абай.
Ұлжан да, Зерелер де тәлім берген,
Жүрсін деп дидарымыз жер қарамай.
Злиха Зерелердей болмай отыр,
Алаш ұлын бастаған енді алалай.
Бұрын жасты сүйреп ед төрге қарай,
Бүгін "жас" деп сүйреуде көрге қарай.

Аламанда өшсе де өкпем мейлі,
Шауып өткен тұлпар еш кектенбейді.
Құттықтасаң "қисайып қалмассың" деп,
Кеудесін жеңгеміздің кек кернейді.
Анадан артық туған ұл, білерсіз,
Бес жаман қашық іске бет бермейді,
Ананың табанынан жұмақ іздер,
"Тозаққа түсермін" деп текке өлмейді.
Айтқандай-ақ болар ед құттықтауға,
Жылы сөзді ешкім де жек көрмейді.
Сіздер үшін барлық күн мейрам еді,
Сондықтан ақ тілектер тектелмейді.
Нәзіктілер жайында көп көргендер,
Көңілі ұлпа қардай "кептер" дейді.
Сол себепті құрметім мәңгі менің,
Бір мезетте өнгермей көктемге ойды.
Анаға деген шексіз сезіміміз,
Бір күндік мерекемен шектелмейді.

Кері айналмас кең жүрек халқым ұлдан,
Сол кезде ешкім қаппас балтырымнан.
"Жеңгемді жеңемін" деп айтқан жоқ ем,
Мәселең қызық екен талқы қылған.
Құлатуға келгем жоқ мен ешкімді,
Еншіңді ала бергін әр тұғырдан.
"Артында алты қырдың қалма" дейді,
Жеңгемнің тарапынан салқын ұрған.
Құлауға да келгем жоқ ниеттеніп,
Болмас сәт аяғыма жар тығылған.
Айтысқа неге келдім сөздерімнің,
Бермесе елге пайда, арты бір мән? 
Сенімін артып отқан Алты Алаштың,
Атағын естіртпесем алты қырдан?!

Қағаз – қалқан, қаламы – ұр тоқпағы,
Шындық сөзбен жалғанды ұнтақтады.
Ұлжан "Абай" қылғалы Ибраһимді,
Биікті аяққа алып, шың таптады.
Исламның көрпесін жылу қылып,
Тектіліктің жастығын шынтақтады.
Өз әкесі алғанмен сын астына,
Ешбір жан тұлғасына мін тақпады.
Шығыс ақындарынан ғибрат алып,
Елге үлесін тигізген сырт ақпары.
Ұлжаннан қалған тұяқ бар ма бүгін,
Абайдай ешкім әлі ұл таппады.
Атасын танымайтын жан көбейіп,
Аталы сөзге бұл күн кім тоқтады?!
Келер буын адасып тура жолдан,
Буының жатыр ме екен сырқап тағы.
Бақсыдай жат қылығы басым болып,
Бет алды шыңғыруда кіл топтары.
Шолақ киім, ол аздай жыртық киген,
Жастарды жаулап алған жын қаққаны.
Намысшыл қазақ қалмай бара жатыр,
Жау келсе ашып берер құр қақпаны.
Құлағына сөз ілмей сырғаны ілсе,
Өз басына өздері мұң тапқаны.
Өткенге кір жұқтырып, жерге тығып,
Одан қалды ертеңге бұлт артқаны.
Жөнге келіп, жөнсізді тезге салып,
Жөн болар баба үмітін жұрт ақтауы.
Төзгенің жарамайды үнсіз қалып,
Өзгенің бізге жұқса сырқаттары.
Шығысты үлгі қылған Ұлы Абайдың,
Батысты пір тұтып жүр ұрпақтары.

Ерлерін ұлықтаған өр ел екен,
Ерін ұмытпаған ел өрелі екен.
Есті сөзге ел құлақ түрер болса,
Есіріп сөз айтайын неге бөтен?
Ескі салтын есінен шығармаған,
Жеңгеміз елге нұрын төге ме екен?
Жанжалдасып қайтеміз бостан-боста,
Демесін деңгейіміз "төмен" екен.
"Абай сынды жаралы" болсаң егер,
Десеңші ел жағдайын "өре кетем".
Жастарды көріп жүрсіз бағыты жоқ,
Насихатың соларға көмек екен.
Тебіреніп сол жайлы ой қозғарсың,
Еміреніп келгенің бөлек екен.
Тентегін төре қылған заман жайлы,
Тентексайдың тумасы не дер екен?

Злиха:
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Теру үшін қазақтың кем-кемісін.
Қазақ елі ежелден жырдан тапқан,
Жүрекке шипа болар ем, дәрісін.
Абайлар ақы алмаған ақылына,
Қазаққа бар ғұмырын бергені үшін.
Ал, қазіргі ақындар асығуда,
Атақ алып елге еткен еңбегі үшін.
Мен сенің сөздеріңе селт еткем жоқ,
Өнеріңе үмітім сөнгені үшін.
Шамыңа тиіп едім шыр-пыр болдың, 
Арадай аралаған шөлмек ішін.
Жеңіл өлең құрама деп ем кеше,
Злиханы жарыста жеңбек үшін.
Өз сөзіңе масайрап отырсаң да,
Абай атам қынжылар сендер үшін.

"Алла" деп, басқаннан соң төрге қадам,
Өнеріммен өрмелеп өрге барам.
Мен саған тілек айтсам деп отыр ем,
Ақын бол деп аузына ел қараған.
Бөтен сөзбен былғамай сөз арасын,
Кеңпейіл бол нәр алған кең даладан.
Су түбінен сүзгейсің сөз маржанын,
Ағалар жасағанда елге аламан.
Ал, сенің өлеңдерің мүлдем жансыз,
Су іздеп жүрген жандай шөл даладан.
"Ана ғой" деп кішірейе салсаң қайтед,
Туғанбыз мен де анадан, сен де анадан.

Жас ұрпақ, Абайды оқы жалықпастан,
Жырлары жас ұрпаққа жарық шашқан,
Марғасқа Мұқтар менен қарт Шәкәрім,
Абайдың ақылымен қалыптасқан.
Осындай тектілердің ұрпағымыз,
Өмірде ақырын жүріп, анық басқан.
"Абай жолы" кітабын оқысаңдар,
Секілді қазақ жайлы толық дастан.
Абайдың бар қайғысы – ел ертеңі,
Сондықтан, мұң кетпеген ғаріп бастан.
Қазағымның таптатпай өр намысын,
Жауға қарсы шығыңдар қорықпастан.

Тірліктің ысырып тастап күресінін,
Бағалап бұл өмірдің біле сырын.
Өлді деуге бола ма бабамыздың,
Өзі өлсе де өлмеген тірі есімін?
Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Қақпайды ұлы өнердің кім есігін.
Жиырма бірінші ғасырда жаңғыруда,
Нар бабам, шыншыл бейнең, шын есімің.
Осылай отызыншы ғасырда да, 
Ұрпақтар ұлықтасын ұлы есімін.

Қош айтып осыменен жайдары ұлға,
Жеткізіп жырларымның байламын да.
Ел іші кеніші ғой ұлы өнердің, 
Қазағым ежелден-ақ бай дарынға.
Оқырманға қызықты болса екен деп,
Көрсеттік ақындардың майданын да.
Қыздарың арнайды әлі әсем жырын,
Өтіп жатса екінші айналымға.

Әсет:
Ер бола ма ерлерің ерге мінбес?
Ел сенген ері ез болған ел көрінбес.
"Өнеріңе үмітім өшті"- дейді,
Жарамас дәл былайша сөнгенің бос.
"Жастарға сенемін"-деп айтып кеткен,
Болсаңызшы кешегі елмен үндес.
Абай атам біз үшін қынжылар деп,
Зілдей салмақ көрмедім тергеуіңде еш.
Ақындар иіс алмас болса егер де,
Өлеңге көмейінен сөл бөлінбес.
Көкірек көздері ояу жастарының,
Жалынын жанымдағы жеңге білмес.
Біз үшін жерге кіріп, жан берсе де,
Ешқашан ұялғаннан жерге кірмес.

Көбеймей жеңгеміздің қайғысы, мұң,
Қалай берсін өлеңнің бай мүсінін.
Жеңгеміз дүлдүлдердің бірі екен ғой,
Қара өлеңнің тіктірген майлы ішігін.
Өзіңіздей салмақты жеңгесі бар,
Мендей бағы бар екен қай кісінің?!
Шабыты шалқар болсын дегенім ғой,
Сөздерін ұғынарсыз сай кішінің.
Мақсатым өзіңізді даттау емес,
Мен емес ем табаннан тайғыш ұлың.
Ағамыздың абыройын көтергендей,
Бір әзілін көтерер қайнысының.
Тобынан оза алмай жүр күрең дара,
Заманының шабаны кілең дана.
Бойында Құлагердің шабысы бар,
Жеңгеміз топқа кірді-ау жүгенді ала.
Көктемдей жаныңызды ерітейін,
Кектенбей, өзіңізге тіреу бола.
Ал, жеңге, мерекеңіз құтты болсын!
Менікі тілеуіңді тілеу ғана.
Маңдайыңыз сор емес, баққа толып,
Бас бармақпен берсінші бұл ел баға.
Қыр гүліндей құлпырып, жүз жасаңыз,
Жұпарыңа масайрап түгел дала.
Жанашырың атанар сансыз болсын,
Анасының қадірін білер бала.
Соларды Зередейін зерделі қып,
Болыңыз бір үйге емес, бір елге ана.
Абай сынды тәрбиелеп жас ұрпақты,
Алға қарай басыңыз ұлы ел бола.
Баласын тастамайтын ана болса,
Анасын тастаматын бала болса,
Шаңырағын қазағым тігер дара.
Ананың баласы көп болғанменен,
Баланың анасы тек біреу ғана.

Көлемді өлеңіне сай көрігі,
Біздердей қайнысына бай көңілі.
Тіс қаққан ақындарды артқа тастап,
Алдынан тосып алар бәйгені ірі.
Ақ жеңге, сіз дегенде жыр туындап,
Тілекпен толығады ой бөлігі.
Еліңді риза қылсаң, өзіңізге
Қазақтың жете алады қай келіні?!
Ұлтыңның саны артып сіз арқылы,
Жұртыңның жиілесін той көруі.
Айтыста дауысыңыз жарқын болсын,
Өзгелердің шыққанмен жаймен үні.
Ағамның жас күндегі Тоқжаны,
Ағамның бес күндегі Әйгерімі.

Қайтемін үзеңгімді бүгін шіреп,
Майлы өлеңнің қаптаған түбін сүрі ет.
Арқалы қазақ елім, аман болшы,
Бастарыңда бақ тұрсын күлімсіреп.
Алла жазса, тағы да көрісерміз,
Менің ыстық жырыма жылыншы кеп.
Бірінші айналымнан қумассыздар,
Қатысып отырғанда бірінші рет.

Pikirler (0)
Jiberỳ
MÁDENIET ÚILERINIŃ JAŃALYQTARY
bólimge ótý >>
26.03.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 24 наурыз күні "Автомобилист" спорт кешенінде жаттықтырушылар Б. К. Дибиров пен Б. Г. Игисеновты еске алуға арналған еркін күрестен турнир өтті.
26.03.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 23 наурыз күні аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері сенбілікке шықты
25.03.2024
Қостанай қ. дом культуры
22.03.2024 ж. «Мирас» мәдение сарайының әртістері мен балалар шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасы
24.03.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 21 наурыз күні Денисов ауылының орталық алаңында «Батыр жылы» атағы үшін 4,5,6 тур «БАТЫР ШОУ» байқауы өтті
24.03.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 20 наурыз күні аудандық мәдениет Үйінің көрермендер залында "БАТЫР ШОУ" байқауы 1,2,3 тур өтті
23.03.2024
Қостанай қ. дом культуры
22.03.2024 ж. «Золотой фазан» демалыс орталығында «Мирас» мәдениет сарайының әртістерірының концерттік бағдарламасы
22.03.2024
Қостанай қ. дом культуры
Бүгін, 22 наурыз күні облыс әкімдігінің алаңында Наурыз мейрамына орай "Қош келдің, Әз Наурыз"атты театрландырылған бағдарлама өткізілді
22.03.2024
Б. Майлин дом культуры
Бейімбет Майлин аудан орталығында көктем мен жаңару мерекесі - Наурыз мейрамы аталып өтті.
22.03.2024
Әулиекөл дом культуры
Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамы
21.03.2024
Қостанай қ. дом культуры
Бүгін, 21 наурыз күні, «Мирас» ҚМС 1 филиалының қызметкерлері мен халық шығармашылық ұжымдары «Аэропорт» ША «Керуен» алабында бірлесіп «Наурыз –достық» мерекесі» атты мерекерік концерттік бағдарлама өткізді. Концерттік бағдармаға «Наз» және «Кружева» вокалдық тобы қатысты, жеке әншілер және «Арулар» би тобы қатысты.
21.03.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 21 наурыз күні Денисов ауылының орталық алаңында «Наурыз тойы мереке, салт-дәстүрім береке» атты мерекелік концерттік бағдарлама өткізілді
20.03.2024
Қостанай қ. дом культуры
Бүгін, 20 наурыз күні Kostanay plaza" СОО-да "Мирас" ҚМС және медицина қызметкерлері мен бірге Наурыз мейрамына орай мерекелік іс- шара өткізілді
20.03.2024
Әулиекөл дом культуры
Біздің ауыл тұрғындары атты музыкалық қойылым өтті
20.03.2024
Қостанай қ. дом культуры
19 наурыз. «Kostanay plaza» СОО-да "Наурыз көктем – Қостанай» атты концерттік бағдарламасын "Мирас" ҚМС қызметкерлері "Big band" эстрадалық – джаз оркестрінің және "Мирас" қалалық мәдениет сарайының "Мирас" фольклорлық - этнографиялық ансамблі солистерінің қатысуымен өткізді.
19.03.2024
Б. Майлин дом культуры
Наурыз мейрамына саяхат
19.03.2024
Қостанай қ. дом культуры
19 наурыз күні «MART» СОО-да "Қош келдіңіз, төрлет, Наурыз" атты концерттік бағдарламасы өткізілді
18.03.2024
Б. Майлин дом культуры
Тағы да Жеңіс! Тағы да "Diamonds"!
18.03.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 16 наурыз күні Некрасовка ауылының тұрғындары үшін «Наурызама» мерекесі аясында "Мәдениет және ұлттық салт – дәстүр күні» атты мерекелік бағдарлама өтті
18.03.2024
Денисов дом культуры
18.03.2024 Работники культуры Денисовского района поздравили казахстанцев с Днем национальной одежды в рамках празднования Наурызнама
17.03.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 16 наурыз күні Денисовка станциясының тұрғындары үшін «Наурызама» мерекесі аясында "Мәдениет және ұлттық салт – дәстүр күні"атты мерекелік бағдарлама өтті
ÓZGE JAŃALYQTAR
MÁDENIET ÚILERINIŃ JAŃALYQTARY
Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамы
Автор: Әулиекөл дом культуры
22.03.2024
Ary qaraı
Наурыз мейрамына саяхат
Автор: Б. Майлин дом культуры
19.03.2024
Ary qaraı
Тағы да Жеңіс! Тағы да "Diamonds"!
Автор: Б. Майлин дом культуры
18.03.2024
Ary qaraı
Baılanys aqparattary:
Qostanaı oblysy ákimdigi mádenıet basqarmasynyń "Oblystyq qórkemónerpazdardyń halyq shyǵarmashylyǵy men kınobeıneqor ortalyǵy" KMQK
Zańdy mekenjaıy:
110000, Qazaqstan Respýblıkasy, Qostanaı q.,
Lermontov kόshesi, 15
Rekvızıtter:
BSN 990340002744
JSK KZ8594807KZT22031664
«Eỳraziialyq bank» AQ
BSK EURIKZKA
Telefony:
+7 (7142) 562-428
+
Сообщение сайта
+
Заказ обратного звонка
ОТПРАВИТЬ
+
Рұқсат
Kirý